Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2022

Әлеуметтік нысандар биоотынмен жылытылмақ

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінде өткен жедел кеңесте өңірдің жылу жүйесіне қатысты бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарға арзан отын биомассамен жанатын заманауи қазандықтарды орнату мәселесі сөз болды.

Әлеуметтік нысандар биоотынмен жылытылмақ

Таяуда ғана тағайындалған Құмар Ақсақалов өңір басшысы ретінде өзі шақырған алғашқы кеңестің жылу мәселесіне ар­налуы жайдан-жай еместігін атап өтіп, бұл саланың көптен бері тасада қалып қойғанын айтты. Мұның салдары енді ғана білініп жатыр. Мәселен, қыс кәріне мінбей жатып Боровской кентіндегі жылу орталығындағы негізгі қазандықтардың бірі істен шықты. Сондай-ақ Сарыкөл, Федоров аудандарындағы мектептер жылусыз қалды. 23 қара­ша­да Арқалық қаласының жылу-энергетикалық орталығындағы №5 жылу қазандығы істен шықты, 30 қарашада Рудный қаласында магистралды су құбыры жарылды. Апаттың бәрі дер кезінде қалпына келтірілді. Алайда бұл жағдайлар өңірдің жалпы жылу жүйесін, қазандықтар мен жылу жолдарының жай-күйін жете зерделеп, кешенді жөндеу, жаңарту жұмыстарын қолға алатын уақыттың жеткеніне көз жеткізіп отыр.

– Рудныйда жылу желілерінің 62%-ы әбден тозған. Қалаға жылу беретін жылу-энергетикалық орталық Соколов-Сарыбай тау-кен байыту комбинатының мен­шігінде. Мұндағы №3 жылу қазандығына әлі күнге дейін жөндеу жүріп жатыр. №5 жы­лу қазандығындағы жөндеу жұ­мыстары жыл соңында ғана аяқталады. Арқалықтың жылу құбырларының 85%-ы ескірген. Жер астындағы құбырларды ішінара жамап-жасқағанмен, жүйелі жұмыс жүргізілмеген. Арқалықтың жылу орталығын мазуттан көмірге ауыстыруды аяқтау маңызды. Бүгінде мұн­дағы жылу орталығында 2 қазандық көмірмен, 1 қазандық мазутпен жанады. Отпен ойнауға болмайды, бұл мәселе тікелей бақылауымда болады, – деді облыс әкімі Қ.Ақсақалов.

Жиынға қатысушыларды жылу маусымының барысы жа­йы­нан хабардар еткен облыс­тық энергетика және тұрғын үй құрылысы басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, биыл өңірде жылу жылдағыдай жоспарға сәйкес беріліп жатыр. Барлық нысандар жылу жүйелеріне қосылған. Жазда 48 шақырым жылу жүйесі жөнделіп, 15 шақырым су құбыры мен кәріз жүйесі жаңартылған. Қыстан қысылмай шығу үшін облысқа 465,4 мың тонна көмір қажет. Қолда 416 мың тонна көмір бар. Әлеуметтік нысандардың бәрі дерлік қатты отынмен қамтамасыз етілген.

Облыстық білім басқар­масы­ның басшысы Зәуре Бәй­­менованың айтуынша, Фе­доров ауданындағы орта мек­тептің жылусыз қалуы қазан­дықтың көмірден газға ауысуы­нан туын­даған. Бұған дейін көмірмен жылытылып келген білім нысаны биыл газға көшкен. Бірақ мердігер компания құрылыс жұмыстарын кешіктіріп тапсырғандықтан, үлкен ғимаратты жылытуға осыдан 4-5 күн бұрын қосылған газ пешінің қуаты жетпей қалған.

– Бүгінгі таңда Ы.Алтынсарин мектебіндегі 16 оқу кабинетінің тек екеуінде – математика және физика кабинеттерінде ғана сынап бағанасы 17 градусты көрсетіп тұр. Қалған сыныптарда қалыпты температура 18 градустан жоғары. Сонымен қатар, Сарыкөл кентіндегі Уриц­кий жалпы білім беретін мек­тебінің жылыту жүйесінен де ақау шыққан. Бұл нысан 2017 жыл­дан бері Қостанай жылу тасы­малдау компаниясына сенім­герлік басқаруға берілген. Тек­сере келгенде от жағушы өз мін­детін дұрыс атқармаған. Білім ошағындағы 20 оқу каби­нетінің екеуінде темпе­ра­­ту­ра 15 градустан жоғары көтерілмейді. Осыған байланысты 5-желтоқсаннан бастап 290 адам оқитын мектеп екі ауысымдық оқуға көшті, – деді З.Бәйменова.

Облыс басшысы өңірде биоотынмен жанатын жылу қазандықтарын тәжірибеге енгізу қажеттігін айтты.

– Бұл жерде көмірмен емес, сабанмен жанатын жылу қазан­дықтары туралы айтып отырмын. Бүгінде мұндай тәжірибені біраз өңірлер қолданып жатыр және ол тиімді әрі көмірге қара­ғанда екі есе арзан отын еке­нін көрсетіп отыр. Түптеп кел­генде, мұндай арзан отын қыр­уар бюджет қаржысын үнем­деуге мүмкіндік береді. Біз ал­дағы уақытта, әсіресе, әлеу­мет­тік нысандарды биомассамен жылытуға көшуіміз керек. Мұндай қазандықтарды жасап шығаратын компаниялар Қостанайда да бар. Сөйте тұра, қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Жылу қазандықтарын биотынға көшіру кезек күттірмейтін міндет, – деді облыс басшысы. 

Жиын соңында Қ.Ақсақалов аудан және қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына өздеріне тиесілі аумақтағы жылу желілерінің жұқарған тұстарын, ескірген жылу қазан­дықтарын анықтап, келесі жыл­ғы бюджет есебінен қаржы қарас­тыру үшін тез арада нақты ұсы­ныс әзірлеуді тапсырды.

 

Қостанай облысы