«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық нейрохирургия орталығына Астана қаласының 52 жастағы тұрғыны медициналық көмекке жүгінді. Науқастың айтуынша, ол 2016 жылдан бері Паркинсон ауруымен ауырады. Осы уақыт ішінде ер адам үнемі Нейрохирургия орталығының мамандарынан кеңес алып тұрды, тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімі мамандарының бақылауымен ұзақ уақыт бойы дәрі-дәрмектер арқылы ем (түзету терапиясын) қабылдады. Бірақ науқастың жағдайы жақсармады, қимыл-қозғалыс функциялары бұзыла бастады, қолдары мүлдем «тыңдамайтын» болды. Екі қолы қатты дірілдейтіні соншалық, күнделікті өмірінде кедергі келтірді, бұлшық еттері икемге келмей, денесі сіресіп, қатайып кетті. Хирургиялық емнің оң әсері мен қауіпті жақтарын таразылай келе, ер адам операция жасатуға шешім қабылдайды.
«Соңғы кездері осы ауруға байланысты компьютерде жұмыс істей алмадым, бар зейінімді жұмысқа аудара алмадым. Күн сайын осы жағдай мені тұйыққа тірей бастады, сонымен қатар тоқтаусыз дірілден ұйқым бұзылды. Операциядан кейін өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Діріл енді мазаламайды. Соған өте қуаныштымын. Оң қолым да, сол қолым да толығымен қалпына келді. Бұған дейін сол қолым ырқыма мүлдем бағынбаған кезде, дірілдің қатты болғаны соншалық, ол оң қолыма да берілетін еді. Операциядан кейін бәрі жақсы», деп бөлісті науқас.
Науқасқа операция жасаған Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің нейрохирург-дәрігері Шыңғыс Нұриманов бұл туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. «Біз науқасқа «оң жақ стереотактикалық таламотомия» операциясын жасадық. Басқаша айтқанда, науқас бас сүйегі арқылы мидың ортасына терең еніп, субталамикалық ядроға ток өтетін кішкентай электродтар енгізілді. Құрылғы аурудан зардап шеккен ми жасушаларының жұмысын терең ынталандырады. Импульс мидың зақымдалған бөліктеріне тікелей еніп, олардың қызметін тездетеді. Осылайша, Паркинсон ауруының белгілерін жеңілдетуге мүмкіндік береді және оның ағымын баяулатады», деп түсіндірді нейрохирург-дәрігер Шыңғыс Сағадатұлы.
Алайда дәрігер мұндай операция жасау үшін нақты көрсетімдер және қарсы көрсетімдер бар екенін жеткізді. Сонымен қатар асқынған ауруы бар және есте сақтау қабілеті нашар науқастарға мұндай имплантты орнықтыру нәтижелі бола қоймайды.
Айта кетейік, Ұлттық нейрохирургия орталығы 2013 жылдан бастап Паркинсон ауруын емдеудің нейрохирургиялық әдістерін – мидың терең нейростимуляциясын және паллидотомия, таламотомия сияқты аблятивті араласулар жүргізу әдістемесін енгізіп, сәтті қолданып жатыр. Бүгінде Ұлттық нейрохирургия орталығында тек Паркинсон сырқаты бойынша 480-нен аса хирургиялық араласу жасалды.