Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Жайылым тапшылығы шешімін таба ма?

360 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жайылым мен егістік алқаптардың жетіспеушілігіне қатысты туындаған дау жақын арада толық шешімін табады дегенге сену қиын. Өйткені елімізде жер пайдалануға қатысты қордаланған мәселе бір жылда пайда болған жоқ және оның түйінін шешуге де аз уақыт жұмсалмасы анық. Есесіне, егін егу мен мал жаюға жер таппаған ауылдағы жұрттың сұранысы артып келеді. Ал мұның зардабы ауыл шаруашылығын дамытуға тиіп отырғаны анық.

Жайылым тапшылығы шешімін таба ма?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ауыл шаруашылығы министр­лігі­нің дерегінше, еліміздегі жа­йы­лымдық жердің жалпы көле­мі – 183,4 млн гектар. Оның ішін­де 82,4 млн гектар – ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер, 63,9 млн гектар босалқы жер, 21,2 млн гектар – ауыл іргесіндегі жер және 15,9 млн гектар орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп аумағы бар. Ал былтыр жайылым тапшылығы 15 облыста байқалған. Мамандар мұның себебін ел ішіндегі мал басының артуымен түсіндіреді. Яғни кейінгі 10 жылда тек ірі қара саны жалпы 7,7 пайызға өссе, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін жеткен. Мал басының көбеюі қосымша жа­йылым мен мал азығын өсіретін алқаптарға деген сұранысты арттыратыны белгілі. Бірақ бұл қажеттілікті қамтуға мемлекеттің күші жетпей отыр. Себебі жердің көбі жекешеленіп кеткен. Тіпті ауыл маңындағы малдың өрі­сіне дейін жеке тұлғалардың қолы­на өткені жасырын емес. Сал­дары­нан ауылдағы ағайынның мал ба­ғатын жері тарылып, ел іші екі­ге жарылуға дейінгі жағдайға жет­кен болатын. Өкінішке қарай, мемлекет елдегі жер пайдалану үдерісін реттеуді өте кеш қолға алды. Оның нәтижесі былтыр ғана көріне бастады деуге болады.

– Былтыр мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып беріл­ген ауыл шаруашылығы жері қай­тарылды. Бұл – 2021 жылмен са­лыс­тырғанда 10 есеге артық көр­сеткіш. 2020 жылы 0,4 млн гектар болған. Нәтижесінде, былтыр тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерге мұқтаж халыққа 1,85 млн гектар алқап игеруге беріл­ді. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы­ның тапсырмасын орын­дау мақ­сатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар ауыл шаруа­шы­лығы жеріне цифр­ланды­ру жүргізілді. Бұл респуб­ли­ка­ның 272,5 млн гектар аумағы­ның 75 па­йызын құрады, – деді жақында Үкі­метте өткен жиында Ауыл ша­руа­шылығы министрі Е.Қарашөкеев.

Жалпы, жерге қатысты дау жиі шығатын өңірдің бірі – Алматы облысы. Аграрлық сала­ға арқа сүйеген өңірде жайылым тап­шылығы мен егістік ал­қап­тардың жетіспеушілігі туын­дауы заңды да. Бүгінде облыс­тағы жайылымдық жердің жал­пы ауданы 3,7 млн гектарды құ­райды. Ал өткен жылдың есе­бі бойынша аймақтағы жа­йылым тапшылығы 1 407,2 мың гектарға жеткен. Өйткені мал басы көбейген. Статистика де­пар­таментінің дерегі бойынша, облыста 334,8 мың бас ірі қара мал, 894,3 мың бас қой мен ешкі, 99,8 мың бас жылқы және 4 мың бас түйе бар. Яғни 3,5 млн бастан асатын төрт түлікке өріс керек. Оның ішінде 1,3 млн бас мал жеке адамдардың иелігінде екен. Дәл осы тұрғындардың жерге деген сұранысын өтеу үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі ауыл маңындағы жайылымдық алқап­тың жетіспеушілігі күн тәр­тібінде тұр. Облыс билігі бұл мәселемен білек сыбанып айналысқанымен, нақты нүкте қою қиын болып отыр. Бірақ нәтиже де жоқ емес.

