Осы тексеру барысында 427 нысанда Техникалық реттеу, аккредиттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманың өрескел бұзылғаны анықталды. Яғни нысандардағы заңсыздық үлесі 85 пайызды құраған.
«Профилактикалық бақылау жүргізу барысында өнімді өткізу сатысында техникалық реттеу саласындағы заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, кейбір кәсіпкерлік субъектілері техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді сатып келген. Заңда көрсетілген талапқа бағынбау негізінен өнімді таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамау, қазақ және орыс тілдерінде ақпараттың болмауы, ЕАС белгісінің болмауы, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжатсыз жүргізілген. Мұндай келеңсіздіктер «Sulpak» сауда үйі, «Технодом», «Мечта» сауда үйлеріне, «Арена S», «Компас», «Новая АЗС», «ДИН», «Комфорт», «СТиК», «Казтранскарго», «Аримакс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен басқа да нысандарға қатысты болып отыр», дейді Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Сауықбек Қапаев.
Сондай-ақ өткен жылы департамент атына өнімнің ТР және НҚА талаптарына сәйкестігіне қатысты көптеген хат пен өтініш келіп түскен. Мысалы, «Қазақстан автохимиясын өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының өтініші бойынша техникалық регламенттер мен нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарына қажетті салқындатқыш сұйықтықтарды айналымға шығарғаны үшін 7 әкімшілік іс қозғалды.
Бұдан бөлек, жанар-жағармай құю стансаларында бензин құятын құрылғылардың ақауын анықтау бойынша талап бұзу фактілері анықталды, яғни ақаулы құрылғылар әр 20 литрге 170-тен 250 мл-ге дейін жанармайды жеткізбей құйып келген. Тағы бір мысал, ірі сүт өнімдерін сатушының бірі сауда нүктесіндегі тауарды белгіленген тәртіппен салыстырып-тексерілмеген таразыларда өлшеп сатқаны анықталды. Сатушыға 1600 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған, бұл – 4 900 000 теңге.
АЛМАТЫ