Спорт • 29 Қараша, 2022

Ауыл өрендерінің тәлімгері

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек» деп атап өткен еді.

Ауыл өрендерінің тәлімгері

Ұлт денсаулығының мықты болуы саламатты өмір салтына, спортқа байланысты екені белгілі. Әсіресе ауылдық жерлерде спортты дамытуға көңіл бөлудің маңызы үлкен. Ол үшін арнайы бағдарлама, мемлекеттік қамқорлық қажет те шығар. Десек те, өздерінің күш-жігерімен, адал еңбегімен ауыл спортын дамытып жатқан мекемелер де бар, азаматтар да жетерлік. Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданының Қазтай Ұлтарақов ауылында (бұрынғы Масақ ауылы) бұқаралық спортты дамыту ісі жағы жақсы жолға қойылған. Ауылда бірнеше жылдан бері тынбай еңбектеніп, осы елдік іске өз үлесін қосып келе жатқан санаулы маманның бірі – Ерболат Әлиасқаров. 

Ерекеңмен әңгімелесе қалсаңыз, күрес өнерімен 1976 жылдың күз айынан бастап айналыса бастағанын, алғашқы жаттықтырушысы еркін күрестен спорт шебері Рыскелді Жақабаев болғанын мақ­танышпен айтады. Сол білікті маманның жат­тықтыруымен кезінде талай жыл намысты қолдан бермей, аудан, облыстық жарыстардың жүлдегер, жеңімпазы болғанын тілге тиек етеді.

Спорт оның өмірінің мәніне айнал­ғанына сол сәтте көз жеткізесіз. Тіпті сонау қылшылдаған жас кезінде, әскер қатарында жүрген кездің өзінде, еркін күрестен түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, талай мәрте жеңімпаз болған.

Студент кезінде де спорттан қол үзген жоқ. Алматы сәулет құрылысы институтында оқып жүріп, самбо және дзюдо күресіне қатысып, шеберлігін шыңдады. Жат­тығу кезінде тер төгу текке кеткен жоқ. Украинаның астанасы Киев қала­сында студенттер арасында өткен халық­аралық жарыста қола жүлдеге ие болды.

Ерболат Нариманұлы дзюдо күресінен алғашқы тәлімгері, Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген жаттықтырушысы Амангелді Сма­ғұ­ловтан үйренгені көп екенін айтады.

– Боз кілемге шығып, шеберлігіңді дәлелдеген жеңісті кездер әрдайым көкейіңде сайрап тұрады екен. Дегенмен, уақыт келе мамандық бойынша еңбек жолын бастауға бел будым. 1998 жылы Масақ орта мектебінің директоры Роза Саитованың (артына өнегесін қалдырған жақсы адам еді) шақыруымен дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрдым. Қазақ спорт және туризм академиясын қызыл дипломмен бітіріп келген соң, ауыл балаларына қазақ күресі және дзюдо күресін үйретуге біржолата бет бұрдым. 

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп бекер айтыл­маған ғой. Өзім барымды салып жаттық­тырған шәкірттерім аз емес. Олардың жетістіктеріне жаным сүйсініп, көңілім марқаяды. Кейде жеңілістің ащы дәмін татқан сәттерде іштей құлазы­ғанмен, оларды жігерлендіріп, қателік­терінен сабақ алуға шақырамын.

Шәкірттерің жарыстардан жеңімпаз болып оралып жатса, маңдай тер, адал еңбегіңнің ақталғанына балаша қуанасың. Сондай маған қуаныш сыйлаған маңдайалды шәкірттерімді әркез мақтан етемін. Атап айтқанда, Руслан Жақабаев, Юлдаш Насирдинов, Құ­дірет Насирдинов, Жанболат Уса­баев, Дархан Әлімхан, Дастан Тоғатаев, Бей­біт Искаков, Айдос Асан, Рамазан Арип­жанов сынды шәкірттерім облыстық, рес­публикалық деңгейдегі дүбірлі додаларда жеңімпаз болып, жүлдегерлер қатарынан көріне білді.

Қыздар арасында Ақбота Смәтәлі Маң­ғыстау облысында өткен респуб­ли­калық турнирде жеңістің биік тұғырына көтеріліп, спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне ие болды. Алуа Мұқан Есік қала­сында өткен Алматы облысы бойын­ша ауыл ойындары чемпионатында жүл­делі 2-орынды иеленді, – дейді Ерекең.

