Бандар 2003 жылы 1 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол жастайынан қазақ көршілерінің балаларымен ойнап өсті. Өзара аралас-құралас жүргендіктен тілі де қазақшаға жатық бола бастады. Мектеп жасына келгенде ұлының қазақ тіліне деген қабілетін аңғарған ата-анасы ойланбастан қазақ мектебіне берген. 2017 жылы отбасымен бірге Астана қаласына қоныс аударған. Ол жерде де қазақ мектебіне барып, білім ошағын сол жерде тамамдаған. 2022 жылдың мамыр айында Бандар әскери борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан қатарына шақырылады. Бір айлық дайындықты толық көлемде аяқтап, әскери ант қабылдаған сарбаз жауынгерлік бөлініске бөлінеді. Қазіргі кезде әскери қызметті жете меңгерген сарбаз, бөлімдегі үлгілі әскери қызметші, сенімді дос, міндетіне адал жауынгер.
Әскерге дейін бала күнінде Кавказ халқының биіне деген құштарлығы оянып, 6 жасынан бастап лезгинка биімен айналысқан. Бидің қыр-сырын жетік меңгерген Бандар 17 жасында Астана қаласында өзінің жеке би залын ашып, осы би түрінен дәріс берген. Сондай-ақ 18 жасында «Tiktok» әлеуметтік желісінде өзінің лезгинка биімен танымал болған.
– Өзім көпұлтты отбасынан шыққанмын. Отбасымыз украин, әзербайжан, түрік ұлтының өкілдерінен құралған. Шаңырағымызда барлығымыз тек қазақша сөйлесеміз. Көршілеріміздің бәрі қазақ отбасылары болды. Өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Оңтүстіктің, оның ішінде қазақилықтың иісі аңқып тұрған Шымкенттің топырағы мен ауасы және осы елдің тумасы болғандықтан да тілді меңгеріп алуыма әсер еткен болар. Қазіргі кезде қазақ тілін меңгергеніме қатты қуанамын. Менің тілім де, жаным да – қазақ. Мен өз елімде еркін өмір сүріп жатқаным үшін Қазақстан халқына, отбасымда мені шексіз жақсы көріп бар мейірімімен тәрбиелеген ата-анама, мені қолдап әркез қасымда жүрген достарыма, қаруластарыма және құқықтық тәртіп әскері – Ұлттық ұланға үлкен алғысымды айтамын. Көктемнің алғашқы шуағымен бірге келген Алғыс айту күні мерекесі құтты болсын. Жақындарымызға жақсылық жасап, бір-бірімізге алғыс айтып жүрейік, – дейді қатардағы жауынгер Бандар Исаев.
АЛМАТЫ