Жануарлар • 12 Шілде, 2024

Шырышты ұлудың зияны

404 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Испан жалаңаш шырышты ұлуы – сабақша көзді ұлулар отрядының (Stylommatophora) Арионид (Arionidae) тұқымдасына жататын инвазив жануар түрі. Бұл зиянкес түр өткен ғасырдың ортасында Англия жеріне кіріп, басқа Еуропа елдеріне 50 жыл ішінде түгел жайылып үлгерген. Бірақ генетикалық зерттеулер нәтижесі әуелгі пайда болған аймағын Франция немесе Батыс Германия деп көрсеткен.

Шырышты ұлудың  зияны

Мұның ең қауіпті тұсы шөпқоректігінде. Орман ағаштары жапырағын ке­міріп, қоректеніп, жергілікті өсімдіктер популяциясына елеулі нұқсан келтіреді. Сол себепті Еуропада ең қауіпті инвазив түрлер тізіміне енген. Ал Қазақстан топырағында алғаш рет 2020 жылы кездескен.

Морфологиялық сипаттамасына келсек, испан шырышты ұлуының денесі білек тәрізді жұмыр, денесін соз­ған кезде ұзындығы 20-70 мм-ге дейін жетеді. Аяқтарының дәл үстінде құй­рық шұңқыры болады. Тыныс тесігі мантияның оң жақ жиегінің алдыңғы бөлімінде орналасқан, рудиментті қауашақ болмайды. Жақтары қырсыз болады. Бұл түрлер табиғи жағдайда жергілікті ұлуларға залалын тигізеді. Себебі жергілікті жануарларды ығыс­тырып, солардың орнын жайлайды.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 2020 жылдың жаз айында испан шырышының пайда болғаны туралы дабыл түсе бастаған. Алғашында тек «Медеу» өңірлік табиғи паркі аумағында кездескен бұл зиянкес Іле-Алатау паркінің Кеңсай, Көкжайлау сайларындағы жол бойында көптеп кездескен. Біздің таудың ылғал климаты да испан шырышына қолайлы орта жасап отыр. Биыл да тау беткейлеріндегі өсімдік жамылғысы испан шырышының шабуылына ұшырап жатыр. Әсіресе көктемнің жаңбырлы айларында саны ерекше көбейіп, үрей туғызды. Теңіз деңгейінен 1 000-1 200 метр биікте көп кездессе, одан биіктеген сайын саны азая түседі.

Испан шырышы әкелетін қатерлерге тоқталсақ, бұл түр, ең алдымен, зардап шеккен экожүйелердегі биоәртүрліліктің төмендеуіне ықпал етеді. Бұған қоса кейбір өсімдік түрлерін ығыстырып, орман қауымдары құрамының өзгеруіне әкеледі. Сондай-ақ саңырауқұлақтарды да қорек етіп, ағаш саулығы үшін маңызды микоризалық қа­рым-қатынастарға кері әсер етуі мүмкін.

Ал енді бұл инвазив түрдің көз ілестірмес жылдамдықпен әлем елдеріне жайылып бара жатқанына не себеп деген заңды сұрақ туындайды. Көп се­бептерінің бірі – испан шырышының табиғи жауларының азаюы немесе жетіс­пеуі. Табиғи жауларына испан шы­рышын қорек ететін қосмекенділер мен кесіртке, жылан сияқты бауырымен жорғалаушылар жатады. Сондай-ақ кірпі мен қара сайрақ деп аталатын құс түрі де шырышты ұлуды қорек ететіні жазылған. Бұлар азайса, демек шырышты ұлудың бақылаусыз өркендеуіне жағдай туады. Оны жоюға биологиялық тәсілді қолдану керек. Табиғи түрде жою мүмкін емес.

Қорыта айтсақ, испан шырышты ұлуы өсімдіктер мен орман экожүйелеріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Ашкөз тәбеті, тез таралуы және табиғи жаула­рының жетіспеуі оның таралуын қиындатады. Алдағы уақытта испан шырышты ұлуының теріс әсерін азайтуда, биологиялық әртүрлілікті сақтауда оның популяциясын бақылаудың, үнемі мониторинг жүргізудің маңызы зор.

Калима ТҰРСЫНБАЙ,
Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері