Фото: ЖИ
Ақтоты Болшова – елімізде электро домбырамен өнер көрсететін танымал тұлғалардың бірі. Ол домбыра үнін заманауи музыкамен үйлестіріп, өз туындыларын орындап келеді. Өнерпаз қолындағы аспабын шетелде арнайы жасатып, этно, джаз, рок және басқа жанрларды қазақы нақышпен орындайды. Оның өнері көпшілікті тәнті етпей қоймайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Өнер жұлдызы біз қозғаған мәселемен ұдайы кездесетінін айтады. Алайда мәселенің алдын алу үшін әуе компанияларының талабын сөзге келмей орындайтынын жеткізді. Ол ұлттық аспапқа қарапайым жүк ретінде қарамау керек деп санайды.
«Домбыра – қазақ халқының ұлттық мұрасы, рухани құндылығы. Сондықтан оны қарапайым жүк ретінде қарастыру дұрыс емес деп ойлаймын. Багаж бөлімінде аспап сынып қалуы немесе зақымдануы мүмкін. Домбыра өте нәзік аспап болғандықтан, оны иесі өзімен бірге алып жүргені жөн. Мен де осыған қатысты үнемі мәселелер туындайтын. Қазір проблеманың алдын алу үшін ақысын алдын ала төйлеп жүремін», дейді өнер иесі.
ЮНЕСКО басшылығы қазақ елін Ұлттық домбыра күнімен құттықтады
Аталған мәселе байланысты Көлік министрлігінің баспасөз қызметі «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқанын атап өтті. Ведомство ел азаматтарының өтініштерін ескере отырып, аталған жоба аясында алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды, әуе кемесінің салонында қол жүгі ретінде алып жүру құқығы бекітіледі. Бұл бастама азаматтардың жайлылығын арттыруға бағытталған.
«Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, музыкалық аспаптар өлшемі 110×35×30 см-ден және салмағы 10 келіден аспайтын қаптамада (футлярда) тасымалданады. Егер домбыраның жалпы салмағы әуе компаниясы белгілеген қол жүгі нормасынан асып кетсе немесе жолаушының домбырадан бөлек қосымша бірлік қол жүгі болса, онда нормадан тыс тасымалдау қолданыстағы қағидаларға сәйкес ақылы негізде жүзеге асырылады. Аталған түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және музыкалық аспаптарды әуе көлігімен тасымалдауды құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған», деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.