Жалпы, қазақ халқы кең-байтақ даланың ыстығы мен суығына қалыптаса отырып мал шаруашылығымен кең көлемде айналысты әрі өркендете білді. Халқымыздың осы саламен ерте заманнан бастап айналысуына негіз де бар. Ең алдымен әлемдегі жайылым жер көлемі бойынша қазақ даласы (187 млн га) бесінші ел болып саналады. Екіншіден, ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибе нәтижесінде төрт түлік малды өсіру – халқымыздың атакәсібі. Бабаларымыз «Мал – әулие, малсыз болсаң жарылқар қай әулие» дегендей, малды әулие санаған қазақ халқының ғасырлар бойы тіршілік көзі де ауыл шаруашылығының осы саласы болып келгені тарихтан белгілі. Сондықтан біз үшін қазақ ауылы мен төрт түлік мал егіз ұғым екенін ұмытпауымыз керек. Ауылды көркейтеміз десек, ауылдағы мал шаруашылығына көңіл бөліп, оның түрінің, санының көбеюіне, өркендеуіне, одан алынатын өнімдердің сапасына ерекше мән бергеніміз дұрыс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», деп атап айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып қайта құру керек», деді. Осы екі мәселенің ауылға, ауыл өміріне тікелей қатысы бар екені сөзсіз.
Біріншіден, 2021 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда ірі қара мал басы – 8,2 млн, қой – 18,6 млн, ешкі – 2,3 млн, жылқы – 3,5 млн, түйе – 234,4 мың басты құрады. Аталған ірі қара мал басының 52,3%-ы жеке үй шаруасының, 38,2%-ы шаруа және фермерлік шаруашылықтардың иелігінде болса, тиісінше қой 50/43%, жылқы 44/49,4% көрсеткішпен үй шаруасының және жеке шаруа қожалықтарының иелігінде. Осылайша, Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерін өндірушілер негізінен жеке үй шаруасы мен шаруа қожалықтары болып саналады.
Мал шаруашылығымен айналысатын үй және шаруа қожалықтары түбегейлі ауылдарда шоғырланған. Осы бағытта әрбір отбасының табыс көзі мен оның көлемін анықтау маңызды. Ал ауылдағы әрбір үйдің ортақ шаруасы – төрт түлік мал. Ауыл тұрғындарының 80-85%-ы төрт түліктің бір немесе бірнеше түрін
ауласында бағып, одан өнім өндіріп, оны өз отбасына, артығын ет, сүт түрінде немесе басқа да өнім түрінде отбасының табыс көзіне айналдырып күн көріп жатыр.
Сонымен қатар жеке үй шаруасында мал шаруашылығын өркендетуге мүмкіндіктер жетерлік. Алайда осы бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде ауыл тұрғындары атқара ала ма? Біздің білетініміз, ауыл тұрғындарының алдында бір-екі мал түрі болса, болғаны. Тіпті мал тұқымдарын асылдандыруға да аса мән бермей келеді.
Ауылда мал өсіру мен одан өнім алу әлі күнге дейін ата-бабадан келе жатқан ескі жолмен іске асырылып отыр. Нәтижесінде, тек қана ірі қара малынан сүт өндіру кейінгі 30 жылда бір сауын сиырға шаққанда 1-1,2 мың литрден аспай отыр. Одан бөлек басқа мал түрлерінен де өндірілетін өнім көлемі өте төмен. Қазіргі таңда ауылда қалыптасқан жағдай үй және шаруа қожалығындағы мал шаруашылығын тиімді жүргізу әрі өркендету тек қана білікті, білімді мал маманының ауылға қажет екенін көрсетеді.
Ауылдың, әрбір үй ауласының өркендеуі үшін олардың проблемаларын жоғары басқару органына жеткізе отырып шешу – ауыл әкімінің тікелей міндеті. Осы тұрғыдан алар болсақ, ауыл әкімі қызметіне қай мамандық иесі лайықты деген сұрақ туындайды. Әрине, ауылдағы негізгі тіршілік көзі мал болғандықтан, әкімнің не оның орынбасарының (егер ол штат кестесінде болса) жоғары білімді маман – «Менеджер-зооинженер» болғаны дұрыс. Өйткені жоғары білімді Менеджер-зооинженер ауылдағы мал тұқымын жақсартуға, оған селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге, жоғары сапалы мал өнімдерін өндіріп, оны тиімді пайдалануда біліктігін көрсетіп, ауыл тұрғындарына осы бағытта бағдар берген болар еді.