Иә, жаттықтырушының айтуынша, бүгінде ауыл спортының дамуына белсене атсалысып жүрген, әсіресе талантты деген спортшы жастардың жеңіс баспалдағымен көтерілуіне аға буынның қосқан үлесі өте зор. Олар да кезінде талай биікті бағындырған танымал спортшылар екенін осы саланың айналасында жүрген көпшілік жақсы біледі, жастар соларға қарап бой түзейді.

Есімдері елге белгілі ауыл спорты саңлақтарының өмірбаяны жастарға әрдайым үлгі-өнеге болмақ. Олардың қатарында Елмұрат Қайыпжанов та бар. Ол кикбоксингтан Әлем кубогының иегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін қола медалінің жүлдегері, еліміздің құрама командасының капитаны.

Елмұрат Мұқашұлы Шелек ауданы Нұра ауылында дүниеге келген. Нұра ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепті тәмамдады. Қазақ дене тәрбиелеу мәдениеті институтын дене тәрбиелеу мәдениеті және спорт маман­дығы бойынша аяқтады. Институт қабырғасында жүріп, қазақ спортына орасан зор үлесін қосты. Спортты дамытуға сіңген еңбегі үшін «Қазақстан спорты» және «Жетісу» энциклопедиясына өмірбаяны енді. «Алтын Қыран», «Жомарт жүрек» медальдарымен марапатталды, «Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы».

Қазір Еңбекшіқазақ ауданының №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып еңбек етіп жүр. Е.Қайыпжановтың басшылығымен Шелек өңірінің әр ауылында спорт үйірмелері, қазақ күресі, дзюдо күресі, еркін күрес, бокс, волейбол, футбол, тоғыз­құмалақ және басқа да спорттық үйір­мелер ашылып, жас мамандар жұмыс істей бастады.  

– Басқа жақсы жақтарын былай қойғанда, спорт адамды сергектікке, төзім­ділікке, жауапкершілікке, табандылыққа шыңдайды. Спорттағы жетістіктері арқылы елін төрткүл дүниеге танытады. Қазір Генадий Головкинді әлемде кім білмейді?! Оның есімі аталса болды, Қазақстан еске түседі. Сондықтан біздің танымал спортшылар алақандай Масақ ауылын аудан, облыс, республикаға жұртшылығына танытып жүр. Біз олармен мақтанамыз, жастар олардың жеңісті жолын жалғастыра береді деп сенеміз.

Жас спортшыларды тәрбиелеуде Руслана Мамбеткалимова, Айнагүл Усабаева, Амантай Мешітбаев, Айбек Анисов сынды Масақ орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері ұзақ жылдан бері табанды еңбек етіп келеді.

Біздің басты міндетіміз – денсаулығы мықты, ойы сергек, жан дүниесі таза жас­тарды тәрбиелеу. Сол жолда қажымай-талмай еңбектене беретін боламыз, – деп сөзін түйіндеді Ерболат Нариманұлы.

Ауыл спортының тәжірибелі тәлімгері Масақ ауылында өтіп жатқан спорттық іс-шараларға демеушілік көрсетіп жүрген Болатжан Нұрбеков, Қахарман Ибрагимов, Жандос Рақым, Дидар Ханжазов, Имаш Байбатшаұлы, Ермек Ережепов, Нұрсұлтан Әлиасқаров, ауыл әкімі Ертай Нұрмұханов, Масақ орта мектебінің директоры Роза Тойбаеваларға көпшіліктің ризашылығы шексіз екеніне тоқталды.

Иә, спорттың үлкен-кішісі жоқ. Дегенмен, ауыл спортын, оның ішінде бұқаралық спортты дамытудың маңызы күн өткен сайын артып келеді. Ауыл спортын дамытуға жанын салып, шашасына шаң жұқпас шын таланттарды тани біліп, үлкен додаға қосып, жеңісті жолдарға бастап жүрген тәжірибелі тәлімгерлер ғой.

Тағылымы терең тәлімгерлердің табанды еңбегі әркез жемісті болсын.

 

Нұрлан ҚАЛҚА,

журналист