Тарих • 12 Желтоқсан, 2022

Тұлғалар тағылымы

458 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Байырғы Ақмоланың 1609 жылы негізі қаланып, 1962 жабылған «Қараөткел» мұсылман қорымы бүгінгі Астананың 1 млн 200 мыңнан асқан тұрғынын бейжай қалдырмауы керек. Мұнда Ақмола бекінісіне шабуыл жасап шаһит болған Кенесары ханның екі жүз батыры, әйгілі имам-шейхтар, төре-сұлтандар, мұсылман көпестері, олардың ұрпағы, Алаш қайраткері Хайретдин Болғанбайдың жастай шетінеген сәбилері жерленген. Ең соңғы қойылған тұлға – 1933 жылы қайтқан, бірақ сүйегінің күлі 2010 жылы елордаға Мәскеуден әкелінген Смағұл Садуақасұлы.

Тұлғалар тағылымы

1838 жылы 7 тамызда бол­ған Ақмола бекінісі үшін шай­қаста Кенесары ханмен бірге Арқа өңірінен, соның ішінде Ұлытау, Көкшетау, Қорғалжын топырағынан шыққан батыр­лар – Ағыбай, Бұқарбай, Басығара, Наурызбай, Жапабай Шуша, Ес, т.б. елдің ертеңі үшін ер­лікпен қаза тапқаны тарихтан мәлім. «Төңкеріске дейін шейх Бердібай қажы Қайроллаұлы және өзге де ел ағалары осы ерлікті еске түсіретін құлпытас орнатты» деген ауызша дерек айтылады. Ал ескерткіште есімі ойы­лып жазылған Иманқұл – өз за­ма­нының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болса керек.

Сол кезден қалған сөз бар: «Кене ханның тұсында, Қарт бу­радай жарадық. Жауды жас­қап, жапырып, Жауға қардай борадық...» (Хан Кене: жыр-толғаулар. Алматы: Ана тілі, 2012.- 424 б.).

Біз Кенесары ханға жиен бо­лып келеміз. Арғы тегіміз – Бө­ріші. Осы жерде талай қаһарман ба­бамыз жау жастанғаны ақи­қат. Атам Кәмел, әкем Тұяқ осы оқиғаларды аңыз етіп, ұр­пағына айтып отырды. Сон­дықтан да шығар, әкем екінші дүниежүзілік соғыста жүріп батыр бабаларымыз туралы өлең­мен жиі хат жазып тұрыпты. Бұл өзін де, елдегі ағайынын да жеңіске қайрағаны ғой.

ипопр

Нағашы бабам Әбдірахман қажыға барған, балаларын медреседе оқытқан иманды кісі болыпты. Осы қорымда жатқан Бердібай қажымен байланыста болған. Оның баласы – нағашы атам Хайретдин Болғанбай (1894-1937). Ол – Орынбордағы Ху­саиния медресесінде оқы­ған, «Қазақ» газетінде А.Бай­тұрсынұлы аға­сынан өнеге алған, кейін М.Шоқаймен бір­ге Түркістан автономиясын құ­рысқан қайраткер. Мағжан Жұ­мабаев өлеңдерінде оның аты мен заты жүр.

Осы бейітте нағашымның екі перзенті (Асхат, Гүлзи), яғни анам Гүлнәр Хайретдинқызы Болғанбайдың қос бауыры жерленіпті. Егер большевизм болмаса, Азамат соғысынан, аш­тықтан халық қырылмаса, Алаш зиялыларын қуғындамаса, олар өлер ме еді? Әрине, жоқ.

Осы қорымда анамның түп нағашысы Қоңырқұлжа Құдай­мендіұлы (1793-1866) да жерленген. Ол – Тәуке хан­ның ұрпағы, Ақмоланың аға сұлтаны. Патшаға дейін барып, қазақтан әскер алмауын сұраған қайраткер. 1842 жылы өз қа­ражатына Ақмола қаласында тұңғыш мешіт-медіресе сал­ғаны тарихтан мәлім. Қазір Ас­тана қаласындағы А.Иманов көшесі 2-үйдің қабырғасына Қоңырқұлжа Құдаймендіұлына арнап ескерткіш-тақта орна­тылған.

Бұл зиратқа анамның наға­шысы әйгілі Ақмола көпестері Халфиндердің де сүйегі қойыл­ған. Солардың бірі – Уәли Қа­жымұхамедұлы Халфин (1833-1894). Ол – атақты меценат, дін ағар­тушысы, қоғам қайраткері. Оның жұбайы Тәуірбала Бал­қымбайқызының (1841-1914) сүйегі қаракесек екен. Құлпытас 1894 жылы орнатылған. 2017 жылы оны арабшадан қазақшаға аударудың сәті түсті.

