Александриядағы балуандар бәсекесіне Қазақстан құрамасының өкілдері биыл екінші мәрте қатысып жатса да, «классиктеріміз» сәтті өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Бұл сында жерлестеріміз 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.
Жарыстың алғашқы күнінде бозкілемге шыққан 55 килоға дейінгі салмақта ұлттық құраманың 3 балуаны тұғыр биігіне көтеріліп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Аманғали Бекболатов пен Марлан Мұқашев арасында өрбіген финалдық бәсекеде алғашқысының мерейі үстем болып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал тағы бір отандасымыз Исхар Құрбаев қола медаль үшін таласта 2019 жылғы әлем чемпионы грузиялық Нугзари Цурцумияны 7:3 есебімен жеңді. Күміс жүлдегер атанған Марлан алғашқы айналымда дәл осы Нугзариді ұтқан. Айта кетейік, Марлан – жуырда Алматыда өткен күрестен ел спартакиадасының жеңімпазы.
Көп ұзамай бозкілемге шыққан 60 килодағы отандасымыз Ернар Фидахметов те бас жүлде үшін белдесуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, биылғы спартакиаданың қола жүлдегері финалда түркиялық Керем Камалдың осал тұсын таба алмай, күміс медальді қанағат тұтты. Ал 63 килодағы спартакиаданың жеңімпазы Мұхаммедәлі Мамырбек Мысырда өз мықтылығын дәлелдей алмады. Ол қола жүлде үшін күресте Дастан Зарлыхановтан жеңіліп қалды. Ал спартакиадада жүлдеге іліге алмаған Дастан халықаралық жарыстың қола медалін мойнында жарқыратты.
67 килода белдескен Мерей Бекенов өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын жүлдені салды. Шешуші айқаста ол грузиялық Джони Хецурианиді ұтты. Мерей спартакиаданың финалында Қазақстанның даңқты балуаны Алмат Кебіспаевқа есе жіберген еді. Аса ауыр салмақтағы ел чемпионы Әлімхан Сыздықов қырғызстандық Роман Кимді жеңіп, қола жүлдені қанжығасына байлады.
Екінші жарыс күнінде балуандар тағы 3 салмақтағы кім мықтыны анықтады. Бұл күнгі белдесулерде де Қазақстан балуандары өрелі өнерімен көзге түсіп, екі салмақ дәрежесінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әуелі 72 килода белдескен Данияр Қаленов қола медаль үшін кездесуде мысырлық Махмұд Халед Әбделсатар Әбделрахманды 4:1 есебімен ұтып, үшінші орынға табан тіресе, 77 килодағы тәжірибелі отандасымыз Демеу Жадыраев финалға дейін іркілмей жеткенімен, шешуші кездесуде осалдық танытып, болгариялық Айк Мнацаканянға есе жіберді.
Сөйтіп, Серік Жұмашев баптайтын Қазақстан құрамасының грек-рим күресі өкілдері 2 алтын, 3 күміс пен 4 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 161 ұпаймен 2-орынға тұрақтады. Көш басындағы Грузия құрамасының еншісінде 166 ұпай бар.
Былтыр қарашада Александрия қаласында өткен дәл осы турнирге грек-рим күресінен ұлттық құрама өкілдері алғаш рет қатысып, жалпы есепте 1-орынға ие болған еді. Ол кезде Дастан Зарлыханов (63 кг), Сұлтан Әсетұлы (67 кг), Демеу Жадыраев (77 кг), Мирас Баршылықов (82 кг), Антон Савенко (130 кг) өз салмағында чемпион атанса, Марлан Мұқашев (55 кг), Ернұр Фидахметов (60 кг), Ерасыл Нұрбосынов (72 кг), Мансұр Шадукаев күміс жүлдеге ие болған. Былтыр бұл рейтингтік жарыс тізіміне енбеген еді.
Әйелдер мен еркін күрес шеберлерінің нәтижесін газетіміздің ертеңгі нөмірінен оқи аласыздар.