Қоғам • 13 Қараша, 2022

Жемқорлықтың жолын кесті

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаменті жыл басынан бері атқарған жұмысын қорытындылады. Осыған орай өткен жедел кеңесте биыл Антикор тергеушілерінің өндірісінде 182 қылмыстық істің тіркелгені, оның ішінде 52 қылмыстық іс аяғына дейін жеткізіліп, соттың қарауына жіберілгені айтылды.

Жемқорлықтың жолын кесті

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Департамент мамандары жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы, «Тобыл» ӘКК қызметі, көші-қон, ТКШ және өзге де маңызды салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында 4 рет сырт­қы талдау, 11 мониторинг шарасын өткізген. Нәтижесінде, жер­гілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нормативтік-құ­қық­тық актілерді өзгерту туралы 123 ұсыныс енгізілді.

Антикор қызметі осы жыл­дың екінші жартысынан бас­тап алдын ала әзірленген сы­байлас жемқорлық тәуе­кел­дерінің картасы бойынша өңір­дегі автожолдардың сапасын, ауыз суға қол жеткізу, моно­по­листердің тарифтері мен алым­­дары сияқты мәселелерді зер­делеп шықты. Бұл бағытта атқа­рылған жұмыстардың нәти­же­сінде автожолдарды жөндеу кезінде мердігерлерге заңсыз көмек көрсету, сапасыз жолдарды қабылдау фактілері, сон­дай-ақ, осы салаға қатысты қол­даныстағы заңнамада бір­қа­тар олқылық бар екені анық­та­лып отыр.

– Салынып жатқан жолдарды тексеру барысында біз­дің қызметкерлер жергілікті әкім­­діктердің сапасыз жол учас­келерін қабылдауына жол бер­мей қалған жағдайлар жиі кездеседі. Осының нәтижесінде, 169,5 млн теңге мемлекет қар­жы­сын бос шығындаудың алдын алдық. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер де аз емес. Бұл салада бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуы, біркелкі бөлін­беуі, мердігерлердің өзде­ріне сеніп тапсырылған жұ­мыс­ты уақтылы орындай алмауы немесе сапасыз орындауы орын алғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің араласуымен жекелеген сумен жабдықтау нысандарында тоқтап қалған жұмыстар қайта жанданып, он­да­ғы кемшіліктерді жою бо­йын­ша шаралар қабылданды. Олар­ға негізсіз төленген 26 млн теңге мемлекетке қайта­рыл­ды. Су құбырларын салу жос­пар­лары қайта пысық­талды, – деді облыстық сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл депар­таментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.

Жемқорлыққа қарсы қызмет ҚТЖ компанияларының жүк вагондары қызметін ұсыну тәр­тібіне де талдау жасаған. Өйт­кені бұған дейін кәсіпкерлер атал­ған салаға қатысты бірне­ше рет шағым түсіріпті. Жедел кеңесте кәсіпкерлерден вагондарды кезектен тыс бергені үшін ақша алған ҚТЖ филиалы – «Қазтеміртранс» АҚ-ның басшысы Б.Усабековке қатысты қылмыстық іс туралы әңгіме болды. Сот Б.Усабековті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Антикор қызметкерлері мұндай қылмыстың алғышарттарын зерделей келіп, темір жол саласында он шақты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алғанына көз жеткізіп, вагондарды бөлу кезінде кәсіпкерлерге тосқауыл келтіретін жасанды кедергілерді анықтаған.

Осылайша, анықталған жем­қорлық тәуекелдері туралы дерек «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ басшылығына жеткізіледі. Бүгінде акционерлік қоғам бас­шылығы құрамына ҚТЖ мамандары мен қоғам белсенділері енген арнайы жұмыс тобын құрып, Антикордан келіп түскен ескертулерді жою жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар жедел ке­ңес­те Денисов ауданында по­ли­­цейлердің ауыл­шаруа­шы­лық тауарын өн­діру­шілерді боп­салау фактілері анық­тал­ға­ны туралы да сөз болды. Мұн­­­дай келеңсіздіктің жо­лын кесу мақсатында облыс­тың 5 ауда­нындағы полиция бөлім­дерінде басшылық құ­рам­ды ротациялау жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанында ауыл­шар­уашылық техникаларын тексе­ру­ге және негізсіз тоқтатуға ты­йым ­са­лынды.

Сондай-ақ Антикор қыз­мет­керлері облыстағы қант дүмпуі кезінде қант бағасын ар­зандатуға күш салудың орнына, жеке құлқынның қамымен астыртын келісімге барған бір­­неше жауапты тұлғаның заң­сыз әрекеттерін әшкерелеген. Тұрақтандыру қорына 3 тонна қант қайтарылып, Қостанай қа­ласы әкімінің орынбасары, «Тобыл» ӘКК басқарма төр­аға­сының орынбасары, Қамыс­ты ауданының әкімі жазаланды. «Тобыл» ӘКК менеджері мен склад меңгерушісі және Қостанай қаласы әкімдігі кәсіп­керлік бөлімінің басшысы қыз­меттерінен босатылды.

«Тобыл» ӘКК-ге жүргізілген талдау жұмыстарының нәти­же­сінде Қостанай және Рудный қалаларында он шақты жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталды. Бұл мәселені реттеуге бақылаушы органдар тартылып, нәтижесінде Рудный қаласында әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорация тарапынан заңсыз берілген 6 жер учас­ке­сі қайтарылған. Қостанай қала­сында 18 учаскеге қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

Кеңес отырысында мемле­кет­тік сатып алу саласында да жемқорлық тәуекелдерінің бар екені сөз болды. Антикор мамандары бірнеше мемлекеттік мекемеге сатып алу бағасын қай­­та қарау туралы ұсыным жі­бер­­ген. Осының нәтижесінде, 201 млн теңге қазына қаражаты үнем­делді.

Департамент басшылығының мәліметінше, биыл сыбайлас жемқорлық оқиғалары туралы хабар жеткізген 3 адамға жалпы көлемі 1 млн 290 545 теңге сыйақы берілген.

 

Қостанай облысы