Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, еліміздегі жайылымдық жердің жалпы көлемі – 183,4 млн гектар. Оның ішінде 82,4 млн гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер, 63,9 млн гектар босалқы жер, 21,2 млн гектар – ауыл іргесіндегі жер және 15,9 млн гектар орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп аумағы бар. Ал былтыр жайылым тапшылығы 15 облыста байқалған. Мамандар мұның себебін ел ішіндегі мал басының артуымен түсіндіреді. Яғни кейінгі 10 жылда тек ірі қара саны жалпы 7,7 пайызға өссе, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16 пайызға дейін жеткен. Мал басының көбеюі қосымша жайылым мен мал азығын өсіретін алқаптарға деген сұранысты арттыратыны белгілі. Бірақ бұл қажеттілікті қамтуға мемлекеттің күші жетпей отыр. Себебі жердің көбі жекешеленіп кеткен. Тіпті ауыл маңындағы малдың өрісіне дейін жеке тұлғалардың қолына өткені жасырын емес. Салдарынан ауылдағы ағайынның мал бағатын жері тарылып, ел іші екіге жарылуға дейінгі жағдайға жеткен болатын. Өкінішке қарай, мемлекет елдегі жер пайдалану үдерісін реттеуді өте кеш қолға алды. Оның нәтижесі былтыр ғана көріне бастады деуге болады.
– Былтыр мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда 10 есеге артық көрсеткіш. 2020 жылы 0,4 млн гектар болған. Нәтижесінде, былтыр тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерге мұқтаж халыққа 1,85 млн гектар алқап игеруге берілді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жеріне цифрландыру жүргізілді. Бұл республиканың 272,5 млн гектар аумағының 75 пайызын құрады, – деді жақында Үкіметте өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев.
Жалпы, жерге қатысты дау жиі шығатын өңірдің бірі – Алматы облысы. Аграрлық салаға арқа сүйеген өңірде жайылым тапшылығы мен егістік алқаптардың жетіспеушілігі туындауы заңды да. Бүгінде облыстағы жайылымдық жердің жалпы ауданы 3,7 млн гектарды құрайды. Ал өткен жылдың есебі бойынша аймақтағы жайылым тапшылығы 1 407,2 мың гектарға жеткен. Өйткені мал басы көбейген. Статистика департаментінің дерегі бойынша, облыста 334,8 мың бас ірі қара мал, 894,3 мың бас қой мен ешкі, 99,8 мың бас жылқы және 4 мың бас түйе бар. Яғни 3,5 млн бастан асатын төрт түлікке өріс керек. Оның ішінде 1,3 млн бас мал жеке адамдардың иелігінде екен. Дәл осы тұрғындардың жерге деген сұранысын өтеу үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі ауыл маңындағы жайылымдық алқаптың жетіспеушілігі күн тәртібінде тұр. Облыс билігі бұл мәселемен білек сыбанып айналысқанымен, нақты нүкте қою қиын болып отыр. Бірақ нәтиже де жоқ емес.
– Былтыр облыста пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 112 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде Балқаш ауданында – 1,3 мың гектар, Еңбекшіқазақ ауданында – 26,2 мың гектар, Жамбыл ауданында – 25,1 мың гектар, Іле ауданында – 3,4 мың гектар, Қарасай ауданында – 3,8 мың гектар, Кеген ауданында – 9,8 мың гектар, Райымбек ауданында – 14,1 мың гектар, Талғар ауданында – 13,7 мың гектар, Ұйғыр ауданында – 7,3 мың гектар және Қонаев қаласында 6,9 мың гектар жер елдің пайдасына алынды. Сонымен қатар елді мекендерге ерікті түрде қайтарылған жалпы көлемі 585 мың гектар жайылым алқабы қосымша бекітіліп берілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша халықтың жайылымға мұқтаждығы Балқаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары және Қонаев қаласында толығымен қанағаттандырылды деуге болады. Ал Қарасай, Іле және Талғар аудандары бойынша жайылыммен қамту жұмыстары жалғасатын болады. Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын жайылымдық алқаптарды қайтару туралы тапсырмасын орындау үшін қазіргі уақытта облыста 285,5 мың гектар жайылымдық алқап бойынша жұмыс жүргізілуде, – дейді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Есепке жүгінсек, аймақтағы жайылыммен ең аз қамтамасыз етілген Қарасай ауданы екен. Бұл жақта 5,9 мың гектар ғана жайылым бар немесе мал өсірушілердің 3,7 пайызы ғана қамтылған. Жалпы, Алматы сияқты алып мегаполистің маңындағы аудандарда жайылымдық жер мәселесі өте күрделі екені белгілі. Қазір Талғар ауданындағы жайылымдық жердің үлесі 2,7 мың гектар болса, Жамбыл ауданында 43,2 мың гектар және Іле ауданында 10 мың гектар шамасында ғана болып отыр. Былтыр аудан және қала әкімдіктері 195,3 мың гектар болатын қоғамдық жайылымдарға қосымша мемлекеттік меншіктен 331,1 мың гектар жайылымды бекіткен. Бүгінде облыстың ауылдық әкімдіктеріне бекітілген жайылымдардың ауданы 526,4 мың гектарды құрады. Ал қажеттілік – 1,6 млн гектар. 2022 жылдың тиісті кезеңінде пайдаланылмай жатқан 28,57 мың гектар жер, оның ішінде 28,47 мың гектар жайылым, 1 мың гектар басқа мақсаттағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы алынған жер телімдерінің 22,17 мың гектары жергілікті халықтың малын жаю үшін ауылдық округ әкімдіктеріне бекітілген. Қалған 6,4 мың гектар алқап жеке және заңды тұлғаларға шаруа қожалығы мен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін конкурстық негізде беріліпті.
– Өткен жылы Президент Жарлығымен Алматы облысының құрамынан Жетісу облысы бөлінді. Яғни бөлінгеннен кейінгі облыстың жер қоры 10,5 млн гектар болып отыр. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында аумақтың көлемі – 4,2 млн гектар шамасында. Бұл қатарға егістік, суармалы, көпжылдық екпе шөп, тыңайған жерлер және шабындықтар, жайылымдық алқаптар кіреді. Әрине, былтырғы жұмысымыздың негізгі бағыты аймақ тұрғындарының жайылымдық алқаптарға мұқтаждығын қамтамасыз ету және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша болды. Биыл да бұл жұмыс жалғасады, – дейді Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Сәбит Сәдуақасов.
Алматы облысы