Мәдениет • Бүгін, 17:50

Алматыда мәдениет қызметкерлеріне 60 пәтердің кілті табысталды

4 мин
оқу үшін

Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Премьер-министрд ің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан сала өкілдеріне 13 мемлекеттік награда мен 60 пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда мәдениет қызметкерлеріне 60 пәтердің кілті табысталды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне берілген наградалар олардың қажырлы еңбегіне, кәсіби адалдығына және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген жоғары құрмет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен ғана шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Президент атынан Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды. Биыл бұл игі бастама жалғасып, Алматы қаласында да сала өкілдеріне пәтер кілті табысталмақ. Мұндай қолдау шығармашылық адамдарының еңбегін нақты іспен бағалаудың айқын көрінісі. Сіздерге табысталғалы отырған жаңа пәтерлер – ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңізге көрсетілген құрмет пен ризашылықтың белгісі. Бұл шаңырақтар сіздерге құт-береке, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға шаттық әкелсін! Осы орайда барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шынайы алғыс білдіремін», деді Аида Балаева.

Осылайша, Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне 60 пәтердің кілті табысталды. Тұрғын үй қолдауына ие болғандардың қатарында жетекші театрлар мен музыкалық ұжымдардың, білім беру ұйымдарының, кітапханалар, архивтер, музейлер, баспа және әдебиет саласының өкілдері, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандар бар.

Бес адам тұрғын үй сертификаттарын кеше Мемлекет басшысының өз қолынан алған болатын. Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртісі Нұрболат Нұралиев үш бөлмелі пәтерге ие болды. Оның мәдениет саласындағы еңбек өтілі 19 жылдан асады.

Президент әнші Мақпал Жүнісова мен Татьяна Бурмистрованы марапаттады

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыка мектеп-интернатының оқытушысы Сания Оспанқұловаға да үш бөлмелі пәтер берілді. Ол аталған салада 24 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Республикалық академиялық неміс драма театрының әртісі Игорь Попов екі бөлмелі пәтерге ие болды.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Анар Әділоваға үш бөлмелі пәтер табысталды. Актриса мәдениет және өнер саласында 15 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Арай Асқар да үш бөлмелі пәтер иесі атанды. Оның саладағы еңбек өтілі – 14 жыл. Ал бүгін Алматыда Аида Балаева Президент атынан тағы 55 мәдениет қайраткеріне пәтер кілтін табыстады. Олардың қатарында Жамбыл атындағы Қазақ ұлттық филармониясының бас дирижері Қанат Омаров бар. Мәдениет саласында 16 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан өнер иесі екі бөлмелі пәтерге ие болды.

Ділшат Аманбаев – Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының драма әртісі. Саладағы еңбек өтілі 22 жылдан асады. Оған екі бөлмелі пәтер берілді.

Соңғы жаңалықтар