Спорт • 19 Ақпан, 2023

Сакурайдың тағылымды сабағы

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешенінде Ұлттық ғылы­ми практикалық дене тәрбиесі ор­та­лығының ұйымдастыруымен «Спорт ғылымы негізінде оқыту әдіс­­тері» атты халықаралық семинар ұйымдастырылды. Екі күнге жал­ғасқан сабақта Жапонияның Йокогама Тоин университеті Спорт ғы­лымдары жоғары мектебінің профессоры Томонобу Сакурай еліміздің әр облысы мен қаласынан келген жаттықтырушыларға, нұсқау­шы­ларға, әдіскерлер мен дене шы­нық­тыру педагогтеріне дәріс оқыды.

Сакурайдың тағылымды сабағы

«Спортқа ғылыми көзқарас, ғылыми талдаулар мен зерттеулерді жапониялық ғалымдардан үйренуді дұрыс деп есеп­теймін. Осы бағытта еліміздегі дене шынықтыру және спорт саласы мамандары үшін құнды білім көзі болады деген ниетпен Томонобу Сакурайды Астанаға шақыртып отырмыз», деді Ұлттық ғы­лыми практикалық дене тәрбиесі орта­лығының бас директоры Сағдат Садықов.

Жапония спортшыларының халық­аралық жарыстарда жоғары жетістікке жетуіне өз үлесін қосып жүрген Томонобу Сакурай – Йокогама Тоин университеті Спорт ғылымдары жоғары мектебінің профессоры, Дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми-зерттеулер жөніндегі Жапония қоғамының директоры, Жапонияның физиологиялық қоғамы және Жапония дене шынықтыру және спорт медицинасы қоғамы кеңесінің мүшесі, Дене шынықтыру және спортқа арналған оқыту ғылымы журналының бас редакторы.

Әйгілі ғалым семинарына қатыс­қан 100-ге жуық сала маманына балаларға қалай дене шынықтырумен дұрыс шұ­ғылдануды үйретуге және қызықтыруға болатынын ғылыми-зерттеулері арқылы жеткізді. Сондай-ақ ол балалардың дене физиологиясының дамуына қарай қандай жаттығуларға мән беру керегін мысалмен түсіндірді. Бұл қатарда әр спорт түріндегі Олимпиада және әлем чемпиондарына жүргізілген зерттеулер бар.

«Дене шынықтыру пәніне келгенде ғылыми база болса, тәрбие жұмы­сын жүргізу оңай. Жалпы, спортты да­мыту­дың да басты жолы осында жатыр. Қазір спорт пен ғылым жылдам дамып жатқанын білеміз. Менің қазіргі зерт­теулерім мен статистикам екі Олим­пиада арасын қамтиды. Бұл жоба менің 4-5 жыл бойғы еңбегім деуге болады. Десе де, дене шынықтыруға келгенде негізгі зерттеу өзгермейді», дейді жа­пониялық ғалым.

Тағылымы мол семинарға қатысып, дене шынықтыру саласындағы білімін толықтырған Орал қаласы білім беру бөлімінің дене шынықтыру пәндері әдіскері Тарас Қуанғалиев Жапония сияқ­ты спортты ғылыми тұрғыдан дамыт­қан елдердің тәжірибесіне қанықсам деген ойы орындалғанын айтады.

«30 жылға жуық жеке өзімнің іс-тәжі­ри­бемде қолданып алайда ғылыми тұр­ғыдан дәлелін білгім келіп жүр­ген біршама техникалар жапон­дық про­фессордың аузынан толық­тай рас­талғанда өзім шынымен қуан­дым. Себебі бұл техникалар кеңестік әдістемемен білім алған біздерге мүл­дем кереғар еді. Жалпы, жапондық әдісте­мелер кеңестік әдістемеден бірша­ма бө­лек, тіпті кейбір нәрселер қарама-қай­шы екендігіне көз жеткіздім», деді ол.

Екі күнге созылған республикалық семинар Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетовтің қолдауымен өткенін атап көрсеткен жөн.