Пікір • 29 Қараша, 2022

Отандық тұқымның өрісін кеңейтсек

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылды түлету үшін әуелі кадр тапшылығын жоюымыз керек. Мемлекет агробизнес өкілдеріне миллиардтап қаржы беріп, оларды ауыл шаруашылығына арналған шетелдік қымбат техникамен жарақтандырып жатыр. Енді сол кәсіпкерлер бұл жақсылықтың өтеуі ретінде ауылдарға жастарды көптеп тартып, олардың бар жағдайын жасауы керек.

Отандық тұқымның өрісін кеңейтсек

Ауыл мәселесі біз үшін өте өзекті. Кәсіпорындағы барлық қызмет­кер ауылдық жерде тұратындар. Прези­дент ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рымдамасын әзірлеуді ел Үкі­метіне жүктеп, мерзімін бекітіп берді. Осыдан 5 жыл бұрын да ауыл шаруашы­лы­ғы отандық экономиканың драйвері деп аталған еді. Ел басшылығы агро­өнеркәсіп кешенін өркендетуге енді шындап кірісіп жатқандай көрінеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 7 жыл ішінде бұл тұжырымдаманы әзірлетіп қана қоймай, оны толық жүзеге асырып кетеді деп сенім артамыз.

Ауылды сапалы медицина, білім берумен, сапалы ауыз сумен, кең жолақ­ты интернетпен, өзге де өркениетті инфра­құрылыммен қамтыса, кезінде жайлы тұрмысты аңсап қалаға көшіп кеткен ел азаматтары туған жер­леріне қайта ора­лады деп сенемін. Үлкен шаһар­лардағы ипотекалық бағ­дар­ламаларды тоқтатып, бұл бағ­дар­ламалардың барлығын ауылға, ауылдағы инфрақұрылымды түлету­ге жұмылдыру керек. Еуропадағы алпауыт компаниялардың кең­селерінің дені ауылдарда орна­ласқан. Мұндай ерекшелік төленетін салықтың ауылдарда қалуына мүм­кіндік береді.

Осы саланың маманы ретінде тұжы­рымдамаға келесі бағыттар­ды ұсы­намын. Біріншіден, мемлекет ауыл шаруашылығының экономи­калық қауіпсіздігін сыртқы жағымсыз интервенциялардан қорғауы керек. Бұл үшін сапасыз әрі арзан импорттық өнімдерге шекарамызды жауып, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын сыртқа шығаруға кедергі келтіріп отырған елдерге қарсы тетіктер ойлап табуға тиіспіз. Бүгінде қарапайым астықтың өзін экспорттауда қиындыққа ұрынып, тасы­малдаудағы шырмауықтан шыға алар емеспіз. Соның салдарынан өзі­міздің сапалы астығымызға лайық­ты баға да белгіленбей отыр. Ал нары­ғымыз ресейлік астыққа толып кетті. Біздің бұған дейін астық жеткізіп келген сыртқы нарықтарымызды көрші бауырлас ел иеленуде.

Екіншіден, ауыл шаруашы­лығындағы дақылдар тұқымының тәуелсіздігін қамтамасыз ететін уақыт жетті. Өзіміздің шаруаларымызды тұқымның кез келген түрімен қамти алсақ, бізде астық жетіспеушілігі деген мәселе атымен болмас еді. Ал бұған дейінгідей ескі сүрлеумен жүріп, тұқымды сырттан сатып алуды жалғастыра берсек, күн сайын күшейіп бара жатқан санкциялардың салдарынан егін шаруашылығын түпкілікті құртуымыз мүмкін. Қ.Тоқаев бұған дейін тұқым шаруашылығы жөніндегі ғылыми орталық құруды тапсырған еді. Ол оригинал тұқым өндірушілерді біріктіреді.

Үшіншіден, әлеуметтік мәсе­лелерді ауыл шаруашылығы өнім­дерінің бағасын төмендету есебі­нен шешуді барынша азайтуды ұсынамын. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің маңдай терлері өтелмейді. Нан, тауық еті, күріш, пияз секілді өнімдер барлығына бірдей арзан бағада сатылмауға тиіс. Біз нарықтық қатынастарға құрыл­ған мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл тұжырымдама кезекті бағдарлама болып қалмайды деп сенеміз. Президент оны мерзімі бойын­ша аяғына дейін жеткізіп, ауылда­рымыз жемісін көреді деген үміттеміз.

 

Байжан УАЛХАНОВ,

Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» директоры, профессор