Дизель отыны жеңілдетілген бағамен беріледі
Аталған мәселе туралы баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, биылғы егіс алаңы жалпы 23,4 млн гектарды құрайды, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен салыстырғанда 68,6 мың гектарға көп. Алдағы уақытта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр.
Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды. Бұл ретте, фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді
Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2023 жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін нарықтық құнынан 15-20%-ға төмен бағамен жалпы 413 мың тонна дизель отыны бөлінетінін баяндады. МӨЗ үшін отын өндірудің тиісті кестесі бекітілді, оны тасымалдаудың ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданды. Бұл мәселе Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясының тұрақты бақылауында.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеев өңірлердің егіс науқанына дайындығы туралы хабардар етті.
Премьер-министр баяндамашыларды тыңдап, көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдағанын айтты. Атап айтқанда, жеңілдікті дизель отыны бөлінді, форвардтық сатып алу мен субсидиялауды қаржыландыру жоспарланған. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген.
«Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды уақтылы қолдану», деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын ғана құрап отырғанын атап өтті. Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді.
«Осы өндірістердің бәрін ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық», деді ол.
Премьер-министрдің айтуынша, топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Осы ретте, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.
Үкімет басшысы жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуға тиіс екенін атап айтты.
«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», деді Әлихан Смайылов.
Осыған орай Үкімет басшысы еліміздің аумақтары бойынша егістік жерлердің жалпы ауданы мен жанар-жағармайды қажет етуші шаруалардың деректер базасын құру қажеттігін ескертті.
Премьер-министр отырысты қорытындылай келе, фитосанитариялық іс-шаралар жүргізуді қамтамасыз ету және тыңайтқыш себу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ егіс алқаптарына әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жемшөптің қажетті көлемін егуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Солтүстік пен шығысты газдандыру мәселесі
Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерін газдандыру барысы қаралды.
Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі халықтың жалпы санының 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.
Министрдің айтуынша, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының қуатын ұлғайтқаннан кейін «Сарыарқа» магистралдық газ құбырының 2-3-ші кезеңдерін салу арқылы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды жүзеге асыру ұсынылады. Еліміздің шығыс өңірлерін газдандыру үшін Энергетика министрлігі екі нұсқаны қарастыруда: «Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен» бағыты бойынша газ құбырын салу және Газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасы аясында Ресей Федерациясынан газ импорттау.
Одан кейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов газдандырудың бас схемасын іске асыру туралы айтып берді.
«Бас схеманы қаржыландыру бюджет қаражаты, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор – «QazaqGaz» компаниясының кірістері және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады. Жобаларды бюджеттен қаржыландырудың ұлғаюы газбен жабдықтау деңгейін 11%-ға немесе 2018 жылдан бастап қосымша 2,6 млн адамға газға қол жеткізуге мүмкіндік берді» деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Министрдің айтуынша, биыл 76 жобаны іске асыруға 73,9 млрд теңге қарастырылған, бұл 160 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың соңында ел бойынша газбен жабдықтау 60% деңгейінде болады деп күтілуде.
Әрі қарай министр газ тасымалдау жүйесі туралы сөз қозғады.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясы міндеттерінің бірі – магистралдық газ құбырларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуаттарын арттыру мақсатында «QazaqGaz» бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруда. Атап айтсақ:
- Бірінші – өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд м3 «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу;
- Екінші – өткізу қабілеті жылына 13,1 млрд м3 «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырының лупингін салу;
- Үшінші – құны 96 млрд теңгеге Алматы қаласында 2,3-ші жылу электр орталықтарын газдандыру бойынша инфрақұрылымдық жобалар.
Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд теңгені құрайтын «Жаңаөзен – Ақтау» магистралдық газ құбырының 4-ші тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-ші тізбегін салу басталады.
Оған қоса ағымдағы жылыту кезеңінде елдің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» басты газ құбыры жобалық қуаттан артық немесе 106%-ға жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Осыған байланысты елді газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет.
Одан кейін Б.Ақшолақов газ теңгерімі туралы толығырақ айтып берді.
Сонымен қатар министрдің мәліметінше, ішкі нарықта тауарлық газды тұтынудың өсуі аясында ресурстық базаны ұлғайту бойынша бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр. Оған қоса, азаматтарды газ желілеріне қосу үшін кедергілерді жою жөнінде жұмыстар жүргізілуде: қажетті құжаттар саны азайтылды, газға қосылу процесін автоматтандыру үшін электрондық алаң енгізілуде, тағы басқа шаралар қолға алынуда.
Министрдің айтуынша, қабылданған шаралар газ желілеріне қосылу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.
«Сонымен қатар халықты газдандыру бойынша белсенді жұмыстармен қатар, энергия ресурсы ретінде газды «ұтымды, үнемдеп» тұтыну мәдениетін енгізу қажет екенін атап өткім келеді. Талдау көрсеткендей, елдің жылы аймақтары орташа температурасы әлдеқайда төмен аймақтармен бірдей деңгейде газ тұтынады», деді Болат Ақшолақов.
Өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр бүкіл әлемде жыл сайын экологиялық таза энергия ресурстарына, ең алдымен газға сұраныс арту үстінде екенін атап өтті. Демографиялық өсуді, өнеркәсіптік объектілердің іске қосылуын және жеке секторды газдандыруды ескерсек, Қазақстанда да бұл мәселе өте өзекті болып отыр. Мәселен, егер 2020 жылы газды тұтыну көлемі шамамен 17 млрд текше метрді құраса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19 млрд, ал биыл 20 млрд текше метр болады деп күтілуде.
Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60%-ға жеткізу жөнінде міндет қойғанын еске салды. Жалпы «көгілдір отынға» 11,8 млн-нан астам тұрғыны бар 1 800-ден астам елді мекен қосылуға тиіс.
«Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауға тиіс», деді Премьер-министр.
Оған қоса Үкімет басшысы 2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылғанын айтты. Алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр.
Үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келгенін айтты. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр.
«Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2-ші ЖЭО-да жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «QazaqGaz» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек», деді Әлихан Смайылов.
Премьер-министр еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жеткенін айтты. Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе.
«Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және оларды жаңғырту қомақты қаражатты қажет етеді», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «QazaqGaz» тарапынан бақылау тұрақты болуы тиіс екенін, ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек екенін қоса айтты.