Спорт • 11 Қараша, 2022

Черногорияны сүріндірді

152 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Футзалдан 2024 жылы өтетін әлем чемпионатының негізгі іріктеу кезеңіне қатысып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасы қатарынан үшінші матчта жеңіске жетті. Бесінші топта өнер көрсетіп жатқан жерлестеріміз бұл жолы Черногорияны ірі есеппен тізе бүктірді.

Черногорияны сүріндірді

ФИФА рейтингінде төртінші орында тұрған Қазақстан құра­ма­сының футзалшылары осыдан бір ай бұрын ғана Черно­гориямен шеберлік байқасып, Подгорицадағы Verde Complex спорт кешенінде өткен матчта алаң иелерін 5:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Сол ойында жер­лестерімізден Лео, Эдсон, Аль­берт Ақбалықов, Тайнан және Арнольд Кнауб бір-бір мәртеден мергендігімен көзге түскен еді.

Араға ай салып, екі елдің фут­залшылары Алматыдағы Ба­луан Шолақ атындағы спорт сарайында қайта кездесті. Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов бас­таған Қазақстан құрамасының жігіт­тер қарымта матчта қарсы­ластары қақпасына жауапсыз жеті гол соғып, екінші мәрте Чер­но­горияның тас-талқанын шығарды.

Бір қуанарлығы, Подго­ри­цадағы бәсекеде Қазақстан құра­масы Черногорияны қазақы­ланған легионерлердің көмегімен жеңген болса, өз еліміздегі бәсекеде алаңға түгелдей қазақ жігіттері шығып, қарсыластарды әбден тығырыққа тіреп, матч соңында ірі есеппен басым түсті. Бұл кездесуде легионерлерден тек Дуглас қана алаңға шықты.

Ал өзге легионерлер жара­қаттарына және басқа да себеп­терге байланысты ұлттық құра­маның бұл жолғы ойынына ша­қыр­тылған жоқ. Мәселен, тек «Қайраттың» ғана емес, ұлттық құраманың да беделді ойыншылары саналатын қақпашы Игита мен алаңдағы ойыншылары Эдсон және Дәурен Нұрғожин жарақаттарына байланысты бұл матчқа қатыса алған жоқ. Лео мен Тайнанның құрамаға не үшін шақырылмағанын бас жаттықтырушы Кака былай тү­сіндірді: «Леоға келер болсақ, ол Бразилиядан Қазақстанға ұшып келемін дегенше ойын уақыты өтіп кетеді. Сондықтан оны асық­тырған жоқпыз. Тайнанның да өз чемпионатындағы ойыны бар (ол қазіргі таңда Испанияның «Эль-Посо» клубының намысын қорғайды – Ә.Б.). Оның да Қазақ­станға жетуі ұзақ жолды қажет етеді. Тіпті Тайнан Қазақстанға келген күннің өзінде де тек ойын күні жетеді. Сол себепті оның да құрамаға келгенін қажет емес деп шештік. Осы кездесуде алаңға шығатын басқа да жас ойыншылар бар. Барлығы өз мүмкіндігін күтетіні анық».

Кака ол футзалшылардың орнына «Қайраттан» Нарун Се­рі­ковті, «Аяттан» Әбдірасул Әб­ді­манапұлын, «Каспийден» Райымбек Жұманы, «Рахметтен» Нұрабек Қабылбаевты, сондай-ақ Ақтөбе футболының түлегі, биылғы чемпионаттың үздік сұрмергені Ринат Төреғазинді ұлттық құрамаға шақыртты. Бұл ойыншылар бұған дейін де әр­түрлі кездесулерде ұлттық құра­маның жейдесін киген болатын. Ал 17 жастағы Батырхан Кен­жеғали («Ақтөбе») алғаш рет негізгі құрамаға шақырту алғанын айта кетейік.

Сөйтіп, тек қана қазақстандық футзалшылар ойнаған матчта жерлестеріміз кездесудің есебін жылдам ашты. Матчтың небәрі екінші минутында осы ойындағы жалғыз легионер – Дуглас көзге түсіп, кездесудегі голдар шоуын бастап берді. Арада бір минут өткенде жас ойыншы Әбдірасул Әбдіманапұлы есепті еселеп, ұлттық құрамадағы алғашқы голын соқты. Бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда Арнольд Кнауб мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Үзілістен кейін де Рикардо Кака шәкірттері жылдам гол соғып, Балуан Шолақ спорт ке­шеніне жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. 25-минутта Альберт Ақбалықов нысананы дәл көздесе, төрт минуттан кейін Еуро-2022 додасының үздік сұрмергені Біржан Оразов 12 секунд ішінде қарсыластарының қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, жылдам соғылған дубльдің авторы атанды. Кейіннен матч біраз саябырсып қалғандай болды. Дегенмен, 39-минутта шабуылшы Азат Валиуллин ұлттық құраманың жетінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды – 7:0.

Осылайша, іріктеу кезеңінде қатарынан үшінші ойында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы тоғыз ұпаймен өз тобында жеке-дара көш бастады. Кейінгі орынға үш ұпайы бар Словения жайғасса, бірде-бір ұпайы жоқ Черногория соңғы орында қалып қойды. Жерлестеріміз іріктеудегі келесі кездесуін 2023 жылдың 8 наурызында сырт алаңда Словениямен өткізеді. Егер, Қазақстан құрама­сы осы ойында кем дегенде тең нә­ти­жеге қол жеткізетін болса, онда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады.

Еуропа футбол қауымдас­тықтары одағының (УЕФА) ере­жесі бойынша, Кәрі құрлық­тағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Қазір екінші іріктеу кезеңінің ойындары өтіп жатыр. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша, әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алған төрт үздік команда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады. Сөйтіп, іріктеудің эли­талы кезеңіне 20 құрама қа­тысып, олар төрт-төрттен бес топ­қа бөлініп ойнайды. Әр топта же­ңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына тікелей жолдама жеңіп алса, екінші орын алған құрамалар бір-бірімен ойнап, қосымша тағы екі жолдамаға таласатын болады.