Салтанатты іс-шараға Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев, ҚБФ атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс федерациясының басшысы Ержан Қосмамбетов және ҚБФ президентінің кеңесшісі Бағлан Шалаев қатысты.
«Испанияда еліміздің жастар құрамасы жақсы нәтиже көрсетті. Медальдардың саны мен сапасы бойынша біздің құрама үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орынға ие болды. Арада көп уақыт өтсе де, жас боксшыларымызды ұмытқан жоқпыз. Біз жастарға сенім артамыз. Болашақта олар ұлттық құрама боксшыларының орнын басады. Әсіресе әйелдер боксындағы нәтижелер ерекше қуантады. Бокс – қазақтың ұлттық спортына айналды. Қазір әуесқой бокста жүріп те атыңды шығаруға болады. Жақсы қаражат та таба аласың. Қазақстанның кәсіпқой боксшылары мұндай табысқа кенелмейді десем, қателеспеймін. Барлық боксшыларға, бапкерлер құрамына және біздің жеңістеріміздің жаршысы – БАҚ өкілдеріне алғыс айтамын», деді Кеңес Рақышев өзінің құттықтау сөзінде.
Федерация президенті әлем чемпиондары – Элина Базарова (54 кг) мен Бақыт Сейдішке (66 кг) 3 миллион теңгенің сертификаттарын табыстады. Күміс жүлдегерлер – Нұрбек Мурсал (67 кг) мен Дәулет Төлемісов (75 кг) 1,5 миллион, қола жүлдегерлер – Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Әсем Таңатар (63 кг) және Әсел Тоқтасын (+81 кг) 1 миллион теңгеге ие болды. Жеңімпаздардың жеке бапкерлері Нұрбота Сейітбек пен Бағлан Омарбековке 500 мың теңгеден берілді. Мұндай марапаттар жастар құрамасының басқа да бапкерлерін ынталандыра түседі.
Жастар арасындағы әлем чемпионатының жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен бірге үшінші орынды бөліскен болатын. Үндістан екінші орынға ие болса, Өзбекстан әлем чемпионатының үздік құрамасы атанған-ды.