Экология • 02 Желтоқсан, 2022

Экологиялық төлем мардымсыз

1718 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Семей ядролық сынақ полигонының салдары мен зардабын, тауқыметін таяу жылдары айтып, тауыса алмайтын тәріздіміз. Радиацияға әбден уланған өңір жұрты жылдар бойы түрлі дертке шалдығып, жарық жалғаннан ерте өтіп жатқандары қаншама. Кемтар болып туған сәбилер аз емес. Ғалымдар бұл сынақтың салдары әлі де жылдарға жалғасатынын айтады. Адам қолымен жасалып, қазақ даласына ажал уын сепкен алапат сынақты түпкілікті жоя алмасақ та, оны көзбен көрген, дүмпуін естіген өңір халқына, өкінішке қарай, әлеуметтік көмек көрсетуде Үкіметтің кежегесі кейін тартып тұрғаны қынжылтады. Қырық жыл қырғыннан көз ашпай, атом сынақтарының қасіретін көрген Семей өңірінің халқы әлі де лайықты әлеуметтік көмек ала алмай келе жатқаны жайында жылдар бойы айтылып та, жазылып та жүр.

Экологиялық төлем мардымсыз

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жаңа заң қабылдау қажет

Семей қаласының тұрғыны Ерлан Шаяхметов полигонның зардабын тартқан халыққа берілетін мардымсыз экологиялық төлемдерді қайтадан қарау керек екенін айтады. «Жалақымызға «айтуға ұялатын тиын» ғана қосылады. Сондықтан Үкіметтен әлеуметтік көмек көрсетуді, экологиялық төлемдерді қайта қарауды талап етеміз», дейді ол.

Ерлан Шаяхметұлының «айтуға ұялатын тиын» деп тұрғаны жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын қосылатын 1,5 айлық есептік көрсеткіштегі экологиялық үстеме – 4 594 теңге. Бірақ оған да барлығының қолы жете бермейді. Жеке бизнесте жұмыс істейтін азаматтар сол азын-аулақ төлемнің өзін ала алмайды. Бұл ретте лайықты көмектің бәріне бірдей қолға тимеуі заңның олқылығынан көрінеді.

«Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң 1992 жылы қабылданған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында, елең-алаң шақта қабылданған құжаттың шикі тұстары көп. Өзгерістер енгізетін уақыт жетті», дейтіндердің бірі – Ермек Мұрымбаев. Оның айтуынша, 1992 жылы қабылданған заң арқылы беріліп отырған үстеме қазіргі заман талабына мүлдем сай келмейді. «Мемлекеттің құзіретіндегі мекемелерде ғана жалақыға қосымша экологиялық үстеме үздіксіз төленіп, демалысқа он күн қосылады. Оның өзінде дәлелге Семей сынақ полигонына арналған куәлігің болса. Жекеменшік нысандарда жұмыс істейтіндер бұдан үміттерін әлдеқашан үзген. Бұл ретте басқа әлеуметтік көмек туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты», дейді ол.

Семей өңірінің халқына лайықты көмек беру қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге 2019 жылдың сәуір айында келген сапарында көтерген болатын. Үкіметке полигон аймағын­дағы халыққа берілетін әлеуметтік көмек­тің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Үш жарым жылдан асса да, Үкіметте үн жоқ әзірге. Елорда жаққа елеңдеп отыра берсе, ертең кеш болатынын елдегі қоғам белсенділері түсінген тәрізді.

Былтыр Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай халықаралық конференция ұйым­дастырылды. Осы жиында ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға ба­ғытталған бірқатар ұсыныс айтылды. Оны іске асыру үшін Марат Құрманбай, Қайрат Мирашев, Майра Әбенова сынды қоғам белсенділері «Полигон 21» қоғамдық қорын құруға бастамашы болған еді. Қоғамдық қор белсенділері бұл күнде Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңірдің халқына жеткілікті әлеуметтік көмек көрсету­ге, түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге, қол­даныстағы заңды қайта қарауға білек сыбана кірісіп кетті.

– Біздің көтеріп отырған басты мәселеміз – Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау. Қол­даныстағы заң бойынша аймақтағы жұмыс істейтін азаматтардың жалақы­сына ай сайын 4 594 теңге көлемінде эколо­гиялық үстемеақы қосылады. Заңда эко­логиялық төлемді жұмыс беруші төлеуі керек деп көрсетілген. Қазіргі экономикалық күрделі кезеңде бұл биз­нестегі азаматтарға айтарлықтай қиын­дық тудырады. Кәсіпкерлерді түрлі барьерлерден арашалап, қызмет етуіне кедергі жасамау керек», дейді Марат Құрманбай. – Семей өңірі еркін эконо­микалық аймақ ретінде дамуға тиіс. Сондық­тан экологиялық төлемдердің барлығы мемлекет есебінен төленуі қажет. Азаматтардың жалақысына кем дегенде 40-50 пайыз үстемеақы қосылуы керек. Семей өңірінің тұрғындары зейнеткерлікке мерзімінен 10 жыл бұрын шығуға тиіс деп есептейміз».

