Фото: Zakon.kz
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті екі қыздың жоғалғаны туралы ақпаратты растады.
Болжам бойынша, Әнел Ерік 2005 жылы 31 желтоқсанда дүниеге келіп, 12 қараша күні таңертең үйден шығып кеткен. Оны Металлург саябағының аумағында көрген, содан кейін ол көзден ғайып болған. Оның отбасымен байланысы үзілген. Жоғалған кезде бойжеткеннің үстінде жасыл жейде, қара етік, шалбар және футболка болған.
Екінші қыз Айпара Тұлақбай 2000 жылы 17 шілдеде дүниеге келген. Ол 25 қарашада жоғалып кеткен. Оған ұқсас қызды 29 қарашада көрген.
Жоғалған қыздарды іздеуге Lider.kz қозғалысының еріктілері белсенді қатысып жатыр. Еріктілер тобының ШҚО бойынша бас үйлестірушісі Олеся Клинкованың айтуынша, іздестіру жұмысы ауруханаларды, мәйітханаларды тексеру, туыстарымен, достарымен сұхбат алу және әлеуметтік желілердегі деректерді талдау сияқты жүйе бойынша жүргізіліп жатыр.
«Екі қыздың да үйден өз еркімен кеткенін білеміз. Олардың шығуының мән-жайы анықталды, бірақ бұл ақпарат құпия. Біз бақылау камераларының бейнежазбаларын да тексердік, бірақ Өскемендегі кейбір камералар жұмыс істемейді. Алайда, Айпараға ұқсас қызды байқаған», деді Олеся Клинкова.
Сондай-ақ еріктілердің айтуынша, із-түзсіз жоғалғандардың туыстары іздеу жұмыстарына белсенді түрде атсалысып жатыр.