– Былтыр облыста пайдаланыл­май жатқан жалпы көлемі 112 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде Балқаш ауданында – 1,3 мың гектар, Еңбекшіқазақ ауданында – 26,2 мың гектар, Жамбыл ауданында – 25,1 мың гектар, Іле ауданында – 3,4 мың гектар, Қарасай ауданында – 3,8 мың гектар, Кеген ауданында – 9,8 мың гектар, Райымбек ауданында – 14,1 мың гектар, Талғар ауданында – 13,7 мың гектар, Ұйғыр ауданында – 7,3 мың гектар және Қонаев қаласында 6,9 мың гектар жер елдің пайдасына алынды. Сонымен қатар елді мекендерге ерікті түрде қайтарылған жалпы көлемі 585 мың гектар жайылым алқабы қосымша бекітіліп берілді. Атқарылған жұмыстардың нәти­жесі бойынша халықтың жайы­лымға мұқтаждығы Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары және Қонаев қаласында толығымен қана­ғаттандырылды деуге болады. Ал Қарасай, Іле және Талғар аудандары бойынша жайылыммен қамту жұмыстары жалғасатын болады. Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарды қайтару туралы тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта облыста 285,5 мың гектар жайылымдық алқап бойынша жұмыс жүргізілуде, – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Есепке жүгінсек, аймақтағы жайылыммен ең аз қамтамасыз етілген Қарасай ауданы екен. Бұл жақта 5,9 мың гектар ғана жайылым бар немесе мал өсіру­шілердің 3,7 пайызы ғана қам­тылған. Жалпы, Алматы сияқты алып мегапо­листің маңындағы аудандарда жайылымдық жер мәселесі өте күрделі екені бел­гілі. Қазір Талғар ауданындағы жайылымдық жердің үлесі 2,7 мың гектар болса, Жамбыл ауданында 43,2 мың гектар және Іле ауданында 10 мың гектар шамасында ғана болып отыр. Былтыр аудан және қала әкімдіктері 195,3 мың гектар болатын қоғамдық жайылымдарға қосымша мемле­кет­тік меншіктен 331,1 мың гектар жайылымды бекіткен. Бүгінде облыстың ауыл­д­ық әкімдіктеріне бекітілген жайы­лымдардың ауданы 526,4 мың гектарды құрады. Ал қа­жет­тілік – 1,6 млн гектар. 2022 жыл­дың тиісті кезеңінде пайдаланыл­май жатқан 28,57 мың гектар жер, оның ішінде 28,47 мың гектар жайылым, 1 мың гектар басқа мақсаттағы жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Осы алынған жер телімдерінің 22,17 мың гектары жергілікті халықтың малын жаю үшін ауылдық округ әкім­дік­теріне бекітілген. Қалған 6,4 мың гектар алқап жеке және заңды тұлға­ларға шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргі­зу үшін конкурстық негізде беріліпті.

– Өткен жылы Президент Жарлығымен Алматы облысы­ның құрамынан Жетісу облысы бөлінді. Яғни бөлінгеннен кейінгі облыстың жер қоры 10,5 млн гектар болып отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында аумақтың көлемі – 4,2 млн гектар шамасында. Бұл қатарға егістік, суармалы, көпжылдық екпе шөп, тыңайған жерлер және шабын­дықтар, жайылымдық алқап­тар кіреді. Әрине, былтырғы жұмы­сымыздың негізгі бағыты аймақ тұрғындарының жайылымдық алқаптарға мұқтаждығын қамта­масыз ету және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет­ке қайтару бойынша болды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады, – дей­ді Алматы облыстық жер қатынас­тары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов.

 

Алматы облысы