«Полигон 21» қоғамдық қорының белсенділері қазіргі уақытта Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау жөнінде бастама көтеріп, қол жинап жүр. Алдағы уақытта өңір халқының 100 мың қолын жинап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жазуды жоспарлауда.

«Қоғамдық қор мүшелері үкіметтік комиссия құру туралы өтініш білдіруге ниетті. Оның құрамына жергілікті мем­лекет­тік органдар, бизнес, ғылым, ден­саулық сақтау, мәдениет пен азамат­тық қоғам өкілдері кіруге тиіс. Сонымен қатар Абай облысы тұрғындарының талап-тілектерін ескере отырып, жаңа заң қабылдануы қажет деп есептейміз», деді қоғам белсендісі, меценат М.Құрманбай.

Аралмен арамыз жер мен көктей

Айтпақшы Арал өңіріндегі жағдай семейліктерге қарағанда көш ілгері. Аралда экологиялық зардап шеккен азаматтардың айлық еңбекақысына 50 пайыз қосымша төлем жүргізіледі. Ал дағдарыс аймағында, Қызылорда және Байқоңыр қаласы бойынша, аудандарда еңбекақыға 30 пайыз қосымша төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар қосымша еңбек демалысын берумен бірге, бір айдағы орташа жалақы есебінен материалдық көмек те көрсетіледі. Дәрi-дәрмектердi тегiн және 30 пайыз жеңілдікпен сатып алуға да жағдай жасалған. Тіпті, коммуналдық қызмет, электр қуаты, газ, жылу үшiн төлемдерге 50 және 25 пайызға дейін жеңілдік бар. Ал мұндай жеңілдіктен қырық жыл атом сынағының зардабын тартқан өңірдің тұрғындары неге қағылып отырғаны түсініксіз.

Жаңадан құрылған Абай облысында шешімін табуға тиіс өзекті мәселе көп. Көп болмай қайтсін, жиырма бес жыл күйі кетіп, өгейдің күйін кешсе. Халық  жылдар бойы жинақталған әлеуметтік мәселелер енді ретіне қарай оң шешілерінен үміттеніп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылда Семейге үш рет келіп, елмен емен-жарқын жүздесіп, қалтарыста қалып қойған өңірдің өзекті мәселелерін көзбен көрді. Келген са­йын Семейдегі елдің еңсесін тіктеуге тірек болар тапсырмаларын тиянақ­тап береді. Соның бастысы, әлбетте, өңір халқының денсаулығы, сынақтан зардап шеккен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай қалыптастыру екені белгілі. Бұл жайында Мемлекет басшысы қыркүйек айында Абай облысының жұртшылығымен жүздескенде тағы бір мәрте еске салды.

«Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек», деп қырық жыл қырғыннан қабырғасы қайыспай, жанарының оты сөнбеген елге ерекше ықылас білдірген еді.

Әзірге Үкімет үнсіз болса да, жер­гілікті билік тарапынан елордаға дүр­кін-дүркін ұсыныс жолданып тұрады. Әрине, Президенттің өзі ерекше мән беріп отырған Семей өңірі халқы­ның денсаулығын жақсартуды жаңа­дан құ­рылып жатқан облыстық әкім­дік­­тің еңсере алмасы анық. Оған құлық бол­ғанымен қауқар жоқ, қаржы қолбайлау.

Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлес­тіру басқармасының басшысы Айнұр Сұлтанованың айтуынша, облыс­тық әкімдік, қоғамдық ұйымдар тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірнеше бағытта ұсыныстар жолданған.

«Зейнеткерлік жасты төмендету, төлемдердің көлемін өсіру, қосымша жеңіл­діктерді қарастыру сияқты ұсы­ныс­тарымызды жолдадық. Аталған министр­лікпен тиісті зерттеулер жасалып, қазіргі кезде бірқатар шаралар жоба­сы қарастырылып жатыр. Заңға өзгеріс­тер енгізу Үкіметтің құзыретіне кіре­тін болғандықтан, нақты ақпарат бере ал­маймын», деді басқарма басшысы.

Қырық жыл атом аждаһасының зардабын тартқан Семей өңірі халқының бар үміті ендігі жерде әділетті Қазақстанның еститін Үкіметінде. Лайықты әлеуметтік көмек көрсетуді, түрлі жеңілдіктер жасауды сынақтан тауқымет тартқан өңір жұртының жылдар бойы сарыла күтіп жүрген арманы деуге болады.

 

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

журналист

 

СЕМЕЙ