Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Департамент мамандары жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы, «Тобыл» ӘКК қызметі, көші-қон, ТКШ және өзге де маңызды салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау мақсатында 4 рет сыртқы талдау, 11 мониторинг шарасын өткізген. Нәтижесінде, жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту туралы 123 ұсыныс енгізілді.
Антикор қызметі осы жылдың екінші жартысынан бастап алдын ала әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бойынша өңірдегі автожолдардың сапасын, ауыз суға қол жеткізу, монополистердің тарифтері мен алымдары сияқты мәселелерді зерделеп шықты. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде автожолдарды жөндеу кезінде мердігерлерге заңсыз көмек көрсету, сапасыз жолдарды қабылдау фактілері, сондай-ақ, осы салаға қатысты қолданыстағы заңнамада бірқатар олқылық бар екені анықталып отыр.
– Салынып жатқан жолдарды тексеру барысында біздің қызметкерлер жергілікті әкімдіктердің сапасыз жол учаскелерін қабылдауына жол бермей қалған жағдайлар жиі кездеседі. Осының нәтижесінде, 169,5 млн теңге мемлекет қаржысын бос шығындаудың алдын алдық. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер де аз емес. Бұл салада бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалуы, біркелкі бөлінбеуі, мердігерлердің өздеріне сеніп тапсырылған жұмысты уақтылы орындай алмауы немесе сапасыз орындауы орын алғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің араласуымен жекелеген сумен жабдықтау нысандарында тоқтап қалған жұмыстар қайта жанданып, ондағы кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылданды. Оларға негізсіз төленген 26 млн теңге мемлекетке қайтарылды. Су құбырларын салу жоспарлары қайта пысықталды, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.
Жемқорлыққа қарсы қызмет ҚТЖ компанияларының жүк вагондары қызметін ұсыну тәртібіне де талдау жасаған. Өйткені бұған дейін кәсіпкерлер аталған салаға қатысты бірнеше рет шағым түсіріпті. Жедел кеңесте кәсіпкерлерден вагондарды кезектен тыс бергені үшін ақша алған ҚТЖ филиалы – «Қазтеміртранс» АҚ-ның басшысы Б.Усабековке қатысты қылмыстық іс туралы әңгіме болды. Сот Б.Усабековті 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Антикор қызметкерлері мұндай қылмыстың алғышарттарын зерделей келіп, темір жол саласында он шақты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алғанына көз жеткізіп, вагондарды бөлу кезінде кәсіпкерлерге тосқауыл келтіретін жасанды кедергілерді анықтаған.
Осылайша, анықталған жемқорлық тәуекелдері туралы дерек «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ басшылығына жеткізіледі. Бүгінде акционерлік қоғам басшылығы құрамына ҚТЖ мамандары мен қоғам белсенділері енген арнайы жұмыс тобын құрып, Антикордан келіп түскен ескертулерді жою жөнінде жұмыс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар жедел кеңесте Денисов ауданында полицейлердің ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді бопсалау фактілері анықталғаны туралы да сөз болды. Мұндай келеңсіздіктің жолын кесу мақсатында облыстың 5 ауданындағы полиция бөлімдерінде басшылық құрамды ротациялау жүргізіліп, күзгі жиын-терім науқанында ауылшаруашылық техникаларын тексеруге және негізсіз тоқтатуға тыйым салынды.
Сондай-ақ Антикор қызметкерлері облыстағы қант дүмпуі кезінде қант бағасын арзандатуға күш салудың орнына, жеке құлқынның қамымен астыртын келісімге барған бірнеше жауапты тұлғаның заңсыз әрекеттерін әшкерелеген. Тұрақтандыру қорына 3 тонна қант қайтарылып, Қостанай қаласы әкімінің орынбасары, «Тобыл» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары, Қамысты ауданының әкімі жазаланды. «Тобыл» ӘКК менеджері мен склад меңгерушісі және Қостанай қаласы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметтерінен босатылды.
«Тобыл» ӘКК-ге жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде Қостанай және Рудный қалаларында он шақты жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталды. Бұл мәселені реттеуге бақылаушы органдар тартылып, нәтижесінде Рудный қаласында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан заңсыз берілген 6 жер учаскесі қайтарылған. Қостанай қаласында 18 учаскеге қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Кеңес отырысында мемлекеттік сатып алу саласында да жемқорлық тәуекелдерінің бар екені сөз болды. Антикор мамандары бірнеше мемлекеттік мекемеге сатып алу бағасын қайта қарау туралы ұсыным жіберген. Осының нәтижесінде, 201 млн теңге қазына қаражаты үнемделді.
Департамент басшылығының мәліметінше, биыл сыбайлас жемқорлық оқиғалары туралы хабар жеткізген 3 адамға жалпы көлемі 1 млн 290 545 теңге сыйақы берілген.
Қостанай облысы