Құқық • 24 Ақпан, 2023

Кәсіпкер құқын қорғайтын «QR код»

275 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде шағын бизнесті тексеру жөніндегі мораторий 2024 жылға дейін ұзарғанына қарамастан, кәсіпкерлер қауымы мемлекеттік құрылымдар тарапынан заңсыз тексеру жүргізу фактілері азаймағанын алға тартады. Бұл туралы Алматы қаласы прокуратурасы мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау мәселелері жөніндегі кездесуінде айтылды.

Кәсіпкер құқын қорғайтын «QR код»

Өткен жылдың өзінде кә­сіп­керлер тарапынан биз­нес­­ті қорғау желісі бойынша 462 өтініш түскен. Бизнес өкіл­­дерінің талап-тілектерін сара­ла­ған кәсіпкерлер палатасы биз­неске тосқауыл болған мұн­дай келеңсіз істердің ішін­де салықтық және кедендік әкім­ші­лендіру жүйесіне қа­тыс­ты – 11, жер мәселелері бойынша – 24, мемлекеттік органдардың әрекетіне байланысты 36 шағым түскенін айтады.

«Былтыр қала прокуратурасымен бірлесіп, кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық қуда­л­­ау аясына негізсіз тартуды анықтау бойынша біраз жұ­мыс атқарылды. Әсіресе құқық қорғау органдарының қызметіне қылмыстық қудалау желісі бо­йынша тексеріс кезінде, кә­сіп­керлікке заңсыз араласу жағ­дайлары назарға ілінді. Нәти­же­сінде қала прокуратурасы 21 қылмыстық істі өз бетінше тоқ­татты, 51 істі ескертуден ке­йін тергеу органдарының өзі тоқ­татуына тура келді. Себебі бұл қылмыстық істер заңсыз тергелген әрі кәсіпкерлердің құқы өрескел бұзылған. Аталған жұ­мыстар тұрақты негізде жүр­­гізілетін болады», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер па­ла­­тасының бизнесті қорғау жө­нін­дегі сарапшысы Тимур Зейнешев.

Бұдан былай мұндай келең­сіз­діктердің жолын кесумен құ­ра­мына прокуратура өкілдері кіретін кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильді топ айналысады. Мобильді жұмыс тобы іскер азаматтардың құқын қорғауға арналған «QR код» жобасын таныстырды. Ендігі жерде заңсыз тексеруге тап бол­ған кәсіпкер QR-ды сканерлеу арқылы арнайы сайтта шағым қалдырып, жағ­дайға байланыс­ты фото, бейне­тү­сі­рілім түріндегі дә­лел­дерін жүк­тей алады. Цифр­лы техно­ло­гияның арқа­сында жолданған шағым тиіс­ті органға әп-сәтте түседі. Шағым иесімен про­куратура және кәсіпкерлер пала­та­сының өкілдері жарты сағат­тың ішінде кері байланыс орна­туға тиіс. Егер шағым расталса, мәселе мо­бильді топтың құзырына өте­ді.

Жобаны таныстырған Медеу ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Төлендинов, прокуратура кәсіпкерлік ны­сан­дардың бәріне QR-код орна­ластыруды жоспарлап отыр­ға­нын жеткізді. Осылайша, ша­һар­дағы дүкендер мен базарларда, дәріханалар мен сұлулық салондарында, тіпті фитнес ор­талықтары мен кәсіпкерлік кеңселерде QR-код орнатылмақ. Кәсіпкерлерден түскен барлық сигнал қала прокуратурасының дерекқорында сақталып, аудандар бойынша топтастырылады. Осылайша, бұл ақпарат прокуратура мен кәсіпкерлер палатасына дабылдарды тал­дау­ға және қаланың жүйелік проб­лемаларының тізілімін қа­лып­тас­тыруға сеп болмақ.

 

АЛМАТЫ