Биолог-ғалымдар Торғай табанындағы қазақы құландар алапат жұттың, сондай-ақ бақылаусыз аңшылықтың және төрт түлікпен арадағы жайылым бәсекесінің салдарынан жойылып кеткен деп топшылайды.
Қазақстанда құландарды қайта жерсіндіру жұмыстары өткен ғасырдың орта шенінен бастау алады. 1953-1961 жылдар аралығында Барсакелмес аралына Түрікменстанның Бадхыз қорығынан әкелінген 14 бас құлан жіберілді. Мұндағы құланның саны 200-ге жеткенде, Арал теңізі тартыла бастағандықтан, су құрамындағы тұз көбейіп кетеді. Құландар да жылқы тәрізді, тұзды су іше алмайды, сондықтан 1982-1983 жылдары аралдағы құланның біразы қазіргі Алтын-Емелге көшіріледі. Солтүстігін биік тау қоршап, оңтүстігін Қапшағай су қоймасы мен Іле өзені алып жатқан бұл аумақтан жануарлар ешқайда ауып кете алмайды. Артынша Шу өзенінің оң жағалауындағы Андасай, Маңғыстау өңіріндегі Ақтау-Бозашы мемлекеттік қорықтарына да құлан жіберіледі. Кейін Андасай қорығындағы құландардың саны 2,5 мыңға жеткен соң, мемлекет тапсырысы мен арнайы бағдарламалар аясында тұяқты жануарлардың бәрі Алтын-Емел ұлттық паркіне көшірілді.
Алтын-Емелдің аумағында қайта пайда болған құландар популяциясы бүгінде тұяқты жабайы жануарлардың әлемдегі ең табысты реинтродукциясы ретінде мойындалып отыр. Сондай-ақ Алтын-Емел бүгінгі таңда құландардың ең ірі еркін популяциясы тараған бірден-бір аумақ болып табылады.
Соңғы санақ мәліметтері бойынша, Қазақстандағы құландар саны 4 660 басқа жеткен. Оның 3 608-і – Алтын-Емел ұлттық паркінің аумағында. Алайда бұл көрсеткіш 1930 жылдарға дейінгі құландар ареалының 1 пайызына да жетпейді. Сондықтан Қызыл кітапқа енген тұяқтылардың қалыпты тіршілік етуіне, көбеюіне қолайлы жер керек. Бұл орайда биолог-ғалымдардың таңдауы Торғай даласына түскен сыңайлы.
Қалай десек те, құланның тарихи ареалы Торғайда деген болжам бар. Сондықтан кейінгі бес жылдан бері Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы Қостанай облысынан оңтүстікке қарай созылып жатқан ұшы-қиыры жоқ сайын далада құландар популяциясын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көп жылдарды қажет ететін ауқымды шараны жүзеге асыруға «Алтын-Емел» ұлттық паркі, «Охотзоопром» ӨБ, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы комитеті, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тұяқты жануарларды қорғайтын бірқатар халықаралық ұйымдар тартылған. Аталған жобаның ойдағыдай іске асуына Франкфурт зоологиялық қоғамы да қомақты үлес қосып, сараптамалық және қаржылық қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.
2017 жылы Қостанай облысына «Алтын-Емел» ұлттық паркінен 9 бас, 2019 жылы тағы 2 бас құлан әкелінген. Бүгінде Торғайдағы «Алтын дала» табиғи резерватының аумағында орналасқан ҚБСА-ның жабайы тұяқтылар реинтродукциясы орталығында үш құлан мен одан туған екі құлын бар.
– Бүгінде еліміздегі құландар популяциясын қалпына келтіру мақсатында реинтродукция жұмыстары белсенді жүруде. Яғни бір кездерде жойылып кеткен түз жануарларын байырғы мекеніне қайта жерсіндіріп жатырмыз. Құландар арнайы жәшіктерге қамалып, тікұшақпен әкелінеді. Реинтродукция орталығы мен «Алтын-Емел» ұлттық паркінің аралығы 2 100 шақырым екенін ескерсек, бұл – бүгінгі таңдағы ең жылдам әрі ең қауіпсіз тасымалдау тәсілі. Алматы мен Қарағандыны жалғап жатқан автокөлік жолындағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң, құландарды үйірімен тасу мүмкіндігі туады деген үміттеміз. Облыс аумағына жеткізілген түз жануарлары «Алтын дала» табиғи резерватындағы арнайы қоршалған жерге жіберіледі. Құландар мұнда бір жылдай болған соң, әрқайсысына оның қай жерде жүргенін көрсетіп тұратын мойынбау тағып, далаға еркіне қоя береміз. Қараша айының басында тікұшақпен 2 құлан әкелінді, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бас маманы Рустам Бидібаев.
Бас маманның айтуынша, өңірге 2017 жылы әкелінген 9 құлан бір жылдай аумағы 40 гектарлық арнайы қоршаудың ішінде тұрып, 2018 жылы ғана сайын далаға жіберілген. Еркіндік алған жануарлар алғаш тәулігіне 60-70 шақырымға дейін басып өтіп жүріпті. Қысқа күн ішінде осыншама ұзақ қашықтықты жүріп өтетіндей жануардың жанына не зор келді десеңізші. Сөйтсек, құландар жаңа мекенді алдымен зерттеп, біліп алмай тыншымайды екен. Айналада өзен-көлдердің, жайылымның жеткілікті екеніне көз жеткізген жануар, өзі тұрақтаған жерге ең жақын жатқан жайылымда өріп, ең жақын суаттан шөл басатын көрінеді.
Өкінішке қарай, өңірге алғаш әкелінген құландардың бірнешеуі бүгінде жоқ. Жануарлардың өлексесі оларға еркіне жіберер алдында тағылған жерсеріктік мойынбау арқылы табылды. Бір аналық өз ажалынан өлсе, екі айғыр браконьерлердің құрбаны болған. Ізім-ғайым жоғалған бір құлан араға бір жарым жыл салып, резерват аумағына қайта оралыпты. Одан өзге аман қалған үш аналық «Алтын дала» аумағында жүр. Оларды кейде жергілікті малшылар, кейде қорықшылар алыстан көріп қалады.
Биыл, жыл аяқталғанша, Торғайға тағы 4 құлан жеткізіледі. Ал 2026 жылға дейін өңірге 130 бас түз жануарын әкелу көзделіп отыр. Жоспар ойдағыдай орындалса, құйрығы жоқ, жалы жоқ тұяқтылардың саны 10 жылдың ішінде 600-700-ге дейін көбейеді екен. Мамандардың сөзіне сүйенсек, құлансыраған құба жонда түз жануарлары үйір-үйірімен жөңкіліп жүретін күн де алыс емес сияқты.
Қостанай облысы