Ғылым • 13 Қаңтар, 2023

Төрт түлікті кім емдейді?

325 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде 2022 жылы 30 қарашада Өмірзақ Сұлтановтың «Зоотехник мамандығы келмеске кете ме?» атты мақа­ласы жарияланып, онда көрсетілген мәліметтер осы маман­дық­тың еліміздегі мал шаруашылығын өркендетуде ерек­ше орны бар екенін көрсетті. Бұл тақырып мені де көптен тол­ған­дырып жүр­ген еді.

Төрт түлікті кім емдейді?

Жалпы, қазақ халқы кең-бай­тақ даланың ыстығы мен суы­ғы­на қалыптаса отырып мал шаруа­­шылығымен кең көлемде ай­­налысты әрі өркендете білді. Хал­­қымыздың осы саламен ерте за­маннан бастап айналысуына негіз де бар. Ең алдымен әлемдегі жайылым жер көлемі бойынша қазақ даласы (187 млн га) бесінші ел болып саналады. Екіншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан тә­жіри­бе нәтижесінде төрт түлік малды өсіру – халқымыздың ата­кәсібі. Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» дегендей, малды әулие санаған қазақ халқының ға­сырлар бойы тіршілік көзі де ауыл шаруашылығының осы саласы болып келгені тарихтан белгілі. Сондықтан біз үшін қазақ ауылы мен төрт түлік мал егіз ұғым екенін ұмытпауымыз керек. Ауылды көркейтеміз десек, ауылдағы мал шаруашылығына көңіл бөліп, оның түрінің, саны­ның көбеюіне, өркендеуіне, одан алынатын өнімдердің сапасына ерекше мән бергеніміз дұрыс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Елі­­мізде ауыл шаруашылығы өнім­­дерінің көлемін және оның қо­сымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», деп атап айтты. Сонымен қатар Мем­лекет басшысы «Бізге са­палық тұрғыдан жаңа мемле­кет­­тік басқарушылар керек. Мем­лекет­тік қызметкерлерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып қайта құру керек», деді. Осы екі мәселенің ауылға, ауыл өміріне тікелей қа­тысы бар екені сөзсіз.

Біріншіден, 2021 жылғы мәлі­мет бойынша Қазақстанда ірі қара мал басы – 8,2 млн, қой – 18,6 млн, ешкі – 2,3 млн, жылқы – 3,5 млн, түйе – 234,4 мың басты құрады. Аталған ірі қара мал басының 52,3%-ы жеке үй шаруасының, 38,2%-ы шаруа және фермерлік шаруашылықтардың иелігінде болса, тиісінше қой 50/43%, жыл­қы 44/49,4% көрсеткішпен үй шар­уасының және жеке шаруа қо­­жалықтарының иелігінде. Осы­лайша, Қазақстанда мал шаруа­шылығы өнімдерін өндіру­ші­лер негізінен жеке үй шаруасы мен шаруа қожалықтары болып саналады.

Мал шаруашылығымен айна­лы­сатын үй және шаруа қожа­лық­­­тары түбегейлі ауылдарда шоғырланған. Осы бағытта әрбір отбасының табыс көзі мен оның көлемін анықтау маңызды. Ал ауылдағы әрбір үйдің ортақ шаруасы – төрт түлік мал. Ауыл тұр­­ғындарының 80-85%-ы төрт тү­­ліктің бір немесе бірнеше тү­рін
ауласында бағып, одан өнім өн­ді­ріп, оны өз отбасына, арты­ғын ет, сүт түрінде немесе басқа да өнім тү­рінде отбасының табыс көзіне ай­налдырып күн көріп жатыр.

Сонымен қатар жеке үй ша­­руа­сында мал шаруашылығын өр­кен­детуге мүмкіндіктер жетер­лік. Алайда осы бағыттағы жұ­мыс­­тарды өз деңгейінде ауыл тұр­­ғындары атқара ала ма? Біздің біле­тініміз, ауыл тұрғындарының ал­дында бір-екі мал түрі болса, болғаны. Тіпті мал тұқымдарын асыл­­дандыруға да аса мән бермей келеді.

Ауылда мал өсіру мен одан өнім алу әлі күнге дейін ата-бабадан келе жатқан ескі жолмен іске асырылып отыр. Нәтижесінде, тек қана ірі қара малынан сүт өндіру кейінгі 30 жылда бір сауын сиырға шаққанда 1-1,2 мың литр­ден аспай отыр. Одан бөлек басқа мал түрлерінен де өндірілетін өнім көлемі өте төмен. Қазіргі таңда ауылда қалыптасқан жағдай үй және шаруа қожалығындағы мал шаруашылығын тиімді жүргізу әрі өркендету тек қана білікті, бі­лім­ді мал маманының ауылға қажет екенін көрсетеді.