Башихдин, Қашип, Ға­лиакпар, Сыздық, Әбдірахман, Кәрім, Рақымжан, Ғалиасқар Хал­финдер – Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қаржылай кө­­­­мектескен тұлғалар. Олар «Сер­­ке», «Қазақ» газеттерін қар­­­жыландырған. Башихдин мен Қашип Шығыс Түркістан, Бұхара, Ресей қалалары арасына сауда керуенін жүргізіп, Ақ­мола қаласының экономи­касын дамытқан. Сыздық, Әб­дірахман, Ғалиасқар қалалық думаның мүшесі болған. Оларды біз білмейтін қоғамдық-сая­си, кә­сіби-іскерлік қызметі, тын­дырған жұмыстары қаншама. Мұны қазір Қазан ғалымдары да зерттеп жатыр.

Астана қаласында Уәли Хал­финге көше атына берілген. Ақ­моланың ескі альбомдарын­да осы кісінің екі қабат үйі бей­неленген. Осындай жеті үйі, қоймалары, сауда үйлері, кер­уен-сарайы болыпты. Бұл кі­сінің баласы Ғалиақпар Уә­ли­ұлы (1860-1916) да меценат, ағар­­тушы, қоғам қайраткері. Жұбайы Мәстура Абылайқызы Қоңырқұлжа – төре, Тәуке хан­ның ұрпағы, Кенесары ханның, Шо­қан Уәлиханның жиені, яғни Бәдіғұлжамал қа­рындасының қызы. Бәрі де бақиға озғанда, Қа­раөткел қорымына жерленген.

Хайретдин Болғанбай ата­мыз­дың жұбайы – Рахима Ғалиақпарқызы (1903–1986). Нағашы әжеміз – Тәуке ханның, Кенесары ханның, Шоқан Уәли­хановтың жиен ұрпағы.

Нағашы атамызға Қорғалжын орталығында, Астана қаласында көше аты берілген.

1920 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақ­тау жөніндегі мемлекеттік ко­миссия құрды. Біз, Алаш ұрпақтары, осы комиссия жұ­мысына зор үміт артамыз. Мы­салы, Хайретдин Болғанбай 1917 жылы 17 желтоқсаннан 1918 жылы 11 ақпанға дейін өмір сүрген Түркістан автономиясын (Қоқанда жарияланған) құрысуға атсалысты. Бұл автономия большевиктер тарапынан күшпен талқандалды. 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш комитетін құрысты. Бұған да большевизм көп зиянын тигізді. 1918-1920 жылдары Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, «Кирнинпроста» Б.Момыш­ұлының ұстазы Т.Отарбаевқа сабақ берген.1920 жылы ол Орын­бордағы «Ұшқын» газе­тінің, кейіннен аты «Еңбек туы» («Egemen Qazaqstan» бастауы) боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды. Осы жылы Ахмет, Әлихан, Смағұл, Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік бас­пасының сарапшылар алқасына енді. 1921 жыл ол М.Әуезов, Д.Әділовпен бірге Алаш Орда атынан Бұқарада большевизмге қарсы қозғалыс басшыларымен келіссөз жүргізіп, Зәки Уә­лидимен, Мұстафа Кемал паша адамдары – әскери қол­басшы Әнуар пашамен, депутат Исмаил Субхи-беймен, Ауған елшісі Абдурасулханмен кездескен. Осы кездесуде ол «Түркістан Ұлттық Бірлігін» құруға және келешек тәуелсіз Түркістанның бағдарламасын жасауға тікелей атсалысқан. Осы үшін 1928 жылдан қуғындалып, Алаштың 44 қайраткерімен алғаш Ал­матыдағы НКВД түрмесінде, кейін «Бутырка» түрмесінде отырған. ОГПУ тергеушісіне берген жауабында: «Мен кеңес өкіметіне сенбеймін. Ол түбі жойылады. Біз халықты қарсы көтерген жоқпыз, қаны төгіліп, жаны (адамы) қырылған соң, өздері көтерілуге мәжбүр болды. Елді қырып социализм, коммунизм орнату мүмкін емес» деген.

ОГПУ оны 1930-1934 жылдары Архангельск, Сыктывкарға айдап, қинады. Осында әйелі (нағашы апамыз) үш баласын ертіп, арып-ашып іздеп барды. Сол жерде Серік деген баласы ауырып қайтты. Қуғыннан келген соң үлкен қалаларға жолатпады. Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумына әрең қызметке тұрды. 1937 жылы қайта ұстап, 21 қарашада НКВД «үштігінің» пәрменімен атылды. Міне, нағыз саяси қу­ғын-сүргін, қызыл террор осы еді.

1

Салдарынан Хайретдиннің өз кіндігінен тарағандар, ағайын­­дары шеттетілді. Үш жұр­ты да осыны басынан кеш­ті. Қайын жұрты, яғни Ақ­моланы тұрғызуға қатысқан көпес Халфиндер басқа рес­публикаға, өзге қалаларға кө­шіп, бас сауғалады. Әжеміздің на­ғашылары – төре-сұлтандар әулеті де тар жол, тайғақ кешуден өтті.

Қараөткел қорымында сын­дырылған, бүлінген тастар бар. Соның біразы большевизмнің қаһарына іліккен осындай азаматтар ма екен деп ойлаймыз.

