Экономика • 16 Қараша, 2022

Автоөндірістегі оң өзгерістер

263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының іргесінен 89 мың шаршы метр аумақты алып жатқан «Allur» зауыты еліміздегі ең ірі автоөндіріс орталығы болып саналады. Бүгінде ел көлемінде жоғары сұранысқа ие темір тұлпарлар JAC, Chevrolet, Kia, Renault брендтері мен Lada, UAZ автокөліктерін, қала көшелерінен жиі көрінетін жап-жаңа SAZ автобустарын осы кәсіпорын шығарып жатыр.

Автоөндірістегі оң өзгерістер

2010 жылы іске қосылған зауыт бүгінге дейін ірі торапты құрас­ты­рудан ұсақ торапты машина жасауға дейінгі бірталай белесті бағындырды. Қазіргі «Allur» – ұсақ торапты CKD әдісі бо­йынша машина құрастыруды меңгерген еліміздегі бірден-бір автомобиль зауыты. Бүгінде мұнда дәнекерлеу, бояу цехтары, ұсақ және ірі торапты құ­рас­тыру цехтары сияқты жеті бірдей өн­діріс алаңы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Дә­не­керлеу, бояу, құрастыру жұмыс­тарының жиынтығы кәсіби тілде CKD, яғни ұсақ торапты өндіріс деп аталады.

Зауыттан шығатын автокөліктің «өмірге келу» циклі ең әуелі дәнекерлеу цехынан басталады. Бұл цехта 1 500 жерден дәнекерленіп, кө­лік­тің негізгі қаңқасы жасалады. Одан кейін темір қаңқа лазерлік геомет­риялық тексеруден өтеді. Одан әрі шанақ 13 түрлі катофрезді ванна­ның түбіне сүңгітіледі. Металл бұйым­дарды бояудың алдында жасалатын ең сапалы антикоррозиялық өңдеу әдісі осылай жүзеге асырылады.  

Бояу цехынан шыққан шанақ авто­мат­тандырылған құрастыру желісіне жө­нелтіледі. Мұнда келген қаңқа қоз­ғал­­малы плат­фор­маның бойымен жылжи оты­рып, шанаққа қажет қон­дырғы-бөл­шек­терді орнататын 36 бекет­тен өткен соң, толық автокөлік болып шыға ке­ле­ді. Одан кейін дайын ма­шина сы­нақ­тан жә­не міндетті финалдық бақылау­дан өтеді. 

Бүгінде 2 мыңнан астам адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорында жұмысшылардың еңбек етуіне қажет қолай­лы жағдайдың бәрі бар: жұмыс­шылар зауыттың асхана­сынан тегін тамақтанады, әр адам өз үйі мен жұмыс орны­на кәсіп­орынның жеке көлігі­мен тегін қатынайды, жұмыс­шы­лардың бәрі толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.

Мұның сыртында зауыт жұмыс­шыларына материалдық қол­дау көрсету, еңбек өтіліне қарай қосымша өтемақы төлеу жағы да қарастырылған. Мыса­лы, мұнда 3 жыл мен 7 жылдың аралығында жұмыс істеп жатқан адам айлығына қосымша 5 па­йыздық үстемақы алады. Ал 8 жыл­­дан артық жұмыс істеп жат­қан­дарға 10 пайыздық үстемақы төленеді.

– Зауыт жұмысшыларының көбі осында оқып, жаңа маман­дықтарды игерді. Біздің кәсіп­орын арнайы білімі, біліктілігі жоқ­тарға зауыт жанынан ашыл­ған корпоративтік университетте тегін оқып, біліктілігін арттыруға немесе жаңа мамандық алып шы­ғу­ға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар зауытта мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс орындарын құрып жатырмыз, – дейді «Allur» зауыты еңбеккерлерімен жұмыс жүргізу жөніндегі басқарма басшысы Әлібек Құсайынов. 

Кәсіпорын жыл соңына қарай «Kia Sportage» және «Lada Granta» автомобильдерінің CKD-өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Зауыт басшыларының айтуынша, бұл – түбегейлі жаңа және жоғары технологияның ең соңғы мүмкіндіктеріне негізделген аса қуатты өндірістік желілер болмақ.

24 өндіріс бекетінен тұратын «Lada Granta» шығаруға арнал­ған жаңа желіде бір ауысымда – 20, ал жылына 10 мың шанақ дәнекерленетін болады. Ал «Kia Sportage» желісіне авто­мат­тандырылған 36 бекет қойылған. Мұнда жыл он екі ай ішінде 25 мың шанақ шығарылмақ. Жаңа желілерді жабдықтау жұмыс­тарына шетелдік мамандар да тартылған. Зауыт қабырғасында қазірдің өзінде аталған үлгідегі автомобильдерді CKD әдісімен құрастыру бойынша қанатқақты өндіріс қолға алынып, алғашқы машиналар шыға бастады. 

Қазір кәсіпорынның шанақ­тар­ды бояу цехында жаңаша бояу технологияларын игеру жұ­мыстары жүргізіледі. Соны­мен қатар цехтың өндіріс­тік қуатын арттыру мақсатында робот­тан­дырылған бояу құрылғысы мен катафорезді қорғаныс желісі жаңартылып жатыр. Бұл жоба іске қосылса, шанақ дәнекерлеу цехының өзінде ғана 120 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.

– Жаңа жобаларды іске қосу үшін білікті кадрлар қажет. Бұл мәселені еліміздегі колледждермен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату арқылы реттейміз. Мысалы, облыс аумағындағы студенттердің нақты өндіріс жағдайында тәжірибеден өту мүмкіндігі бар. Зауыт бастамасымен оқу бағдарламаларына машина жасау кәсіпорындарына керекті құзыреттер енгізіледі, – дейді «Аллюр» жанынан жұ­мыс істеп жатқан Корпоративтік университеттің басшысы Люд­мила Олкинян.

Мәселен, «Аллюр» зауыты біраз жылдан бері Қостанай автожол колледжімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Колледж студенттері оқи­­тын білім ошағында теория­лық білім алумен қатар, дуальды оқыту жүйесі бойынша зауытқа келіп, нақты өндіріс орнында тәжірибе ұштап, кәсіби дағды қалыптастырады. Мұның сыртында, колледждің оқу ғимаратын­да машина жасау саласын­дағы заманауи құрылғылар­мен жабдықталған оқу зертханалары бар. Бұл зертханаларда зауыт мамандары да дәріс өткізіп тұрады. Колледж басшылары алдағы уақытта тыңнан түрен тартып, студент­терді «Автомобиль жасау» мамандығы бойынша оқытуды жоспарлап отыр. «Allur» зауытының ықпалымен оқу орнында мемлекеттік тілде білім алатын оқу топтарының да ашыла бастағанын айта кету керек. Биыл зауыттың көмегімен қазақ тілінде көмекші оқу құралдары әзірленіп, қазақ топтарында білім алып жатқан студенттерге тегін таратылды. Алдағы уақытта Қостанай автокөлік зауыты Автожол колледжінің аумағынан Біліктілік орталығын ашуды көздеп отыр. Студенттердің машина жасау саласындағы CKD-өндірісі технологияларын меңгеруіне жол ашатын шанақ дәнекерлеп, машина бояйтын заманауи құрылғылар қойылады.

 

Қостанай облысы