Халық • 02 Наурыз, 2023

Қоғам үні ескерілді

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жауаптылар тарапынан жіберілген кемшіліктердің кесірінен жұрт жапа шекпеуі керек. Кейде бір заңсыз шешім бірнеше келеңсіз жайдың туындауына әкеліп жатады. Тіршілігі қыз-қыз қайнаған Алматыда тұрғындарды дабыл қақтырған даулы мәселе аз емес.

Қоғам үні ескерілді

Былтыр наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Алматы әкім­де­ріне қала тұрғындарының өті­ніш­теріне құлақ асуды және тұр­ғын үй кешендерінің жанынан негізсіз салынып жатқан көп­қа­батты үйлердің құрылысын тоқ­татуды тапсырған болатын. «Әділетті Қазақстан» тұжы­рым­да­масын негізге алған тұрғындар қор­да­лан­ған проблемаларды қоғам талқысына салуға үн қосып жүр. Әсіресе соңғы уақыттары бұл тұрғыда белсенділік байқалған. Оң шешімін тауып, түйіні тар­қа­ған жайлар жетерлік. Соның басым бөлігі – құрылыс саласына қатысты мәселелер.

Мегаполистің Бос­тан­­дық ауданында бой көтер­ген төрт қабатты ғимараттың құ­ры­лы­сы заңды өрескел бұза отырып салынғандығы тұрғындар наразылығын тудырған еді. Мә­се­­леге қала құрылысын бақы­лау басқармасы араласып, Қо­жа­нов көшесінің шығы­сын­да орналасқан нысанның талапқа сай еместігін әрі бекітілген бас жоспардан ауытқығанын анық­та­ған. Екі жылға созылған сот үдерісі ғимаратты бұзу тура­лы шешім шығарғанымен, сот ше­ші­мін орындау кезінде мен­шік иесі жер телімін өзге тұл­ға­ға сатып үлгерген. Қала құ­ры­лысы басқармасының жер те­лі­мін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызынан соң мәміле жо­йы­лып, бұзу туралы шешім күшінде қалды. Десе де нысанды бұзу мерзімі әлі белгіленбеген.

Өткен жылдың соңында «По­ли­техни­ческий» көшесінің бір бө­лігі жеке ком­панияға тиесілі деген желеумен жабылған еді. Аталған жай көше тұрғындарын ашындырып, жағдай қоғамдық резо­нанс тудырды. Әкімдік жүргізген тиіс­ті шаралардан кейін құ­рылыс салушы жобаны өзгертті. Жабулы қазан жабу­лы күйде қалса, жол ортасынан көп­қа­бат­ты екі бірдей тұр­ғын үй салынып кетуі ықтимал еді. Жұртшылықпен жүз­дес­кен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көшенің қайта ашылғанын, жол жабыны компания есебінен қайта қалпына келтірілетінін жет­кізді. Осылайша, жер учас­кесі қала­ның коммуналдық меншігіне қай­та­рыл­ды.

Алматының Бостандық ауданында салынып жатқан тағы бір үйдің сапасына қатысты тұр­ғындар шағымы мамандар назарына ілікті. Меншік иесі қалалық жоспарлау және урбанис­ти­ка басқармасының келісімінсіз тау етегіне тұр­ғын үй кешенін салуды бастағанымен қоймай, құ­рылыс талаптарын өрескел бұзған. Тексеру ба­ры­сында тіреуіш қабырғаларының жоқтығына байланыс­ты құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тау бөктеріндегі баспаналардың қауіпсіздігін елемеген тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, меншік иесі айтылған сөгістен қорытынды шығарып, қауіпсіздік бойынша барлық олқылықтарды жоятынын жеткізді. Мұндай жайлардан сабақ ала бастаған кәсіпкерлер мен жа­уап­ты мекемелер заң талаптарына барынша зейін­мен қарауына тура келеді. Әсіресе құрылыс сапа­сына қа­тыс­ты мәселелер сергектікті қажет ете­ді.

Айтпақшы, апта бұрын Алматы қа­ла­сы экология және қоршаған орта бас­қармасының мамандары «Нұрлытау» шағын ауданында 63 жеміс ағашының заңсыз кесілгенін анықтады. Айыптылар айыппұл арқалап, кесілген ағаштардың орнына ең кемі 2,5 м болатын 3150 ағаш егуге міндеттелді. Қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара қабылдау үшін Алматы қаласының полиция де­пар­таментіне және Алматы қаласының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына хат жолданған.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «Барлық шешім жан-жақты екшеліп, ашық әрі әділ, ең бас­тысы қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдануға тиіс. Оң өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз», деген еді. Ал әділетті қоғам орнатуға аза­маттық қоғамның белсене араласуы Президент айтқан игі нәтижелердің жүйелі жүзеге асуын жақындата түспек.

 

АЛМАТЫ