Өнер • 23 Ақпан, 2023

Кано кенебіндегі жұмбақ жарық

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір картинаны салдың да, ұқсаттың. Ол жай ғана орындаушылық. Ал туындыға жан бітіру үшін суретші ішкі әлемінде алай-дүлей арпалысқа түседі. Өзіндегі көңіл күй ырғақтарын, жан сезімін сол картинаға сығып бере алса ғана шығармашылық шешім тауып, әр бояу өз орнына қонады. Алматыға «Ай сәулесі» деп аталған композициялық топтамасымен келген Испан суретшісі Хосе Мария Кано түнгі шырақтың жұмбақ жарығынан тылсым сыр іздейді.

Кано кенебіндегі жұмбақ жарық

Суреттерді түсірген Юрий Беккер

Тек бір ғана тақырыпқа 19 шығарма арнаған суретшінің қолтаңбасы бейнелеу өнерінің заманауи үлгідегі жаңғырығы дерсіз. Қабырғаға ілінген 19 ай бейнесі 19 түрлі әсер сыйлайды.

ва

«Менің суреттерім көрерменді құпия әлемге құштар етеді. Бояумен емес, жаныммен жазамын. Ойымның астарын түсінуді көрерменнің түйсігіне қалдырамын. Өмірдің жаңа бейнесін өнер арқылы ашуға тырысуымыз қажет», – деп тебіренеді Хосе Мария Кано.

Қылқалам иесін мұндай батыл қадамға әкелген табиғатқа деген ыс­тық ықылас, бәлкім, шексіз әлемді ро­мантикалық аспектіде қабылдай алуы. Аспан шырағының айналасында өрбіген ой толғамдарда суретшінің  жаны мен жүрегі қоршаған ортаның әрбір талшығына деген сүйіспеншілікпен тоғысқан. Түстік қатынастары бояудың жатықтығы мен үйлесіміне қарай ұмтылады.

Автор дүние жаралғалы адамзат аспанын кезген ай сәулесі адамдардың өмір ырғағына, көңіл күйіне тікелей әсер ететін қуатты құбылыс екеніне көңіл бөледі. Бірде нұрланып, бірде тұнжырай түскен ай сұлбасы жай ғана аспан денесі емес, Жаратушының ке­мел­дігін әйгілейтін ақылды шырақ деп қабылдайды. Ең қызығы роман­тикалық-аңызға айналған Ай тақыры­бына суретші кездейсоқ келмеген. Әрбір шығармашылық адамы белгі­лі бір тылсым күштен рухани қуат алатыны секілді, Ай – Каноның шығар­машылықтағы бойтұмары. Бір бойына бірнеше өнер тоғысқан Кано Еуропаға танымал «Мекано» поп-тобында ән шырқағанда «Ай баласы» атты балладасымен көрермен жүрегін жаулаған. Кейінірек бұл ән автордың ең танымал шығармасына айналған. Лондон сахнасында бас партиясын әйгілі Пласидо Доминго шырқайтын «Ай» операсы да испандық талант Каноның шығармасы.

«Ай сәулесі» топтамасындағы бар­лық картиналар «өртеу өнері» техникасында орындалған. Бейнелеу өнерінде бұл бағытты энкаустика деп атайды. Суретшінің палитрасына кіретін негізгі байланыстырушы компонент – бала­уыз. Мәрмәр немесе тақтаға жағылған бояулар­ды қайта ерітіп, күйдірілген балауыз бояуларымен кенепке кескіндеу әдісі ежелгі Мысырда белгілі болған. Өнер­­танушылардың пайымынша, Мы­сы­р қолөнершілерінің мұндай әдісті қолда­нуы тәжірибелік ойлардан туындаса керек.

Қабірлер мен мумияларды бояуда шеберлер уақыт ағысына төтеп беретін  берік материал ретінде балауызды пай­да­ланған. Жазбаша дереккөздерде энкаус­тика техникасы туралы барлық құпия­ айтыла бермейтініне қарамас­тан, кейінгі буын суретшілердің атал­­­­ған техникаға қызығушылығы төмендемеген.

– Кано Мадрид, Лондон, Милан, Шанхай, Бейжің, Ханой, Киев, Мәскеу, Прага, Варшавада қаншама көрме өткізді. Суретшінің энкаустикалық құпиясы бар, сондықтан ол балқытылған бояулармен тақталарға емес, кенепке жазады. Хьюго Рифкинд «Таймс» газетінің «Өнер беттеріндегі» мақаласында жазғандай: «Кано картиналарының беті мөлдір тереңдікке ие, сондықтан олар картиналарға қарағанда мүсіндерге көбірек ұқсайды».

Ал Марко Ливингстон Каноның каталогына арнаған эссесінде: «Оның шығармаларында ғаламның өзі сияқты жұмбақ және түсініксіз әлем жаса­ла­ды», деп толғанады. Суреттің дең­гейін көбіне-көп оның сапасы емес, тұтынушының талғамы шешеді. Деген­мен, Хосе Мария Кано әлемдік сурет нарығында картиналары ең қымбат сатылатын тұлға.

Халықтар бір-бірінің мәдениетін тану арқылы жақындаса түседі. Әлемді шарлаған, мойындалған қолтаңбаның қазақ көрерменімен қауышуы ел мәдениетіндегі жарқын оқиға, – дейді өнертанушы Мария Копелиович.

 

АЛМАТЫ