Қоғам • 15 Ақпан, 2023

Техникалық реттеу тәртібін бұзғандар көп

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаменті өткен жылы өз құзыреті шеңберінде 500 рет тексеру жүргізген. Оның ішінде 39 нысанға арнайы барып профилактикалық бақылау мен қадағалау жасаса, 415 нысанға сырттай және 46 нысанға жоспардан тыс тексерулер жасаған.

Техникалық реттеу тәртібін бұзғандар көп

Осы тексеру барысында 427 нысанда Техникалық реттеу, аккредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың өрес­кел бұзылғаны анықталды. Яғни нысандардағы заңсыздық үлесі 85 пайызды құраған.

«Профилактикалық бақылау жүргізу барысында өнімді өткізу сатысында техникалық реттеу сала­сындағы заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, кей­бір кәсіпкерлік субъектілері тех­никалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді сатып келген. Заңда көрсетілген талапқа бағынбау негізінен өнімді таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамау, қазақ және орыс тіл­дерінде ақпараттың болмауы, ЕАС белгісінің болмауы, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжат­сыз жүргізілген. Мұндай келең­сіздіктер «Sulpak» сауда үйі, «Технодом», «Мечта» сауда үй­ле­­ріне, «Арена S», «Компас», «Новая АЗС», «ДИН», «Комфорт», «СТиК», «Казтранскарго», «Ари­макс» жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері мен басқа да нысан­дарға қатысты болып отыр», дейді Тех­никалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Сауықбек Қапаев.

Сондай-ақ өткен жылы депар­тамент атына өнімнің ТР және НҚА талаптарына сәйкестігіне қатысты көптеген хат пен өтініш келіп түскен. Мысалы, «Қазақстан автохимиясын өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының өтініші бойынша техникалық регламенттер мен нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарына қажетті салқындатқыш сұйықтықтарды айналымға шы­­ғарғаны үшін 7 әкімшілік іс қозғалды.

Бұдан бөлек, жанар-жағармай құю стансаларында бензин құя­тын құрылғылардың ақауын анық­тау бойынша талап бұзу факті­лері анықталды, яғни ақаулы құ­рылғылар әр 20 литрге 170-тен 250 мл-ге дейін жанармайды жет­кізбей құйып келген. Тағы бір мысал, ірі сүт өнімдерін сатушының бірі сауда нүктесіндегі тауарды белгіленген тәртіппен салыстырып-тексерілмеген таразыларда өлшеп сатқаны анықталды. Сатушыға 1600 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған, бұл – 4 900 000 теңге.

 

АЛМАТЫ