Әскер • 01 Наурыз, 2023

Бандардың бағдары

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құшағы кең Қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Елімізде бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлт мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы өзгелерге үлгі. Соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгенін көріп жүрміз. Әскери құрылымда әрбір шақырылым арасынан қазақ тілін жақсы меңгерген өзге ұлт өкілдері жыл сайын кездеседі, соның бірі – 5571 әскери бөлімінің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы Бандар Исаев.

Бандардың бағдары

Бандар 2003 жылы 1 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан қазақ көршілерінің балаларымен ойнап өсті. Өзара аралас-құралас жүргендіктен тілі де қазақшаға жатық бола бастады. Мектеп жасына келгенде ұлының қазақ тіліне деген қабілетін аңғарған ата-анасы ойланбастан қазақ мектебіне берген. 2017 жылы отбасымен бірге Астана қаласына қоныс аударған. Ол жерде де қазақ мектебіне барып, білім ошағын сол жерде тамамдаған. 2022 жылдың мамыр айында Бандар әскери борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. Бір айлық дайын­дықты толық көлемде аяқ­тап, әскери ант қабылдаған сарбаз жауынгерлік бөлініске бөлінеді. Қазіргі кезде әскери қызметті жете меңгерген сарбаз, бөлім­дегі үлгілі әскери қызметші, сенім­ді дос, міндетіне адал жауынгер.

Әскерге дейін бала күнінде Кавказ халқының биіне деген құштарлығы оянып, 6 жасынан бастап лезгинка биімен айналысқан. Бидің қыр-сырын жетік меңгерген Бандар 17 жасында Астана қала­сында өзінің жеке би залын ашып, осы би түрінен дәріс берген. Сондай-ақ 18 жасында «Tiktok» әлеуметтік желісінде өзінің лезгинка биімен танымал болған.

– Өзім көпұлтты отбасынан шыққанмын. Отбасымыз ук­раин, әзербайжан, түрік ұлты­ның өкілдерінен құралған. Шаңы­рағымызда барлығымыз тек қа­зақ­­ша сөйлесеміз. Көрші­лері­міз­­­дің бәрі қазақ отбасылары бол­ды. Өз елін құрметтейтін, қа­­дір­­лейтін адам тілді де тез мең­­­ге­реді. Оңтүстіктің, оның ішін­­де қазақилықтың иісі аңқып тұрған Шымкенттің топырағы мен ауасы және осы елдің тумасы болғандықтан да тілді меңгеріп алуыма әсер еткен болар. Қазіргі кезде қазақ тілін меңгергеніме қатты қуанамын. Менің тілім де, жаным да – қазақ. Мен өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына, отбасымда мені шексіз жақсы көріп бар мейірімімен тәрбиелеген ата-анама, мені қолдап әркез қасымда жүрген достарыма, қаруластарыма және құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланға үлкен алғысымды айтамын. Көктемнің алғашқы шуа­ғымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын. Жа­қын­дарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік, – дейді қатардағы жауын­­гер Бандар Исаев.

 

АЛМАТЫ