Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Жаңа заң қабылдау қажет
Семей қаласының тұрғыны Ерлан Шаяхметов полигонның зардабын тартқан халыққа берілетін мардымсыз экологиялық төлемдерді қайтадан қарау керек екенін айтады. «Жалақымызға «айтуға ұялатын тиын» ғана қосылады. Сондықтан Үкіметтен әлеуметтік көмек көрсетуді, экологиялық төлемдерді қайта қарауды талап етеміз», дейді ол.
Ерлан Шаяхметұлының «айтуға ұялатын тиын» деп тұрғаны жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын қосылатын 1,5 айлық есептік көрсеткіштегі экологиялық үстеме – 4 594 теңге. Бірақ оған да барлығының қолы жете бермейді. Жеке бизнесте жұмыс істейтін азаматтар сол азын-аулақ төлемнің өзін ала алмайды. Бұл ретте лайықты көмектің бәріне бірдей қолға тимеуі заңның олқылығынан көрінеді.
«Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң 1992 жылы қабылданған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында, елең-алаң шақта қабылданған құжаттың шикі тұстары көп. Өзгерістер енгізетін уақыт жетті», дейтіндердің бірі – Ермек Мұрымбаев. Оның айтуынша, 1992 жылы қабылданған заң арқылы беріліп отырған үстеме қазіргі заман талабына мүлдем сай келмейді. «Мемлекеттің құзіретіндегі мекемелерде ғана жалақыға қосымша экологиялық үстеме үздіксіз төленіп, демалысқа он күн қосылады. Оның өзінде дәлелге Семей сынақ полигонына арналған куәлігің болса. Жекеменшік нысандарда жұмыс істейтіндер бұдан үміттерін әлдеқашан үзген. Бұл ретте басқа әлеуметтік көмек туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты», дейді ол.
Семей өңірінің халқына лайықты көмек беру қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге 2019 жылдың сәуір айында келген сапарында көтерген болатын. Үкіметке полигон аймағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Үш жарым жылдан асса да, Үкіметте үн жоқ әзірге. Елорда жаққа елеңдеп отыра берсе, ертең кеш болатынын елдегі қоғам белсенділері түсінген тәрізді.
Былтыр Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай халықаралық конференция ұйымдастырылды. Осы жиында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды. Оны іске асыру үшін Марат Құрманбай, Қайрат Мирашев, Майра Әбенова сынды қоғам белсенділері «Полигон 21» қоғамдық қорын құруға бастамашы болған еді. Қоғамдық қор белсенділері бұл күнде Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен өңірдің халқына жеткілікті әлеуметтік көмек көрсетуге, түрлі жеңілдіктерге қол жеткізуге, қолданыстағы заңды қайта қарауға білек сыбана кірісіп кетті.
– Біздің көтеріп отырған басты мәселеміз – Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау. Қолданыстағы заң бойынша аймақтағы жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын 4 594 теңге көлемінде экологиялық үстемеақы қосылады. Заңда экологиялық төлемді жұмыс беруші төлеуі керек деп көрсетілген. Қазіргі экономикалық күрделі кезеңде бұл бизнестегі азаматтарға айтарлықтай қиындық тудырады. Кәсіпкерлерді түрлі барьерлерден арашалап, қызмет етуіне кедергі жасамау керек», дейді Марат Құрманбай. – Семей өңірі еркін экономикалық аймақ ретінде дамуға тиіс. Сондықтан экологиялық төлемдердің барлығы мемлекет есебінен төленуі қажет. Азаматтардың жалақысына кем дегенде 40-50 пайыз үстемеақы қосылуы керек. Семей өңірінің тұрғындары зейнеткерлікке мерзімінен 10 жыл бұрын шығуға тиіс деп есептейміз».
«Полигон 21» қоғамдық қорының белсенділері қазіргі уақытта Семей ядролық сынақ полигоны туралы жаңа заң қабылдау жөнінде бастама көтеріп, қол жинап жүр. Алдағы уақытта өңір халқының 100 мың қолын жинап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жазуды жоспарлауда.
