Спорт • 13 Ақпан, 2023

Тиннеске тең ешкім жоқ

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Германияның Оберхоф қаласында биатлоннан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ерлер арасындағы 10 шақырымға спринтерлік жарыста норвегиялық Йоханнес Тиннес Бе жеңіске жетті.

Тиннеске тең ешкім жоқ

Қысқы Олимпия ойындарының бес дүркін жеңімпазы, әлем чемпионаттарында 14 мәрте тұғырдың ең биік сатысынан көрінген Норвегияның мақтанышы Йоханнес Тиннес Бе Оберхофта да алдына жан салар емес. Жарыстың алғашқы күніндегі аралас сайыста жеңімпаз атанған Тиннес Бе кеше спринтер бәсекесінде де үздік шықты. Бұл сында Тиннестің ағасы Тарьей Бе мәреге екінші болып жетсе, үшін­ші орын 25 жастағы тағы бір норвегиялық Стурла Холм Легрейдке бұйырды.

Әлем чемпионатында Қазақстан құра­масы сапынан ең үздік нәтижені жуырда ғана АҚШ-та өткен қысқы Универсиаданың күміс және қола жүлдесін жеңіп алған Александр Мухин тіркеді. Ол мәреге 41-ші болып жетті.