1838 жылы 7 тамызда болған Ақмола бекінісі үшін шайқаста Кенесары ханмен бірге Арқа өңірінен, соның ішінде Ұлытау, Көкшетау, Қорғалжын топырағынан шыққан батырлар – Ағыбай, Бұқарбай, Басығара, Наурызбай, Жапабай Шуша, Ес, т.б. елдің ертеңі үшін ерлікпен қаза тапқаны тарихтан мәлім. «Төңкеріске дейін шейх Бердібай қажы Қайроллаұлы және өзге де ел ағалары осы ерлікті еске түсіретін құлпытас орнатты» деген ауызша дерек айтылады. Ал ескерткіште есімі ойылып жазылған Иманқұл – өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болса керек.
Сол кезден қалған сөз бар: «Кене ханның тұсында, Қарт бурадай жарадық. Жауды жасқап, жапырып, Жауға қардай борадық...» (Хан Кене: жыр-толғаулар. Алматы: Ана тілі, 2012.- 424 б.).
Біз Кенесары ханға жиен болып келеміз. Арғы тегіміз – Бөріші. Осы жерде талай қаһарман бабамыз жау жастанғаны ақиқат. Атам Кәмел, әкем Тұяқ осы оқиғаларды аңыз етіп, ұрпағына айтып отырды. Сондықтан да шығар, әкем екінші дүниежүзілік соғыста жүріп батыр бабаларымыз туралы өлеңмен жиі хат жазып тұрыпты. Бұл өзін де, елдегі ағайынын да жеңіске қайрағаны ғой.
Нағашы бабам Әбдірахман қажыға барған, балаларын медреседе оқытқан иманды кісі болыпты. Осы қорымда жатқан Бердібай қажымен байланыста болған. Оның баласы – нағашы атам Хайретдин Болғанбай (1894-1937). Ол – Орынбордағы Хусаиния медресесінде оқыған, «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынұлы ағасынан өнеге алған, кейін М.Шоқаймен бірге Түркістан автономиясын құрысқан қайраткер. Мағжан Жұмабаев өлеңдерінде оның аты мен заты жүр.
Осы бейітте нағашымның екі перзенті (Асхат, Гүлзи), яғни анам Гүлнәр Хайретдинқызы Болғанбайдың қос бауыры жерленіпті. Егер большевизм болмаса, Азамат соғысынан, аштықтан халық қырылмаса, Алаш зиялыларын қуғындамаса, олар өлер ме еді? Әрине, жоқ.
Осы қорымда анамның түп нағашысы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы (1793-1866) да жерленген. Ол – Тәуке ханның ұрпағы, Ақмоланың аға сұлтаны. Патшаға дейін барып, қазақтан әскер алмауын сұраған қайраткер. 1842 жылы өз қаражатына Ақмола қаласында тұңғыш мешіт-медіресе салғаны тарихтан мәлім. Қазір Астана қаласындағы А.Иманов көшесі 2-үйдің қабырғасына Қоңырқұлжа Құдаймендіұлына арнап ескерткіш-тақта орнатылған.
Бұл зиратқа анамның нағашысы әйгілі Ақмола көпестері Халфиндердің де сүйегі қойылған. Солардың бірі – Уәли Қажымұхамедұлы Халфин (1833-1894). Ол – атақты меценат, дін ағартушысы, қоғам қайраткері. Оның жұбайы Тәуірбала Балқымбайқызының (1841-1914) сүйегі қаракесек екен. Құлпытас 1894 жылы орнатылған. 2017 жылы оны арабшадан қазақшаға аударудың сәті түсті.
Башихдин, Қашип, Ғалиакпар, Сыздық, Әбдірахман, Кәрім, Рақымжан, Ғалиасқар Халфиндер – Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қаржылай көмектескен тұлғалар. Олар «Серке», «Қазақ» газеттерін қаржыландырған. Башихдин мен Қашип Шығыс Түркістан, Бұхара, Ресей қалалары арасына сауда керуенін жүргізіп, Ақмола қаласының экономикасын дамытқан. Сыздық, Әбдірахман, Ғалиасқар қалалық думаның мүшесі болған. Оларды біз білмейтін қоғамдық-саяси, кәсіби-іскерлік қызметі, тындырған жұмыстары қаншама. Мұны қазір Қазан ғалымдары да зерттеп жатыр.
