«Спортқа ғылыми көзқарас, ғылыми талдаулар мен зерттеулерді жапониялық ғалымдардан үйренуді дұрыс деп есептеймін. Осы бағытта еліміздегі дене шынықтыру және спорт саласы мамандары үшін құнды білім көзі болады деген ниетпен Томонобу Сакурайды Астанаға шақыртып отырмыз», деді Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Сағдат Садықов.
Жапония спортшыларының халықаралық жарыстарда жоғары жетістікке жетуіне өз үлесін қосып жүрген Томонобу Сакурай – Йокогама Тоин университеті Спорт ғылымдары жоғары мектебінің профессоры, Дене шынықтыру және спорт саласындағы ғылыми-зерттеулер жөніндегі Жапония қоғамының директоры, Жапонияның физиологиялық қоғамы және Жапония дене шынықтыру және спорт медицинасы қоғамы кеңесінің мүшесі, Дене шынықтыру және спортқа арналған оқыту ғылымы журналының бас редакторы.
Әйгілі ғалым семинарына қатысқан 100-ге жуық сала маманына балаларға қалай дене шынықтырумен дұрыс шұғылдануды үйретуге және қызықтыруға болатынын ғылыми-зерттеулері арқылы жеткізді. Сондай-ақ ол балалардың дене физиологиясының дамуына қарай қандай жаттығуларға мән беру керегін мысалмен түсіндірді. Бұл қатарда әр спорт түріндегі Олимпиада және әлем чемпиондарына жүргізілген зерттеулер бар.
«Дене шынықтыру пәніне келгенде ғылыми база болса, тәрбие жұмысын жүргізу оңай. Жалпы, спортты дамытудың да басты жолы осында жатыр. Қазір спорт пен ғылым жылдам дамып жатқанын білеміз. Менің қазіргі зерттеулерім мен статистикам екі Олимпиада арасын қамтиды. Бұл жоба менің 4-5 жыл бойғы еңбегім деуге болады. Десе де, дене шынықтыруға келгенде негізгі зерттеу өзгермейді», дейді жапониялық ғалым.
Тағылымы мол семинарға қатысып, дене шынықтыру саласындағы білімін толықтырған Орал қаласы білім беру бөлімінің дене шынықтыру пәндері әдіскері Тарас Қуанғалиев Жапония сияқты спортты ғылыми тұрғыдан дамытқан елдердің тәжірибесіне қанықсам деген ойы орындалғанын айтады.
«30 жылға жуық жеке өзімнің іс-тәжірибемде қолданып алайда ғылыми тұрғыдан дәлелін білгім келіп жүрген біршама техникалар жапондық профессордың аузынан толықтай расталғанда өзім шынымен қуандым. Себебі бұл техникалар кеңестік әдістемемен білім алған біздерге мүлдем кереғар еді. Жалпы, жапондық әдістемелер кеңестік әдістемеден біршама бөлек, тіпті кейбір нәрселер қарама-қайшы екендігіне көз жеткіздім», деді ол.
Екі күнге созылған республикалық семинар Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетовтің қолдауымен өткенін атап көрсеткен жөн.