«Қоғамдық қор мүшелері үкіметтік комиссия құру туралы өтініш білдіруге ниетті. Оның құрамына жергілікті мемлекеттік органдар, бизнес, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен азаматтық қоғам өкілдері кіруге тиіс. Сонымен қатар Абай облысы тұрғындарының талап-тілектерін ескере отырып, жаңа заң қабылдануы қажет деп есептейміз», деді қоғам белсендісі, меценат М.Құрманбай.
Аралмен арамыз жер мен көктей
Айтпақшы Арал өңіріндегі жағдай семейліктерге қарағанда көш ілгері. Аралда экологиялық зардап шеккен азаматтардың айлық еңбекақысына 50 пайыз қосымша төлем жүргізіледі. Ал дағдарыс аймағында, Қызылорда және Байқоңыр қаласы бойынша, аудандарда еңбекақыға 30 пайыз қосымша төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар қосымша еңбек демалысын берумен бірге, бір айдағы орташа жалақы есебінен материалдық көмек те көрсетіледі. Дәрi-дәрмектердi тегiн және 30 пайыз жеңілдікпен сатып алуға да жағдай жасалған. Тіпті, коммуналдық қызмет, электр қуаты, газ, жылу үшiн төлемдерге 50 және 25 пайызға дейін жеңілдік бар. Ал мұндай жеңілдіктен қырық жыл атом сынағының зардабын тартқан өңірдің тұрғындары неге қағылып отырғаны түсініксіз.
Жаңадан құрылған Абай облысында шешімін табуға тиіс өзекті мәселе көп. Көп болмай қайтсін, жиырма бес жыл күйі кетіп, өгейдің күйін кешсе. Халық жылдар бойы жинақталған әлеуметтік мәселелер енді ретіне қарай оң шешілерінен үміттеніп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш жылда Семейге үш рет келіп, елмен емен-жарқын жүздесіп, қалтарыста қалып қойған өңірдің өзекті мәселелерін көзбен көрді. Келген сайын Семейдегі елдің еңсесін тіктеуге тірек болар тапсырмаларын тиянақтап береді. Соның бастысы, әлбетте, өңір халқының денсаулығы, сынақтан зардап шеккен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай қалыптастыру екені белгілі. Бұл жайында Мемлекет басшысы қыркүйек айында Абай облысының жұртшылығымен жүздескенде тағы бір мәрте еске салды.
«Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек», деп қырық жыл қырғыннан қабырғасы қайыспай, жанарының оты сөнбеген елге ерекше ықылас білдірген еді.
Әзірге Үкімет үнсіз болса да, жергілікті билік тарапынан елордаға дүркін-дүркін ұсыныс жолданып тұрады. Әрине, Президенттің өзі ерекше мән беріп отырған Семей өңірі халқының денсаулығын жақсартуды жаңадан құрылып жатқан облыстық әкімдіктің еңсере алмасы анық. Оған құлық болғанымен қауқар жоқ, қаржы қолбайлау.
Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айнұр Сұлтанованың айтуынша, облыстық әкімдік, қоғамдық ұйымдар тарапынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бірнеше бағытта ұсыныстар жолданған.
«Зейнеткерлік жасты төмендету, төлемдердің көлемін өсіру, қосымша жеңілдіктерді қарастыру сияқты ұсыныстарымызды жолдадық. Аталған министрлікпен тиісті зерттеулер жасалып, қазіргі кезде бірқатар шаралар жобасы қарастырылып жатыр. Заңға өзгерістер енгізу Үкіметтің құзыретіне кіретін болғандықтан, нақты ақпарат бере алмаймын», деді басқарма басшысы.
Қырық жыл атом аждаһасының зардабын тартқан Семей өңірі халқының бар үміті ендігі жерде әділетті Қазақстанның еститін Үкіметінде. Лайықты әлеуметтік көмек көрсетуді, түрлі жеңілдіктер жасауды сынақтан тауқымет тартқан өңір жұртының жылдар бойы сарыла күтіп жүрген арманы деуге болады.
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,
журналист
СЕМЕЙ