Қоғам • 15 Қаңтар, 2023

Аудандағы қазақ газеттерінің бағы неге жанбай тұр?

239 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылуы, беделі туралы ұлт жанашырлары айтып та, жазып та жүр. Бірақ одан ешқандай оң өзгеріс байқалмайды. Өйткені тілге қажеттілік тумай оның қолдану аясы кеңеймейді.

Аудандағы қазақ газеттерінің бағы неге жанбай тұр?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бізде іс-шаралардың басым бөлігі ресми тілде өтеді. Аудар­машы оны қазақ тіліне аударып, іс қағаздарына тігіп қояды. Мұның мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге ешқан­дай пайдасы жоқ. Шын мәнін­де барлығы керісінше болуы керек. Іс-шаралар мемлекеттік тілде өт­кізіл­іп, қажет болған жағдайда ғана рес­ми тілге аударылуы қажет. Мә­се­лен, қазақ тілін оқытатын курс­тар­дың дені формальды түрде өте­ді. Мұн­дай курстардан қазақ тілін үй­рен­ген жұрттың саны шамалы.

Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыт­тағы жұмысты жалғастыра бере­міз», деген еді. Осындай жұмыс­тың бір бағыты – жұртты қазақтіл­ді ақпарат құралдарын оқып, көріп, таңдауға бейімдеу. Ол үшін әрбір ауданда, үлкен мекеме­лерде, қазақтіл­ді газеттердің болғаны дұрыс. Себебі, газет тілі әдеби шығар­ма­лар­ға қарағанда жеңіл. Газет – сол аудан­ның айнасы. Қазақша оқи оты­рып жұртшылық ауданның сая­си, экономикалық, әлеуметтік жағ­дайынан хабардар болып отырады. Өкінішке қарай, аудандық қазақтілді газеттердің бағы жанбай тұр.

Мәселен, өзім туып-өскен Ақкөл ауданының газетін алып көрейік. 2000 жылдары аудан әкімі мен басылым редакторы Қуаныш Нұрса­дықов екеуі қазақтілді «Ақкөл өмірі» газетін шығаратын болып ауызша келісім жасайды. Келісілгендей алғашқы жылдары газет шығып тұрды. Жергілікті жердің штаттан тыс тілшілерімен жұмыс та оң жолға қойылды. Бірақ бірте-бірте газет ауданның айнасы болудан қалды. Басқа басылымдардан алынған материалдар көбейе бастады. Мұндай газеттің оқырманы да азая баста­ды. Ақыры газет аралас тілді болып, ресми тілді материалдар көбейіп, таза ұлттық тілді газет болудан қал­­ды. Қызметкерлері де жиі ауыс­ты. Онымен қоса полиграфияға ар­нал­­ған ғимаратты жекешелен­діріп алды. Газет басшылығы әкім­мен бұл ғимаратты полиграфия үйі ретінде сақтаймын деп келіскен көрінеді. Алайда өзі Астанаға көшерде ғимаратты сатып жіберген. Қазіргі қожайыны полиграфия үйін сауда орталығына айналдырып жіберген. Әрине, бұл Нұрсадықов мырзаның азаматтығына жатпайды. Қазір «Ақкөл өмірі» ұжымы Қазпоштаның бір бөлмесін жалдап газет шығарып отыр.

Ал Аршалы аудандық басылы­мының редакторы Цыгановтың айтуынша, газеттер «Аршалы айнасы» (1050 дана) және «Вперед» (2000 дана) болып шығады. Бұрынғы әкімдердің біреуі «қай газетке мақала қай тілде жазылған, сол тілде жариялаңдар» деген нұсқау беріпті. Осы нұсқауға байланысты екі газет те аралас тілде шығып отыр. Бұл да қуанарлық жағдай емес.

«Egemen Qazaqstan» газетінен Мұрат Қапанұлының «Тереңкөл тынысы» неге шөміштен қағыл­ды?» деген мақаласын оқи отырып, солтүстік өңірдегі аудандық қазақтілді газеттердің жағдайлары мүшкіл екен деген ойда қалдық. Рас, Ақмола облысындағы аудандар біртіндеп қазақыланып келеді. Кеңестік дәуірде Ақкөл ауданында небәрі 20 пайыз қазақ өмір сүрсе, қазір жергілікті тұрғындар­дың жартысы өз ұлтымыз. Ауданда тұратын татар, ингуш, неміс секілді ұлт өкілдерінің басым көпшілігі қазақ мектептерінде оқығандар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады». Тілді сақтаудың бірден-бір жолы – қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарын көбейту. Жергілікті әкімдіктер мен Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі осы мәселеге көңіл аударып, түбегейлі шешеді деген үміт бар.

 

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,

Журналистер одағының мүшесі