Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарында Қонаев қаласын дамытудың жоспарына жіті көңіл бөліп, облыс орталығы мен Алматы қаласының серіктестігіне серпін беруді тапсырған болатын. Сол міндеттің ішінде екі қаланың арасын жалғайтын жедел пойыз желісін іске қосуды тапсырған-ды. Жақында Президент тапсырмасы орындалып, Қонаев қаласынан шығып, Алматы қаласына тоқтайтын электр пойызы іске қосылды.
Алғашқы рейс жөнелтілер алдында арнайы салтанатты іс-шара өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары, басқарма басшылары, қала әкімі, мемлекеттік қызметкерлер, ақсақалдар, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының бас директоры және тұрғындар қатысты. Қос шаһар арасын жалғайтын пойыз үшін екі бекет іске қосылған. Оның бірі «Қапшағай» стансасы болса, екіншісі – автовокзал маңындағы станса. Осы уақытқа дейін жолаушылар Алматыға көлік арқылы жолға шықса, ендігі кезекте пойызбен де діттеген жерлеріне жететін болады. Билет құны 400-450 теңге шамасында.
– Әуелгі бір ай көлемінде пойыз Алматы-1 стансасына қатынаса, желтоқсан айынан бастап Алматы-2 бекетіне жүретін болады. Ал билет құнының қолжетімді болып қалуы үшін мемлекеттен субсидия қарастырылып жатыр. Бұл үшін 2023 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша арнайы конкурс ойнатылады. Нәтижесінде жолаушыларды тасымалдайтын компания бекітіліп, пойыздың қатынау уақыты мен бағыты қайта қарастырылады және қажетті қаржы бөлінеді. Жалпы, пойыз Қонаевтан таңғы сағат 6:00-де шықса, Алматы қаласынан кешкі 19:00-де кері қайтады. Алдағы уақытта қосымша бағыт ашылып, пойыз таңғы 6:00-да Алматыдан Қонаев қаласына аттанатын болады. Қос қаланың қонақтары мен тұрғындарына жайлылық сыйлау үшін, екі араға барып келу уақытын жиілету мақсатында «Қазақстан теміржолы» компаниясымен Алматыдан бері қарай бағыт ашу бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз, – дейді Алматы облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Алмас Батанов.
Алматы облысы