Ауылдың, әрбір үй ауласының өркендеуі үшін олардың проблемаларын жоғары басқару органына жеткізе отырып шешу – ауыл әкімінің тікелей міндеті. Осы тұрғыдан алар болсақ, ауыл әкімі қызметіне қай мамандық иесі лайықты деген сұрақ туындайды. Әрине, ауылдағы негізгі тіршілік көзі мал болғандықтан, әкімнің не оның орынбасарының (егер ол штат кестесінде болса) жоғары білімді маман – «Менеджер-зо­оин­женер» болғаны дұрыс. Өйт­кені жоғары білімді Менед­жер-зооинженер ауылдағы мал тұқымын жақсартуға, оған селек­циялық-асылдандыру жұмыс­та­рын жүргізуге, жоғары сапалы мал өнімдерін өндіріп, оны тиімді пай­далануда біліктігін көрсетіп, ауыл тұрғындарына осы бағытта бағдар берген болар еді.

Қорыта айтқанда, тиесілі ми­нистр­ліктен немесе агенттіктен еліміздегі 2 272 ауыл әкімінің, не олардың орынбасарларының бірі «Менеджер-зооинженер» маманы болуын өтіне отырып, аталған лауазымдарды сайлау ережесінің бір тармағы ретінде енгізуді құп көреміз. Нәтижесінде, ауылды ауыл маманы басқарса, мал ша­руа­шылығының өркендеуіне ық­пал етер еді.

Ал енді мал шарушылығы ма­­­ман­­дығына тоқталар болсам, тө­мен­дегі мәселелерге ерекше мән бер­ген дұрыс болар.

Біріншіден, қазіргі таң­дағы аграр­лық жоғары оқу­ орын­­­да­рын­дағы бұрынғы зоотехния ма­ман­­дығының орнына енгізілген «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы мамандыққа жата ма деген орынды сұрақ туын­­­дайды. Ең алдымен, бұл ма­­ман­­дық мақаланың не болмаса дис­сер­тациялық жұмыстың тақы­рыбына тән, ал егер осы ба­ғыттағы ма­ман­дық қажет болса, онда ол «Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру технологі» деп аталуы керек.

Екіншіден, көбіне «Зоотех­ния», «Ғалым-зоотехник» не бол­маса «Зооинженер» маман­дық­тары төңірегінде әңгіме болса, мал шаруашылығына тән «Ветеринария» мамандығы бар деген ой-пікір айтылады. Бұл – дұрыс ұғым емес. Өйткені ветеринар немесе мал дәрігерінің маман ретіндегі міндеті мүлдем бөлек. Ветеринар – жоғары білімді мал дәрігері. Оның негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттері – ауыл шаруашылығы малдарын емдеу. Зоотехния мамандығына сай ке­летін ветеринария маман­ды­ғын­да қызметтік міндет түрлері жоқтың қасы. Тек қана малды қолдан ұрық­тандыруда бір-бірін алмас­ты­ра алатын мамандықтар.

Жалпы, қазіргі заманауи өмір талабына сай мал шаруашылығы маманы – «Менеджер-зо­отех­ник». Менеджер – өндірісті ұйым­дастырушы маман. Ол – не­гі­зінен кәсіпорындағы, ауыл жағ­дайындағы барлық жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру және бас­қару мәселелерімен айналысатын маман. Зооинженер – мал өсірудің жоғары білімді маманы. Ол мал тұқымын асылдандыру, табынды өз төлінен өсіру, малдың азық қорын құру, мал өнімін өндіру сияқты қызметтерді атқарады. Сон­дықтан мамандықтың ауыл өмі­ріндегі орны жоғары екенін ескере отырып, аграрлық жоғары оқу орындарының білім бағ­дар­ла­масына «Менеджер-зооин­женер» мамандығын енгізіп, бі­лікті мал маманын дайындау мақсатында арнайы мемлекеттік квота бөлу керек. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ ғалым-ұстаздары 2019 жылы «Менеджер-зооинженер» мамандығының оқу бағдарламасын әзірлеп қойғанын атап өткен жөн. Тек оны іс жүзінде асыру керек.

«Менеджер-зооинженер» ма­ман­дығының оқу бағдарламасы қабылданып, осы мамандық бо­йынша білікті, білімді мамандар даярланып, ол ауыл әкімдерінің сай­лау талаптарының бір тармағы болса, әрине, жоғары білімді мал маманын жұмысқа орналастыру, мал басын көбейтіп, одан өндірілетін өнім көлемін арттыру мәселесі де шешілген болар еді. Осы мамандық иелерінің облыстық, аудандық ауыл шаруа­­шылығы басқармаларына, рес­пуб­ликалық мал тұқымдары па­­ла­­таларына, ғылыми-зерттеу инс­титуттарына, құс фабрикаларына, жоғары оқу орындарына орна­­ласуларына мүмкіндіктері жет­кілікті.

Төрт түлік малдың қыр-сы­рын ауыл баласы ғана жетік біле­ді. Сондықтан ауыл жастарын төрт түлік малдан үркітіп ал­май, оларды осы бағытта білім алып, ауыл маманы, мал шаруа­шы­лы­ғы маманы ретінде қалып­тастыру керек. Жалпы, төл шаруа­шы­лығынан алыстаған сайын қа­зақ қа­зақтығынан да алыстай бе­ре­ті­нін ұғынсақ екен.

 

Әбдірахман ОМБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар

Оқырманға жол тартты

Басылым • Бүгін, 00:25

Ғасырлар үні

Руханият • Бүгін, 00:13

Керек дерек

Технология • Кеше