Астана қаласында Уәли Халфинге көше атына берілген. Ақмоланың ескі альбомдарында осы кісінің екі қабат үйі бейнеленген. Осындай жеті үйі, қоймалары, сауда үйлері, керуен-сарайы болыпты. Бұл кісінің баласы Ғалиақпар Уәлиұлы (1860-1916) да меценат, ағартушы, қоғам қайраткері. Жұбайы Мәстура Абылайқызы Қоңырқұлжа – төре, Тәуке ханның ұрпағы, Кенесары ханның, Шоқан Уәлиханның жиені, яғни Бәдіғұлжамал қарындасының қызы. Бәрі де бақиға озғанда, Қараөткел қорымына жерленген.
Хайретдин Болғанбай атамыздың жұбайы – Рахима Ғалиақпарқызы (1903–1986). Нағашы әжеміз – Тәуке ханның, Кенесары ханның, Шоқан Уәлихановтың жиен ұрпағы.
Нағашы атамызға Қорғалжын орталығында, Астана қаласында көше аты берілген.
1920 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Біз, Алаш ұрпақтары, осы комиссия жұмысына зор үміт артамыз. Мысалы, Хайретдин Болғанбай 1917 жылы 17 желтоқсаннан 1918 жылы 11 ақпанға дейін өмір сүрген Түркістан автономиясын (Қоқанда жарияланған) құрысуға атсалысты. Бұл автономия большевиктер тарапынан күшпен талқандалды. 1917-1918 жылдары Ақмолада Алаш комитетін құрысты. Бұған да большевизм көп зиянын тигізді. 1918-1920 жылдары Ташкентте оқу ісінің меңгерушісі, мұғалім, «Кирнинпроста» Б.Момышұлының ұстазы Т.Отарбаевқа сабақ берген.1920 жылы ол Орынбордағы «Ұшқын» газетінің, кейіннен аты «Еңбек туы» («Egemen Qazaqstan» бастауы) боп өзгерген осы басылым жалғасының алқа мүшесі болды. Осы жылы Ахмет, Әлихан, Смағұл, Жүсіпбектермен бірге «Қазақстан» мемлекеттік баспасының сарапшылар алқасына енді. 1921 жыл ол М.Әуезов, Д.Әділовпен бірге Алаш Орда атынан Бұқарада большевизмге қарсы қозғалыс басшыларымен келіссөз жүргізіп, Зәки Уәлидимен, Мұстафа Кемал паша адамдары – әскери қолбасшы Әнуар пашамен, депутат Исмаил Субхи-беймен, Ауған елшісі Абдурасулханмен кездескен. Осы кездесуде ол «Түркістан Ұлттық Бірлігін» құруға және келешек тәуелсіз Түркістанның бағдарламасын жасауға тікелей атсалысқан. Осы үшін 1928 жылдан қуғындалып, Алаштың 44 қайраткерімен алғаш Алматыдағы НКВД түрмесінде, кейін «Бутырка» түрмесінде отырған. ОГПУ тергеушісіне берген жауабында: «Мен кеңес өкіметіне сенбеймін. Ол түбі жойылады. Біз халықты қарсы көтерген жоқпыз, қаны төгіліп, жаны (адамы) қырылған соң, өздері көтерілуге мәжбүр болды. Елді қырып социализм, коммунизм орнату мүмкін емес» деген.
ОГПУ оны 1930-1934 жылдары Архангельск, Сыктывкарға айдап, қинады. Осында әйелі (нағашы апамыз) үш баласын ертіп, арып-ашып іздеп барды. Сол жерде Серік деген баласы ауырып қайтты. Қуғыннан келген соң үлкен қалаларға жолатпады. Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумына әрең қызметке тұрды. 1937 жылы қайта ұстап, 21 қарашада НКВД «үштігінің» пәрменімен атылды. Міне, нағыз саяси қуғын-сүргін, қызыл террор осы еді.
Салдарынан Хайретдиннің өз кіндігінен тарағандар, ағайындары шеттетілді. Үш жұрты да осыны басынан кешті. Қайын жұрты, яғни Ақмоланы тұрғызуға қатысқан көпес Халфиндер басқа республикаға, өзге қалаларға көшіп, бас сауғалады. Әжеміздің нағашылары – төре-сұлтандар әулеті де тар жол, тайғақ кешуден өтті.
Қараөткел қорымында сындырылған, бүлінген тастар бар. Соның біразы большевизмнің қаһарына іліккен осындай азаматтар ма екен деп ойлаймыз.