Қорыта айтқанда, тиесілі министрліктен немесе агенттіктен еліміздегі 2 272 ауыл әкімінің, не олардың орынбасарларының бірі «Менеджер-зооинженер» маманы болуын өтіне отырып, аталған лауазымдарды сайлау ережесінің бір тармағы ретінде енгізуді құп көреміз. Нәтижесінде, ауылды ауыл маманы басқарса, мал шаруашылығының өркендеуіне ықпал етер еді.
Ал енді мал шарушылығы мамандығына тоқталар болсам, төмендегі мәселелерге ерекше мән берген дұрыс болар.
Біріншіден, қазіргі таңдағы аграрлық жоғары оқу орындарындағы бұрынғы зоотехния мамандығының орнына енгізілген «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы мамандыққа жата ма деген орынды сұрақ туындайды. Ең алдымен, бұл мамандық мақаланың не болмаса диссертациялық жұмыстың тақырыбына тән, ал егер осы бағыттағы мамандық қажет болса, онда ол «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологі» деп аталуы керек.
Екіншіден, көбіне «Зоотехния», «Ғалым-зоотехник» не болмаса «Зооинженер» мамандықтары төңірегінде әңгіме болса, мал шаруашылығына тән «Ветеринария» мамандығы бар деген ой-пікір айтылады. Бұл – дұрыс ұғым емес. Өйткені ветеринар немесе мал дәрігерінің маман ретіндегі міндеті мүлдем бөлек. Ветеринар – жоғары білімді мал дәрігері. Оның негізгі жұмыс бағыттары мен міндеттері – ауыл шаруашылығы малдарын емдеу. Зоотехния мамандығына сай келетін ветеринария мамандығында қызметтік міндет түрлері жоқтың қасы. Тек қана малды қолдан ұрықтандыруда бір-бірін алмастыра алатын мамандықтар.
Жалпы, қазіргі заманауи өмір талабына сай мал шаруашылығы маманы – «Менеджер-зоотехник». Менеджер – өндірісті ұйымдастырушы маман. Ол – негізінен кәсіпорындағы, ауыл жағдайындағы барлық жұмысты ұйымдастыру, үйлестіру және басқару мәселелерімен айналысатын маман. Зооинженер – мал өсірудің жоғары білімді маманы. Ол мал тұқымын асылдандыру, табынды өз төлінен өсіру, малдың азық қорын құру, мал өнімін өндіру сияқты қызметтерді атқарады. Сондықтан мамандықтың ауыл өміріндегі орны жоғары екенін ескере отырып, аграрлық жоғары оқу орындарының білім бағдарламасына «Менеджер-зооинженер» мамандығын енгізіп, білікті мал маманын дайындау мақсатында арнайы мемлекеттік квота бөлу керек. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің бір топ ғалым-ұстаздары 2019 жылы «Менеджер-зооинженер» мамандығының оқу бағдарламасын әзірлеп қойғанын атап өткен жөн. Тек оны іс жүзінде асыру керек.
«Менеджер-зооинженер» мамандығының оқу бағдарламасы қабылданып, осы мамандық бойынша білікті, білімді мамандар даярланып, ол ауыл әкімдерінің сайлау талаптарының бір тармағы болса, әрине, жоғары білімді мал маманын жұмысқа орналастыру, мал басын көбейтіп, одан өндірілетін өнім көлемін арттыру мәселесі де шешілген болар еді. Осы мамандық иелерінің облыстық, аудандық ауыл шаруашылығы басқармаларына, республикалық мал тұқымдары палаталарына, ғылыми-зерттеу институттарына, құс фабрикаларына, жоғары оқу орындарына орналасуларына мүмкіндіктері жеткілікті.
Төрт түлік малдың қыр-сырын ауыл баласы ғана жетік біледі. Сондықтан ауыл жастарын төрт түлік малдан үркітіп алмай, оларды осы бағытта білім алып, ауыл маманы, мал шаруашылығы маманы ретінде қалыптастыру керек. Жалпы, төл шаруашылығынан алыстаған сайын қазақ қазақтығынан да алыстай беретінін ұғынсақ екен.
Әбдірахман ОМБАЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты