Күрес • 26 Ақпан, 2023

«Классиктердің» тоғыз жүлдесі

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Мысырдың Александрия қаласында күрестен Олимпиада чемпионы Ибраһим Мұстафаны еске түсіруге арналаған рейтингтік турнир жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуандары белдесіп, 10 салмақтың үздіктерін анықтады.

«Классиктердің» тоғыз жүлдесі

Александриядағы балуан­дар бәсекесіне Қазақстан құра­масының өкілдері биыл екінші мәрте қатысып жатса да, «клас­сиктеріміз» сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл сында жер­лестеріміз 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Жарыстың алғашқы күнінде бозкілемге шыққан 55 килоға дейінгі салмақта ұлттық құра­маның 3 балуаны тұғыр биігіне көтеріліп, жанкүйерлердің қо­ше­метіне бөленді. Аманғали Бек­болатов пен Марлан Мұқашев ара­сында өрбіген финалдық бә­се­кеде алғашқысының мерейі үстем болып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал тағы бір отандасымыз Исхар Құрбаев қола медаль үшін таласта 2019 жылғы әлем чемпионы грузиялық Нугзари Цурцумияны 7:3 есебімен жеңді. Күміс жүлдегер атанған Марлан алғашқы айналымда дәл осы Нугзариді ұтқан. Айта кетейік, Марлан – жуырда Алматыда өткен кү­рестен ел спартакиадасының жеңімпазы.

Көп ұзамай бозкілемге шыққан 60 килодағы отандасымыз Ернар Фидахметов те бас жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, биылғы спартакиаданың қола жүлдегері финалда түркия­лық Керем Камалдың осал тұсын таба алмай, күміс медальді қана­ғат тұтты. Ал 63 килодағы спар­та­киаданың жеңімпазы Мұ­хам­медәлі Мамырбек Мысырда өз мықтылығын дәлелдей алмады. Ол қола жүлде үшін күресте Дастан Зарлыхановтан жеңіліп қалды. Ал спартакиадада жүлдеге іліге ал­маған Дастан халықаралық жа­рыстың қола медалін мойнында жарқыратты.

67 килода белдескен Мерей Бекенов өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан құра­масының қоржынына екінші алтын жүлдені салды. Шешуші айқаста ол грузиялық Джони Хецурианиді ұтты. Мерей спартакиаданың финалында Қазақстанның даңқты балуаны Алмат Кебіспаевқа есе жіберген еді. Аса ауыр салмақтағы ел чемпионы Әлімхан Сыздықов қырғызстандық Роман Кимді жеңіп, қола жүлдені қанжығасына байлады.

Екінші жарыс күнінде балуандар тағы 3 салмақтағы кім мық­тыны анықтады. Бұл күнгі белдесулерде де Қазақстан балуан­дары өрелі өнерімен көзге түсіп, екі салмақ дәрежесінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әуелі 72 килода белдескен Данияр Қаленов қола медаль үшін кездесуде мысырлық Махмұд Халед Әбделсатар Әб­делрахманды 4:1 есебімен ұтып, үшінші орынға табан тіресе, 77 килодағы тәжірибелі отандасымыз Демеу Жадыраев финалға дейін іркілмей жеткенімен, шешуші кездесуде осалдық танытып, бол­гариялық Айк Мнацаканянға есе жіберді.

Сөйтіп, Серік Жұмашев баптайтын Қазақстан құрамасының грек-рим күресі өкілдері 2 алтын, 3 күміс пен 4 қола медаль олжалап, жал­пыкомандалық есепте 161 ұпай­мен 2-орынға тұрақтады. Көш ба­сындағы Грузия құрамасының еншісінде 166 ұпай бар.

Былтыр қарашада Александрия қаласында өткен дәл осы турнирге грек-рим күресінен ұлттық құрама өкілдері алғаш рет қатысып, жалпы есепте 1-орынға ие болған еді. Ол кезде Дастан Зарлыханов (63 кг), Сұлтан Әсетұлы (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Мирас Баршы­лықов (82 кг), Антон Савенко (130 кг) өз салмағында чемпио­н атанса, Марлан Мұқашев (55 кг), Ернұр Фидахметов (60 кг), Ер­асыл Нұрбосынов (72 кг), Ман­сұр Шадукаев күміс жүлдеге ие бол­ған. Былтыр бұл рейтингтік жа­рыс тізіміне енбеген еді.

Әйелдер мен еркін күрес шебер­лерінің нәтижесін газетіміздің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.