Суреттерді түсірген Юрий Беккер
Тек бір ғана тақырыпқа 19 шығарма арнаған суретшінің қолтаңбасы бейнелеу өнерінің заманауи үлгідегі жаңғырығы дерсіз. Қабырғаға ілінген 19 ай бейнесі 19 түрлі әсер сыйлайды.
«Менің суреттерім көрерменді құпия әлемге құштар етеді. Бояумен емес, жаныммен жазамын. Ойымның астарын түсінуді көрерменнің түйсігіне қалдырамын. Өмірдің жаңа бейнесін өнер арқылы ашуға тырысуымыз қажет», – деп тебіренеді Хосе Мария Кано.
Қылқалам иесін мұндай батыл қадамға әкелген табиғатқа деген ыстық ықылас, бәлкім, шексіз әлемді романтикалық аспектіде қабылдай алуы. Аспан шырағының айналасында өрбіген ой толғамдарда суретшінің жаны мен жүрегі қоршаған ортаның әрбір талшығына деген сүйіспеншілікпен тоғысқан. Түстік қатынастары бояудың жатықтығы мен үйлесіміне қарай ұмтылады.
Автор дүние жаралғалы адамзат аспанын кезген ай сәулесі адамдардың өмір ырғағына, көңіл күйіне тікелей әсер ететін қуатты құбылыс екеніне көңіл бөледі. Бірде нұрланып, бірде тұнжырай түскен ай сұлбасы жай ғана аспан денесі емес, Жаратушының кемелдігін әйгілейтін ақылды шырақ деп қабылдайды. Ең қызығы романтикалық-аңызға айналған Ай тақырыбына суретші кездейсоқ келмеген. Әрбір шығармашылық адамы белгілі бір тылсым күштен рухани қуат алатыны секілді, Ай – Каноның шығармашылықтағы бойтұмары. Бір бойына бірнеше өнер тоғысқан Кано Еуропаға танымал «Мекано» поп-тобында ән шырқағанда «Ай баласы» атты балладасымен көрермен жүрегін жаулаған. Кейінірек бұл ән автордың ең танымал шығармасына айналған. Лондон сахнасында бас партиясын әйгілі Пласидо Доминго шырқайтын «Ай» операсы да испандық талант Каноның шығармасы.
«Ай сәулесі» топтамасындағы барлық картиналар «өртеу өнері» техникасында орындалған. Бейнелеу өнерінде бұл бағытты энкаустика деп атайды. Суретшінің палитрасына кіретін негізгі байланыстырушы компонент – балауыз. Мәрмәр немесе тақтаға жағылған бояуларды қайта ерітіп, күйдірілген балауыз бояуларымен кенепке кескіндеу әдісі ежелгі Мысырда белгілі болған. Өнертанушылардың пайымынша, Мысыр қолөнершілерінің мұндай әдісті қолдануы тәжірибелік ойлардан туындаса керек.
Қабірлер мен мумияларды бояуда шеберлер уақыт ағысына төтеп беретін берік материал ретінде балауызды пайдаланған. Жазбаша дереккөздерде энкаустика техникасы туралы барлық құпия айтыла бермейтініне қарамастан, кейінгі буын суретшілердің аталған техникаға қызығушылығы төмендемеген.
– Кано Мадрид, Лондон, Милан, Шанхай, Бейжің, Ханой, Киев, Мәскеу, Прага, Варшавада қаншама көрме өткізді. Суретшінің энкаустикалық құпиясы бар, сондықтан ол балқытылған бояулармен тақталарға емес, кенепке жазады. Хьюго Рифкинд «Таймс» газетінің «Өнер беттеріндегі» мақаласында жазғандай: «Кано картиналарының беті мөлдір тереңдікке ие, сондықтан олар картиналарға қарағанда мүсіндерге көбірек ұқсайды».
Ал Марко Ливингстон Каноның каталогына арнаған эссесінде: «Оның шығармаларында ғаламның өзі сияқты жұмбақ және түсініксіз әлем жасалады», деп толғанады. Суреттің деңгейін көбіне-көп оның сапасы емес, тұтынушының талғамы шешеді. Дегенмен, Хосе Мария Кано әлемдік сурет нарығында картиналары ең қымбат сатылатын тұлға.
Халықтар бір-бірінің мәдениетін тану арқылы жақындаса түседі. Әлемді шарлаған, мойындалған қолтаңбаның қазақ көрерменімен қауышуы ел мәдениетіндегі жарқын оқиға, – дейді өнертанушы Мария Копелиович.
АЛМАТЫ