Ауыл мәселесі біз үшін өте өзекті. Кәсіпорындағы барлық қызметкер ауылдық жерде тұратындар. Президент ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді ел Үкіметіне жүктеп, мерзімін бекітіп берді. Осыдан 5 жыл бұрын да ауыл шаруашылығы отандық экономиканың драйвері деп аталған еді. Ел басшылығы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге енді шындап кірісіп жатқандай көрінеді. Қасым-Жомарт Тоқаев 7 жыл ішінде бұл тұжырымдаманы әзірлетіп қана қоймай, оны толық жүзеге асырып кетеді деп сенім артамыз.
Ауылды сапалы медицина, білім берумен, сапалы ауыз сумен, кең жолақты интернетпен, өзге де өркениетті инфрақұрылыммен қамтыса, кезінде жайлы тұрмысты аңсап қалаға көшіп кеткен ел азаматтары туған жерлеріне қайта оралады деп сенемін. Үлкен шаһарлардағы ипотекалық бағдарламаларды тоқтатып, бұл бағдарламалардың барлығын ауылға, ауылдағы инфрақұрылымды түлетуге жұмылдыру керек. Еуропадағы алпауыт компаниялардың кеңселерінің дені ауылдарда орналасқан. Мұндай ерекшелік төленетін салықтың ауылдарда қалуына мүмкіндік береді.
Осы саланың маманы ретінде тұжырымдамаға келесі бағыттарды ұсынамын. Біріншіден, мемлекет ауыл шаруашылығының экономикалық қауіпсіздігін сыртқы жағымсыз интервенциялардан қорғауы керек. Бұл үшін сапасыз әрі арзан импорттық өнімдерге шекарамызды жауып, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын сыртқа шығаруға кедергі келтіріп отырған елдерге қарсы тетіктер ойлап табуға тиіспіз. Бүгінде қарапайым астықтың өзін экспорттауда қиындыққа ұрынып, тасымалдаудағы шырмауықтан шыға алар емеспіз. Соның салдарынан өзіміздің сапалы астығымызға лайықты баға да белгіленбей отыр. Ал нарығымыз ресейлік астыққа толып кетті. Біздің бұған дейін астық жеткізіп келген сыртқы нарықтарымызды көрші бауырлас ел иеленуде.
Екіншіден, ауыл шаруашылығындағы дақылдар тұқымының тәуелсіздігін қамтамасыз ететін уақыт жетті. Өзіміздің шаруаларымызды тұқымның кез келген түрімен қамти алсақ, бізде астық жетіспеушілігі деген мәселе атымен болмас еді. Ал бұған дейінгідей ескі сүрлеумен жүріп, тұқымды сырттан сатып алуды жалғастыра берсек, күн сайын күшейіп бара жатқан санкциялардың салдарынан егін шаруашылығын түпкілікті құртуымыз мүмкін. Қ.Тоқаев бұған дейін тұқым шаруашылығы жөніндегі ғылыми орталық құруды тапсырған еді. Ол оригинал тұқым өндірушілерді біріктіреді.
Үшіншіден, әлеуметтік мәселелерді ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын төмендету есебінен шешуді барынша азайтуды ұсынамын. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің маңдай терлері өтелмейді. Нан, тауық еті, күріш, пияз секілді өнімдер барлығына бірдей арзан бағада сатылмауға тиіс. Біз нарықтық қатынастарға құрылған мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Бұл тұжырымдама кезекті бағдарлама болып қалмайды деп сенеміз. Президент оны мерзімі бойынша аяғына дейін жеткізіп, ауылдарымыз жемісін көреді деген үміттеміз.
Байжан УАЛХАНОВ,
Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясы» директоры, профессор