ФИФА рейтингінде төртінші орында тұрған Қазақстан құрамасының футзалшылары осыдан бір ай бұрын ғана Черногориямен шеберлік байқасып, Подгорицадағы Verde Complex спорт кешенінде өткен матчта алаң иелерін 5:1 есебімен тізе бүктірген болатын. Сол ойында жерлестерімізден Лео, Эдсон, Альберт Ақбалықов, Тайнан және Арнольд Кнауб бір-бір мәртеден мергендігімен көзге түскен еді.
Араға ай салып, екі елдің футзалшылары Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында қайта кездесті. Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов бастаған Қазақстан құрамасының жігіттер қарымта матчта қарсыластары қақпасына жауапсыз жеті гол соғып, екінші мәрте Черногорияның тас-талқанын шығарды.
Бір қуанарлығы, Подгорицадағы бәсекеде Қазақстан құрамасы Черногорияны қазақыланған легионерлердің көмегімен жеңген болса, өз еліміздегі бәсекеде алаңға түгелдей қазақ жігіттері шығып, қарсыластарды әбден тығырыққа тіреп, матч соңында ірі есеппен басым түсті. Бұл кездесуде легионерлерден тек Дуглас қана алаңға шықты.
Ал өзге легионерлер жарақаттарына және басқа да себептерге байланысты ұлттық құраманың бұл жолғы ойынына шақыртылған жоқ. Мәселен, тек «Қайраттың» ғана емес, ұлттық құраманың да беделді ойыншылары саналатын қақпашы Игита мен алаңдағы ойыншылары Эдсон және Дәурен Нұрғожин жарақаттарына байланысты бұл матчқа қатыса алған жоқ. Лео мен Тайнанның құрамаға не үшін шақырылмағанын бас жаттықтырушы Кака былай түсіндірді: «Леоға келер болсақ, ол Бразилиядан Қазақстанға ұшып келемін дегенше ойын уақыты өтіп кетеді. Сондықтан оны асықтырған жоқпыз. Тайнанның да өз чемпионатындағы ойыны бар (ол қазіргі таңда Испанияның «Эль-Посо» клубының намысын қорғайды – Ә.Б.). Оның да Қазақстанға жетуі ұзақ жолды қажет етеді. Тіпті Тайнан Қазақстанға келген күннің өзінде де тек ойын күні жетеді. Сол себепті оның да құрамаға келгенін қажет емес деп шештік. Осы кездесуде алаңға шығатын басқа да жас ойыншылар бар. Барлығы өз мүмкіндігін күтетіні анық».
Кака ол футзалшылардың орнына «Қайраттан» Нарун Серіковті, «Аяттан» Әбдірасул Әбдіманапұлын, «Каспийден» Райымбек Жұманы, «Рахметтен» Нұрабек Қабылбаевты, сондай-ақ Ақтөбе футболының түлегі, биылғы чемпионаттың үздік сұрмергені Ринат Төреғазинді ұлттық құрамаға шақыртты. Бұл ойыншылар бұған дейін де әртүрлі кездесулерде ұлттық құраманың жейдесін киген болатын. Ал 17 жастағы Батырхан Кенжеғали («Ақтөбе») алғаш рет негізгі құрамаға шақырту алғанын айта кетейік.
Сөйтіп, тек қана қазақстандық футзалшылар ойнаған матчта жерлестеріміз кездесудің есебін жылдам ашты. Матчтың небәрі екінші минутында осы ойындағы жалғыз легионер – Дуглас көзге түсіп, кездесудегі голдар шоуын бастап берді. Арада бір минут өткенде жас ойыншы Әбдірасул Әбдіманапұлы есепті еселеп, ұлттық құрамадағы алғашқы голын соқты. Бірінші таймның аяқталуына бес минут қалғанда Арнольд Кнауб мергендік танытып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Үзілістен кейін де Рикардо Кака шәкірттері жылдам гол соғып, Балуан Шолақ спорт кешеніне жиналған жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. 25-минутта Альберт Ақбалықов нысананы дәл көздесе, төрт минуттан кейін Еуро-2022 додасының үздік сұрмергені Біржан Оразов 12 секунд ішінде қарсыластарының қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, жылдам соғылған дубльдің авторы атанды. Кейіннен матч біраз саябырсып қалғандай болды. Дегенмен, 39-минутта шабуылшы Азат Валиуллин ұлттық құраманың жетінші голын соғып, матчтың нүктесін қойды – 7:0.
Осылайша, іріктеу кезеңінде қатарынан үшінші ойында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы тоғыз ұпаймен өз тобында жеке-дара көш бастады. Кейінгі орынға үш ұпайы бар Словения жайғасса, бірде-бір ұпайы жоқ Черногория соңғы орында қалып қойды. Жерлестеріміз іріктеудегі келесі кездесуін 2023 жылдың 8 наурызында сырт алаңда Словениямен өткізеді. Егер, Қазақстан құрамасы осы ойында кем дегенде тең нәтижеге қол жеткізетін болса, онда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады.
Еуропа футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) ережесі бойынша, Кәрі құрлықтағы әлем чемпионатының іріктеу бәсекелері бес сатыдан тұрады. Қазір екінші іріктеу кезеңінің ойындары өтіп жатыр. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша, әр топтың жеңімпазы мен екінші орын алған төрт үздік команда элиталы кезеңге тікелей жолдама алады. Сөйтіп, іріктеудің элиталы кезеңіне 20 құрама қатысып, олар төрт-төрттен бес топқа бөлініп ойнайды. Әр топта жеңімпаз атанған құрама әлем чемпионатына тікелей жолдама жеңіп алса, екінші орын алған құрамалар бір-бірімен ойнап, қосымша тағы екі жолдамаға таласатын болады.