Сталин қайтқан соң, қу­ғын-сүргіннен қорықпай Н.С.Хру­щевке қайсар анамыз Гүл­нәр Хайретдинқызы 1956 жылы 22 желтоқсанда хат жазса, Алаш қайраткерінің жұ­байы, көпестің перзенті Ра­хима Ғалиақпарқызы 1957 жылы 19 ақпанда хат жолдаған. Ма­змұны – жазықсыз құрбан бол­ғандарды ақтау мәселесі. Бұл екі хат қайғы мен мұңға толы. Алла сәтін салып, Хай­ретдин Болғанбай 1957 жылы 24 тамызда ақталды.

«Халық жауының күйеу баласы» деген атақ біздің әкеміз, майдангер Тұяқ Кәмеловтің де бағын байлады. Талай жерде сүріндірді. Бірақ тайсалмай елде мұғалім болып, анамыз екеуі жеті ұл-қыз тәрбиеледі. Дегенмен қуғын-сүргін сал­мағынан ерте дүниеден озды. Баянды атамыздың ағасы Мұ­хамеджан Ыбырайұлын 1937 жылы «байдың баласы» деп соттайды. Одан кейінгі тағдыры бізге белгісіз...

Анамыз Гүлнәр Хайрет­дин­қызы білім саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, іскерлігінің ар­қасында «Халық ағарту ісі­нің үздік қызметкері», Ленин орденінің иегері атанды. Ол кісі басқарған Қорғалжындағы Сабынды ор­та мектебі аудан, облыс, рес­публика деңгейінде озықтар қатарына шықты. Ана­мыз депутат та, делегат та болды. На­ғашы ағамыз (анамның бауыры) Ерік Хайретдинұлы елде жемісті еңбек етіп, кейін ұзақ жыл ҚазКСР Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінде жауапты қызмет ат­қарды. Д.А.Қонаев қуғын-сүргін құр­бан­дары ұрпағын үндемей-ақ сыйлағанының кө­рінісі – осы ағамыздың еңбек пен абырой жолын ашқаны деуге болады. Анамның інісі Мұрат та Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет істеді. Қазір бәрі де бақилық.

2012-2013 жылдары Қара­өткел қорымын зерттеген азаматтармен жолығып, кеңесіп, Хайретдин Болғанбайдың ұл-қызы мен нағашы әжеміздің (әйгілі көпестер әулетінің) бейі­тін тауып, құлпытас орнат­тық. Құран бағыштап, құдайы-ас бердік.

Хайретдин Болғанбайдың жұбайы Рахима анамыз бен Ерік Хайретдинұлы Алматыда қайтып, сүйегі Кеңсайға қо­йылды. Соңғы табылған деректерде «Хайретдин Болғанбай атылған соң, сүйегі талай зиялымен бірге Алматы маңындағы Жаңалыққа жасырын жерленген» делінеді. Біз осыны медет тұтып, қуғын-сүргін құр­бан­дарының Алматыдағы шарасына тұрақты қатысып тұрамыз. Бұл қалада да ағайын­дарымыз бар.

1

Анамыз Гүлнәр Хайрет­дин­қызы жасы келгенде көп ізденіп, әкеміздің бір кіта­бын шығарып кетті. Ол кісі атамызды зерттеу­ге атса­лыс­қан майдангер Қа­был­­тай Нұр­мағанбетұлынан бас­тап, Тілеубек Ысқақов, Тұр­сын Жұртбай, Серік Неги­мов, Ба­уыржан Омарұлы, Ди­хан Қам­забекұлы, Зиябек Қа­был­динов т.б. азаматтарға риза­шы­лығын білдіріп, батасын бер­ді. Біз ға­лымдармен бірлесіп бір­неше кітап, жинақ шығардық, конференциялар өткіздік.

Өзім ұрпағы ретінде арнайы қор құрып, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымды зерттей бастадым. «Менің анам – Алаш қызы» атты еңбек жаздым. Елордадағы Академиялық кітапханаға, Астана қаласы мұ­рағатына атамызға, әкемізге, ана­мызға қатысты тың құжат­тарды жүйелеп тапсырдым. Қор­ғалжын ауданына барып, жас буынға Алаш тарихы туралы дәріс оқыдым. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Есболұлы, т.б. Алаш қайраткерлері жиындарында Хайретдин Бол­ғанбайдың ұрпағы ретінде сөз сөйледім. «Бей­мәлім Алаш: Хай­ретдин Болғанбаев», «Х.Бол­­ганбаевтың ақырғы кү­зі» атты отандық телеарналар даяр­­лаған деректі фильм­дерге сұхбат бердім. Астана уни­вер­ситеттері жастарымен кездесу өткізіп, Алаш тағылымын шеберлік-сынып форматында насихаттап жүрмін.

Өңір тарихының өзегі – елге қорған батырлар мен халық парасатын жалғаған зиялылардың ерлігі. Бұл – елдіктің жолы, имандылықтың өнегесі. Бүгінгі ұрпақ осы өлшем мен абырой биігінен көрінуі керек.

 

Жамбыл Кәмелов,

«Х.Болғанбай қоғамдық қоры» төрағасы, спорт саласының ардагері