Жастар • 15 Ақпан, 2023

Жастарды марапаттады

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев былтыр Испанияның Аликанте қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сый­лық табыстады. Сонымен қатар бокс­шылардың жеке бапкерлері де назардан тыс қалған жоқ.

Жастарды марапаттады

Салтанатты іс-шараға Қазақстан бокс феде­рациясының президенті Кеңес Рақы­­шев, ҚБФ атқарушы директоры Марат­бек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс фе­дера­циясының басшысы Ержан Қосмам­бетов және ҚБФ президентінің кеңесшісі Бағлан Шалаев қатысты.

«Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біздің құрама үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орынға ие болды. Арада көп уақыт өтсе де, жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсіресе әйелдер боксындағы нәтижелер ерекше қуантады. Бокс – қазақтың ұлттық спортына айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп те атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат та таба аласың. Қазақстанның кәсіпқой боксшылары мұндай табысқа кенелмейді десем, қателеспеймін. Барлық боксшыларға, бапкерлер құрамына және біздің жеңістеріміздің жаршысы – БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын», деді Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде.

Федерация президенті әлем чемпиондары – Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) 3 миллион теңгенің сертификаттарын табыстады. Күміс жүлдегерлер – Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) 1,5 миллион, қола жүл­дегерлер – Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) 1 миллион теңгеге ие болды. Ж­е­ңім­­­­­­паз­дардың жеке бапкерлері Нұрбота Сейітбек пен Бағлан Омарбековке 500 мың теңгеден берілді. Мұндай марапаттар жастар құра­масының басқа да бапкерлерін ынталандыра түседі.

Жастар арасындағы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен бірге үшінші орынды бөліскен болатын. Үндістан екінші орынға ие болса, Өзбекстан әлем чемпионатының үздік құрамасы атанған-ды.