2010 жылы іске қосылған зауыт бүгінге дейін ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты машина жасауға дейінгі бірталай белесті бағындырды. Қазіргі «Allur» – ұсақ торапты CKD әдісі бойынша машина құрастыруды меңгерген еліміздегі бірден-бір автомобиль зауыты. Бүгінде мұнда дәнекерлеу, бояу цехтары, ұсақ және ірі торапты құрастыру цехтары сияқты жеті бірдей өндіріс алаңы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмыстарының жиынтығы кәсіби тілде CKD, яғни ұсақ торапты өндіріс деп аталады.
Зауыттан шығатын автокөліктің «өмірге келу» циклі ең әуелі дәнекерлеу цехынан басталады. Бұл цехта 1 500 жерден дәнекерленіп, көліктің негізгі қаңқасы жасалады. Одан кейін темір қаңқа лазерлік геометриялық тексеруден өтеді. Одан әрі шанақ 13 түрлі катофрезді ваннаның түбіне сүңгітіледі. Металл бұйымдарды бояудың алдында жасалатын ең сапалы антикоррозиялық өңдеу әдісі осылай жүзеге асырылады.
Бояу цехынан шыққан шанақ автоматтандырылған құрастыру желісіне жөнелтіледі. Мұнда келген қаңқа қозғалмалы платформаның бойымен жылжи отырып, шанаққа қажет қондырғы-бөлшектерді орнататын 36 бекеттен өткен соң, толық автокөлік болып шыға келеді. Одан кейін дайын машина сынақтан және міндетті финалдық бақылаудан өтеді.
Бүгінде 2 мыңнан астам адам еңбек ететін алпауыт кәсіпорында жұмысшылардың еңбек етуіне қажет қолайлы жағдайдың бәрі бар: жұмысшылар зауыттың асханасынан тегін тамақтанады, әр адам өз үйі мен жұмыс орнына кәсіпорынның жеке көлігімен тегін қатынайды, жұмысшылардың бәрі толық әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген.
Мұның сыртында зауыт жұмысшыларына материалдық қолдау көрсету, еңбек өтіліне қарай қосымша өтемақы төлеу жағы да қарастырылған. Мысалы, мұнда 3 жыл мен 7 жылдың аралығында жұмыс істеп жатқан адам айлығына қосымша 5 пайыздық үстемақы алады. Ал 8 жылдан артық жұмыс істеп жатқандарға 10 пайыздық үстемақы төленеді.
– Зауыт жұмысшыларының көбі осында оқып, жаңа мамандықтарды игерді. Біздің кәсіпорын арнайы білімі, біліктілігі жоқтарға зауыт жанынан ашылған корпоративтік университетте тегін оқып, біліктілігін арттыруға немесе жаңа мамандық алып шығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зауытта мүмкіндігі шектеулі жандарға да жұмыс орындарын құрып жатырмыз, – дейді «Allur» зауыты еңбеккерлерімен жұмыс жүргізу жөніндегі басқарма басшысы Әлібек Құсайынов.
Кәсіпорын жыл соңына қарай «Kia Sportage» және «Lada Granta» автомобильдерінің CKD-өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Зауыт басшыларының айтуынша, бұл – түбегейлі жаңа және жоғары технологияның ең соңғы мүмкіндіктеріне негізделген аса қуатты өндірістік желілер болмақ.
24 өндіріс бекетінен тұратын «Lada Granta» шығаруға арналған жаңа желіде бір ауысымда – 20, ал жылына 10 мың шанақ дәнекерленетін болады. Ал «Kia Sportage» желісіне автоматтандырылған 36 бекет қойылған. Мұнда жыл он екі ай ішінде 25 мың шанақ шығарылмақ. Жаңа желілерді жабдықтау жұмыстарына шетелдік мамандар да тартылған. Зауыт қабырғасында қазірдің өзінде аталған үлгідегі автомобильдерді CKD әдісімен құрастыру бойынша қанатқақты өндіріс қолға алынып, алғашқы машиналар шыға бастады.
Қазір кәсіпорынның шанақтарды бояу цехында жаңаша бояу технологияларын игеру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар цехтың өндірістік қуатын арттыру мақсатында роботтандырылған бояу құрылғысы мен катафорезді қорғаныс желісі жаңартылып жатыр. Бұл жоба іске қосылса, шанақ дәнекерлеу цехының өзінде ғана 120 жаңа жұмыс орны пайда болмақ.
– Жаңа жобаларды іске қосу үшін білікті кадрлар қажет. Бұл мәселені еліміздегі колледждермен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату арқылы реттейміз. Мысалы, облыс аумағындағы студенттердің нақты өндіріс жағдайында тәжірибеден өту мүмкіндігі бар. Зауыт бастамасымен оқу бағдарламаларына машина жасау кәсіпорындарына керекті құзыреттер енгізіледі, – дейді «Аллюр» жанынан жұмыс істеп жатқан Корпоративтік университеттің басшысы Людмила Олкинян.
Мәселен, «Аллюр» зауыты біраз жылдан бері Қостанай автожол колледжімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Колледж студенттері оқитын білім ошағында теориялық білім алумен қатар, дуальды оқыту жүйесі бойынша зауытқа келіп, нақты өндіріс орнында тәжірибе ұштап, кәсіби дағды қалыптастырады. Мұның сыртында, колледждің оқу ғимаратында машина жасау саласындағы заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу зертханалары бар. Бұл зертханаларда зауыт мамандары да дәріс өткізіп тұрады. Колледж басшылары алдағы уақытта тыңнан түрен тартып, студенттерді «Автомобиль жасау» мамандығы бойынша оқытуды жоспарлап отыр. «Allur» зауытының ықпалымен оқу орнында мемлекеттік тілде білім алатын оқу топтарының да ашыла бастағанын айта кету керек. Биыл зауыттың көмегімен қазақ тілінде көмекші оқу құралдары әзірленіп, қазақ топтарында білім алып жатқан студенттерге тегін таратылды. Алдағы уақытта Қостанай автокөлік зауыты Автожол колледжінің аумағынан Біліктілік орталығын ашуды көздеп отыр. Студенттердің машина жасау саласындағы CKD-өндірісі технологияларын меңгеруіне жол ашатын шанақ дәнекерлеп, машина бояйтын заманауи құрылғылар қойылады.
Қостанай облысы