Медицина • 09 Желтоқсан, 2022

Сырқаттың тиімді емі

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Паркинсон сырқаты мазалайтын 52 жастағы Астана тұрғынын дәрігерлер қимыл-қозғалыс функцияларының бұзылысынан құтқарды. Науқасқа «оң жақ стереотактикалық таламотомия» операциясы жасалды. Басқаша айтқанда, науқас бас сүйегі арқылы мидың ортасына терең еніп, субталамикалық ядроға ток өтетін кішкентай электродтар енгізілді. Құрылғы аурудан зардап шеккен ми жасушаларының жұмысын терең ынталандырады. Импульс мидың зақымдалған бөліктеріне тікелей еніп, олардың қызметін тездетеді. Осылайша, Паркинсон ауруының белгілерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және оның ағымын баяулатады. Операция МӘМС аясында квота бойынша жасалды.

Сырқаттың тиімді емі

«Әлеуметтік медициналық сақ­­тан­­дыру қоры» КеАҚ Астана қа­ласы бо­йынша филиалы баспасөз қыз­ме­тінің хабарлауынша, Ұлттық ней­ро­хирургия орталығына Астана қала­­сының 52 жастағы тұрғы­ны меди­­­циналық көмекке жүгінді. Нау­­­қас­­­тың айтуынша, ол 2016 жыл­­дан бері Паркинсон ауруымен ауы­рады. Осы уақыт ішін­де ер адам үнемі Нейрохирургия орта­лы­ғының ма­мандарынан кеңес алып тұрды, тамырлы және функцио­налды нейрохирургия бөлімі ма­ман­дары­ның бақылауымен ұзақ уақыт бойы дәрі-дәрмектер арқылы ем (түзету тера­пиясын) қабылдады. Бірақ нау­қастың жағдайы жақсармады, қи­мыл-қозғалыс функциялары бұзы­ла бастады, қолдары мүлдем «тың­да­майтын» болды. Екі қолы қатты діріл­дейтіні соншалық, күнделікті өмірінде кедергі келтірді, бұлшық еттері икемге келмей, денесі сіресіп, қатайып кетті. Хирургиялық емнің оң әсері мен қауіпті жақтарын таразылай келе, ер адам операция жасатуға шешім қабылдайды.

«Соңғы кездері осы ауруға байланысты компьютерде жұмыс істей алмадым, бар зейінімді жұмысқа аудара алмадым. Күн сайын осы жағдай мені тұйыққа тірей бастады, сонымен қатар тоқтаусыз діріл­ден ұйқым бұзылды. Операциядан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезіне­мін. Діріл енді мазаламайды. Соған өте қуаныштымын. Оң қолым да, сол қолым да толығымен қалпы­на келді. Бұған дейін сол қолым ыр­қыма мүлдем бағынбаған кезде, дірілдің қатты болғаны сонша­лық, ол оң қолыма да берілетін еді. Опе­рациядан кейін бәрі жақсы», деп бөлісті науқас.

Науқасқа операция жасаған Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург-дәрігері Шыңғыс Нұриманов бұл туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. «Біз науқасқа «оң жақ стереотактикалық таламотомия» операциясын жасадық. Басқаша айтқанда, науқас бас сүйегі арқылы мидың ортасына терең еніп, субталамикалық ядроға ток өтетін кішкентай электродтар енгізілді. Құрылғы аурудан зардап шеккен ми жасушаларының жұмысын терең ынталандырады. Импульс мидың зақымдалған бөліктеріне тікелей еніп, олардың қызметін тездетеді. Осылайша, Паркинсон ауруының белгілерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және оның ағымын баяулатады», деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Шыңғыс Сағадатұлы.

Алайда дәрігер мұндай операция жасау үшін нақты көрсетімдер және қарсы көрсетімдер бар екенін жеткізді. Сонымен қатар асқынған ауруы бар және есте сақтау қабілеті нашар науқастарға мұндай имплантты орнықтыру нәтижелі бола қоймайды.

Айта кетейік, Ұлттық нейрохирургия орталығы 2013 жылдан бас­тап Паркинсон ауруын емдеудің нейрохирургиялық әдістерін – мидың терең нейростимуляциясын және паллидотомия, таламотомия сияқты аблятивті араласулар жүргізу әдістемесін енгізіп, сәтті қолданып жатыр. Бүгінде Ұлттық нейрохирургия орталығында тек Паркинсон сырқаты бойынша 480-нен аса хирургиялық араласу жасалды.