Сталин қайтқан соң, қуғын-сүргіннен қорықпай Н.С.Хрущевке қайсар анамыз Гүлнәр Хайретдинқызы 1956 жылы 22 желтоқсанда хат жазса, Алаш қайраткерінің жұбайы, көпестің перзенті Рахима Ғалиақпарқызы 1957 жылы 19 ақпанда хат жолдаған. Мазмұны – жазықсыз құрбан болғандарды ақтау мәселесі. Бұл екі хат қайғы мен мұңға толы. Алла сәтін салып, Хайретдин Болғанбай 1957 жылы 24 тамызда ақталды.
«Халық жауының күйеу баласы» деген атақ біздің әкеміз, майдангер Тұяқ Кәмеловтің де бағын байлады. Талай жерде сүріндірді. Бірақ тайсалмай елде мұғалім болып, анамыз екеуі жеті ұл-қыз тәрбиеледі. Дегенмен қуғын-сүргін салмағынан ерте дүниеден озды. Баянды атамыздың ағасы Мұхамеджан Ыбырайұлын 1937 жылы «байдың баласы» деп соттайды. Одан кейінгі тағдыры бізге белгісіз...
Анамыз Гүлнәр Хайретдинқызы білім саласында ұзақ жыл жұмыс істеп, іскерлігінің арқасында «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері», Ленин орденінің иегері атанды. Ол кісі басқарған Қорғалжындағы Сабынды орта мектебі аудан, облыс, республика деңгейінде озықтар қатарына шықты. Анамыз депутат та, делегат та болды. Нағашы ағамыз (анамның бауыры) Ерік Хайретдинұлы елде жемісті еңбек етіп, кейін ұзақ жыл ҚазКСР Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінде жауапты қызмет атқарды. Д.А.Қонаев қуғын-сүргін құрбандары ұрпағын үндемей-ақ сыйлағанының көрінісі – осы ағамыздың еңбек пен абырой жолын ашқаны деуге болады. Анамның інісі Мұрат та Ауыл шаруашылығы министрлігінде жауапты қызмет істеді. Қазір бәрі де бақилық.
2012-2013 жылдары Қараөткел қорымын зерттеген азаматтармен жолығып, кеңесіп, Хайретдин Болғанбайдың ұл-қызы мен нағашы әжеміздің (әйгілі көпестер әулетінің) бейітін тауып, құлпытас орнаттық. Құран бағыштап, құдайы-ас бердік.
Хайретдин Болғанбайдың жұбайы Рахима анамыз бен Ерік Хайретдинұлы Алматыда қайтып, сүйегі Кеңсайға қойылды. Соңғы табылған деректерде «Хайретдин Болғанбай атылған соң, сүйегі талай зиялымен бірге Алматы маңындағы Жаңалыққа жасырын жерленген» делінеді. Біз осыны медет тұтып, қуғын-сүргін құрбандарының Алматыдағы шарасына тұрақты қатысып тұрамыз. Бұл қалада да ағайындарымыз бар.
Анамыз Гүлнәр Хайретдинқызы жасы келгенде көп ізденіп, әкеміздің бір кітабын шығарып кетті. Ол кісі атамызды зерттеуге атсалысқан майдангер Қабылтай Нұрмағанбетұлынан бастап, Тілеубек Ысқақов, Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов, Бауыржан Омарұлы, Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов т.б. азаматтарға ризашылығын білдіріп, батасын берді. Біз ғалымдармен бірлесіп бірнеше кітап, жинақ шығардық, конференциялар өткіздік.
Өзім ұрпағы ретінде арнайы қор құрып, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымды зерттей бастадым. «Менің анам – Алаш қызы» атты еңбек жаздым. Елордадағы Академиялық кітапханаға, Астана қаласы мұрағатына атамызға, әкемізге, анамызға қатысты тың құжаттарды жүйелеп тапсырдым. Қорғалжын ауданына барып, жас буынға Алаш тарихы туралы дәріс оқыдым. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Есболұлы, т.б. Алаш қайраткерлері жиындарында Хайретдин Болғанбайдың ұрпағы ретінде сөз сөйледім. «Беймәлім Алаш: Хайретдин Болғанбаев», «Х.Болганбаевтың ақырғы күзі» атты отандық телеарналар даярлаған деректі фильмдерге сұхбат бердім. Астана университеттері жастарымен кездесу өткізіп, Алаш тағылымын шеберлік-сынып форматында насихаттап жүрмін.
Өңір тарихының өзегі – елге қорған батырлар мен халық парасатын жалғаған зиялылардың ерлігі. Бұл – елдіктің жолы, имандылықтың өнегесі. Бүгінгі ұрпақ осы өлшем мен абырой биігінен көрінуі керек.
Жамбыл Кәмелов,
«Х.Болғанбай қоғамдық қоры» төрағасы, спорт саласының ардагері