Үкімет • 23 Ақпан, 2023

Тыңайтқыш – мол өнім көзі

249 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.

Тыңайтқыш – мол өнім көзі

 Дизель отыны жеңілдетілген бағамен беріледі 

Аталған мәселе туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биылғы егіс алаңы жалпы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көр­сет­кіштен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Алдағы уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды. Бұл ретте, фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді

Энергетика министрі Болат Ақшо­лақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыс­­тарын жүргізу үшін нарықтық құны­нан 15-20%-ға төмен бағамен жалпы 413 мың тонна дизель отыны бөліне­тінін баян­дады. МӨЗ үшін отын өндіру­дің тиісті кестесі бекітілді, оны тасымал­даудың ашықтығын қамтамасыз ету жөнін­де шаралар қабылданды. Бұл мәселе Энер­гетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ Ақмола облы­сы әкімінің бірінші орынбасары Мал­ғаждар Тәткеев өңірлердің егіс науқа­ны­на дайындығы туралы хабардар етті.

Премьер-министр баяндамашыларды тыңдап, көктемгі егіс жұмыстарын қам­тамасыз ету үшін Үкімет қажетті шара­ларды қабылдағанын айтты. Атап айт­қанда, жеңілдікті дизель отыны бөлінді, форвардтық сатып алу мен субсидиялауды қаржыландыру жоспарланған. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген.

«Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротех­но­ло­гия­ларды қатаң сақтау және тыңайт­қыштарды уақтылы қолдану», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын ғана құрап отырғанын атап өтті. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді.

«Осы өндірістердің бәрін ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық», деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, топы­рақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Осы ретте, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.

Үкімет басшысы жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуға тиіс екенін атап айтты.

«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», деді Әлихан Смайылов.

Осыған орай Үкімет басшысы еліміз­дің аумақтары бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы мен жанар-жағармайды қажет етуші шаруалардың деректер базасын құру қажеттігін ескертті.

Премьер-министр отырысты қоры­тын­­дылай келе, фитосанитариялық іс-ша­р­алар жүргізуді қамтамасыз ету және тыңайтқыш себу жөніндегі жұмыс­тарды ұйымдастыру, оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ егіс алқаптарына әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жемшөптің қажетті көлемін егуді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Солтүстік пен шығысты газдандыру мәселесі

Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерін газдандыру барысы қаралды.

Энергетика министрі Болат Ақшо­лақов­тың айтуынша, 2022 жылдың қоры­тындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.

Министрдің айтуынша, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады. Еліміздің шығыс өңірлерін газдандыру үшін Энергетика министрлігі екі нұсқаны қарастыруда: «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу және Газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында Ресей Федерациясынан газ импорттау.

Одан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов газдандырудың бас схемасын іске асыру туралы айтып берді.

«Бас схеманы қаржыландыру бюд­жет қаражаты, газ және газбен жабдық­тау саласындағы ұлттық оператор – «QazaqGaz» компаниясының кірістері және Қазақстан Республикасының заңна­масында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырыла­ды. Жобаларды бюджеттен қаржы­лан­дырудың ұлғаюы газбен жабдықтау деңгейін 11%-ға немесе 2018 жылдан бастап қосымша 2,6 млн адамға газға қол жеткізуге мүмкіндік берді» деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Министрдің айтуынша, биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.

Әрі қарай министр газ тасымалдау жүйесі туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, Энергетика министр­лігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы міндеттерінің бірі – магистралдық газ құбырларының тұрақты жұмысын қам­­тамасыз ету. Газ тасымалдау жүйе­сі­нің өткізу қуаттарын арттыру мақ­сатында «QazaqGaz» бірқатар ірі инфра­құры­лым­дық жобаны іске асыруда. Атап айтсақ:

  • Бірінші – өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд м3 «Бейнеу – Жаңаөзен» магист­рал­дық газ құбырының 2-ші тізбегін салу;
  • Екінші – өткізу қабілеті жылына 13,1 млрд м3 «Мақат – Солтүстік Кавказ» магис­тралдық газ құбырының лупингін салу;
  • Үшінші – құны 96 млрд теңгеге Алматы қаласында 2,3-ші жылу электр орталықтарын газдандыру бойынша инфрақұрылымдық жобалар.

Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд теңгені құрайтын «Жаңаөзен – Ақтау» магистралдық газ құбырының 4-ші тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-ші тізбегін салу басталады.

Оған қоса ағымдағы жылыту кезе­ңінде елдің оңтүстік және орталық өңір­лерін газбен қамтамасыз ететін «Бей­неу – Бозой – Шымкент» басты газ құбыры жобалық қуаттан артық немесе 106%-ға жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Осыған байланысты елді газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет.

Одан кейін Б.Ақшолақов газ теңгерімі туралы толығырақ айтып берді.

Сонымен қатар министрдің мәліме­тін­ше, ішкі нарықта тауарлық газды тұтыну­дың өсуі аясында ресурстық базаны ұлғайту бойынша бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр. Оған қоса, азамат­тарды газ желілеріне қосу үшін кедер­гілерді жою жөнінде жұмыстар жүргі­зілуде: қажетті құжаттар саны азай­тыл­ды, газға қосылу процесін авто­мат­тандыру үшін электрондық алаң енгізілуде, тағы басқа шаралар қолға алынуда.

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар газ желілеріне қосылу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыт­тағы жұмыс жалғасатын болады.

«Сонымен қатар халықты газдандыру бойынша белсенді жұмыстармен қатар, энергия ресурсы ретінде газды «ұтымды, үнемдеп» тұтыну мәдениетін енгізу қажет екенін атап өткім келеді. Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады», деді Болат Ақшолақов.

Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыс­тар туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс арту үстінде екенін атап өтті. Демографиялық өсуді, өнеркәсіптік объектілердің іске қосылуын және жеке секторды газдандыруды ескерсек, Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Мәселен, егер 2020 жылы газды тұтыну көлемі шамамен 17 млрд текше метрді құраса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19 млрд, ал биыл 20 млрд текше метр болады деп күтілуде.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60%-ға жеткізу жөнінде міндет қойғанын еске салды. Жалпы «көгілдір отынға» 11,8 млн-нан астам тұрғыны бар 1 800-ден астам елді мекен қосылуға тиіс.

«Бұл тапсырманы Энергетика министр­лігі, «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауға тиіс», деді Премьер-министр.

Оған қоса Үкімет басшысы 2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистраль­дық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылғанын айтты. Алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр.

Үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғын­дарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде бе­­ріліп келгенін айтты. Түркістан облы­­сы­ның Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірне­ше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр.

«Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның лас­тану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші ЖЭО-да жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «QazaqGaz» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр еліміздің солтүс­тік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жет­ке­нін айтты. Сондықтан Энергетика ми­нистрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе.

«Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәрі­ңіз көріп отырсыздар. Ал газ желі­лері­не қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбыр­ларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және оларды жаңғырту қомақты қаражатты қажет етеді», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «QazaqGaz» тарапынан бақылау тұрақты болуы тиіс екенін, ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек екенін қоса айтты.