Аймақтар • 16 Қараша, 2022

Қонаев қаласынан электр пойызы қатынайды

204 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының Жетісудан енші алып бөлінгеніне көп уақыт бола қоймаса да, өңірдің өңі түлеп, шаруасы оңынан дөңгелене түсті. Әсіресе, облыс орталығына айналған Қонаев қаласының келбеті де, әлеуеті де артып келеді. Алматы сияқты алып мегаполистің серіктесі ретінде дамып келе жатқан шағын шаһардың даму мүмкіндіктері де ашыла түскендей. Бұған мемлекет те өз үлесін қосып отыр.

Қонаев қаласынан электр пойызы қатынайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарында Қонаев қаласын да­мы­тудың жоспарына жіті көңіл бөліп, облыс орталығы мен Ал­ма­ты қаласының серіктестігіне серпін беруді тапсырған болатын. Сол міндеттің ішінде екі қаланың арасын жалғайтын же­­дел пойыз желісін іске­ қо­суды тапсырған-ды. Жақында Президент тапсырмасы орындалып, Қонаев қаласынан шығып, Алматы қаласына тоқтайтын элек­тр пойызы іске қосылды.

Алғашқы рейс жөнелтілер алдында арнайы салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары, қала әкімі, мемлекеттік қызметкерлер, ақсақалдар, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоға­мының бас директоры және тұрғындар қатысты. Қос шаһар арасын жалғайтын пойыз үшін екі бекет іске қосылған. Оның бірі «Қап­шағай» стансасы болса, екіншісі – автовокзал маңындағы станса. Осы уақытқа дейін жолаушылар Алматыға көлік арқылы жолға шықса, ендігі кезекте по­йызбен де діттеген жерлеріне жететін болады. Билет құны 400-450 теңге шамасында.

– Әуелгі бір ай көлемінде по­йыз Алматы-1 стансасына қаты­на­са, желтоқсан айынан бас­тап Алматы-2 бекетіне жүретін болады. Ал билет құнының қол­жетімді болып қалуы үшін мемлекеттен субсидия қарас­тырылып жатыр. Бұл үшін 2023 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы конкурс ойнатылады. Нәтижесінде жолаушыларды тасымалдайтын компания бекітіліп, пойыздың қатынау уақыты мен бағыты қайта қа­рас­тырылады және қажетті қаржы бөлінеді. Жалпы, пойыз Қо­наев­тан таңғы сағат 6:00-де шықса, Алматы қаласынан кешкі 19:00-де кері қайтады. Алдағы уақытта қосымша бағыт ашылып, пойыз таңғы 6:00-да Алматыдан Қонаев қаласына аттанатын болады. Қос қаланың қонақтары мен тұр­ғындарына жайлылық сыйлау үшін, екі араға барып келу уақытын жиілету мақсатында «Қазақстан теміржолы» компаниясымен Алматыдан бері қарай бағыт ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – дейді Алматы облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Алмас Батанов.

 

Алматы облысы