Қоғам • 20 Желтоқсан, 2022

Құба жонда құлан жортар күн қайда?

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертеде Торғай даласы құланға құт мекен болған деседі. Мұндай деректер әртүрлі аңыз, әңгімелер мен көркем әдебиетте де кездесіп қалады. Мәселен, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында Арқа, Қабырға, Торғай, Есіл алқабындағы ел баспас иенде үйір-үйір құлан жосып жүретіні айтылады. Құла түзде еркін жортқан сиыр құйрық, қысқа жал жылқы тұқымдас түз жануарының ең соңғы тұяғы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан кейін біржола жоғалып кеткен.

Құба жонда құлан жортар күн қайда?

Биолог-ғалымдар Торғай таба­нындағы қазақы құландар алапат жұттың, сондай-ақ бақылаусыз аңшы­лықтың және төрт түлікпен арадағы жайылым бәсекесінің салдарынан жойы­лып кеткен деп топшылайды.

Қазақстанда құландарды қайта жерс­індіру жұмыстары өткен ғасырдың орта шенінен бастау алады. 1953-1961 жылдар аралығында Барсакелмес аралына Түрікменстанның Бадхыз қорығынан әкелінген 14 бас құлан жіберілді. Мұндағы құланның саны 200-ге жеткенде, Арал теңізі тартыла бас­тағандықтан, су құрамындағы тұз көбейіп кетеді. Құландар да жылқы тәрізді, тұзды су іше алмайды, сон­дықтан 1982-1983 жылдары аралдағы құланның біразы қазіргі Алтын-Емелге көшіріледі. Солтүстігін биік тау қоршап, оңтүстігін Қапшағай су қой­масы мен Іле өзені алып жатқан бұл аумақтан жануарлар ешқайда ауып кете алмайды. Артынша Шу өзенінің оң жаға­лауындағы Андасай, Маңғыстау өңіріндегі Ақтау-Бозашы мемлекеттік қорық­тарына да құлан жіберіледі. Кейін Андасай қорығындағы құландардың саны 2,5 мыңға жеткен соң, мемлекет тапсырысы мен арнайы бағдарламалар аясында тұяқты жануарлардың бәрі Алтын-Емел ұлттық паркіне көшірілді.

Алтын-Емелдің аумағында қайта пайда болған құландар популяциясы бүгінде тұяқты жабайы жануарлардың әлемдегі ең табысты реинтродукциясы ретінде мойындалып отыр. Сондай-ақ Алтын-Емел бүгінгі таңда құландардың ең ірі еркін популяциясы тараған бірден-бір аумақ болып табылады.

Соңғы санақ мәліметтері бойынша, Қазақстандағы құландар саны 4 660 басқа жеткен. Оның 3 608-і – Алтын-Емел ұлттық паркінің аумағында. Алайда бұл көрсеткіш 1930 жылдарға дейінгі құландар ареалының 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан Қызыл кітапқа енген тұяқтылардың қалыпты тіршілік етуі­не, көбеюіне қолайлы жер керек. Бұл орайда биолог-ғалымдардың таңдауы Торғай даласына түскен сыңайлы.

Қалай десек те, құланның тарихи ареалы Торғайда деген болжам бар. Сондықтан кейінгі бес жылдан бері Қазақ­стан биоалуантүрлілікті сақтау ассо­циациясы Қостанай облысынан оңтүс­тікке қарай созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ сайын далада құландар популяциясын қалпына келтіру жұмыста­рын жүргізіп жатыр. Көп жылдарды қажет ететін ауқымды шараны жүзеге асы­руға «Алтын-Емел» ұлттық паркі, «Охотзоопром» ӨБ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы комитеті, сон­дай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тұяқты жануарларды қор­ғайтын бірқатар халықаралық ұйым­дар тартылған. Аталған жобаның ойда­ғыдай іске асуына Франкфурт зоо­логиялық қоғамы да қомақты үлес қосып, сараптамалық және қаржылық қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.

2017 жылы Қостанай облысына «Алтын-Емел» ұлттық паркінен 9 бас, 2019 жылы тағы 2 бас құлан әкелінген. Бүгінде Торғайдағы «Алтын дала» табиғи резерватының аумағында орналасқан ҚБСА-ның жабайы тұяқтылар реинтродукциясы орталығында үш құлан мен одан туған екі құлын бар.

– Бүгінде еліміздегі құландар популяциясын қалпына келтіру мақсатында реинтродукция жұмыстары белсенді жүруде. Яғни бір кездерде жойылып кеткен түз жануарларын байырғы ме­ке­ніне қайта жерсіндіріп жатырмыз. Құлан­дар арнайы жәшіктерге қамалып, тік­ұшақпен әкелінеді. Реинтродукция орталығы мен «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аралығы 2 100 шақырым еке­нін ескерсек, бұл – бүгінгі таңдағы ең жыл­дам әрі ең қауіпсіз тасымалдау тә­сілі. Алматы мен Қарағандыны жалғап жат­­қан автокөлік жолындағы жөндеу жұ­мыс­тары аяқталған соң, құландарды үйірі­мен тасу мүмкіндігі туады деген үміттеміз. Облыс аумағына жеткізілген түз жануарлары «Алтын дала» табиғи резерватындағы арнайы қоршалған жерге жіберіледі. Құландар мұнда бір жылдай болған соң, әрқайсысына оның қай жерде жүргенін көрсетіп тұратын мо­йынбау тағып, далаға еркіне қоя береміз. Қараша айының басында тікұшақпен 2 құлан әкелінді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Рустам Бидібаев.

Бас маманның айтуынша, өңірге 2017 жылы әкелінген 9 құлан бір жылдай аумағы 40 гектарлық арнайы қоршаудың ішінде тұрып, 2018 жылы ғана сайын далаға жіберілген. Еркіндік алған жануар­лар алғаш тәулігіне 60-70 шақырымға дейін басып өтіп жүріп­ті. Қысқа күн ішінде осыншама ұзақ қашықтықты жүріп өтетіндей жануар­дың жанына не зор келді десеңізші. Сөйтсек, құ­ландар жаңа мекенді алдымен зерттеп, біліп алмай тыншымайды екен. Айна­лада өзен-көлдердің, жайылымның жет­кілікті екеніне көз жеткізген жануар, өзі тұрақтаған жерге ең жақын жатқан жайылымда өріп, ең жақын суаттан шөл басатын көрінеді.

Өкінішке қарай, өңірге алғаш әке­лінген құландардың бірнешеуі бүгінде жоқ. Жануарлардың өлексесі оларға еркіне жіберер алдында тағылған жер­серіктік мойынбау арқылы табылды. Бір аналық өз ажалынан өлсе, екі айғыр браконьерлердің құрбаны болған. Ізім-ғайым жоғалған бір құлан араға бір жарым жыл салып, резерват аумағына қайта оралыпты. Одан өзге аман қалған үш аналық «Алтын дала» аумағында жүр. Оларды кейде жергілікті малшылар, кейде қорықшылар алыстан көріп қалады.

Биыл, жыл аяқталғанша, Торғай­ға тағы 4 құлан жеткізіледі. Ал 2026 жыл­ға дейін өңірге 130 бас түз жануа­рын әкелу көзделіп отыр. Жоспар ой­дағыдай орындалса, құйрығы жоқ, жалы жоқ тұяқтылардың саны 10 жылдың ішінде 600-700-ге дейін көбейеді екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, құлан­сыраған құба жонда түз жануарлары үйір-үйірімен жөңкіліп жүретін күн де алыс емес сияқты.

 

Қостанай облысы