Былтыр наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана мен Алматы әкімдеріне қала тұрғындарының өтініштеріне құлақ асуды және тұрғын үй кешендерінің жанынан негізсіз салынып жатқан көпқабатты үйлердің құрылысын тоқтатуды тапсырған болатын. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын негізге алған тұрғындар қордаланған проблемаларды қоғам талқысына салуға үн қосып жүр. Әсіресе соңғы уақыттары бұл тұрғыда белсенділік байқалған. Оң шешімін тауып, түйіні тарқаған жайлар жетерлік. Соның басым бөлігі – құрылыс саласына қатысты мәселелер.
Мегаполистің Бостандық ауданында бой көтерген төрт қабатты ғимараттың құрылысы заңды өрескел бұза отырып салынғандығы тұрғындар наразылығын тудырған еді. Мәселеге қала құрылысын бақылау басқармасы араласып, Қожанов көшесінің шығысында орналасқан нысанның талапқа сай еместігін әрі бекітілген бас жоспардан ауытқығанын анықтаған. Екі жылға созылған сот үдерісі ғимаратты бұзу туралы шешім шығарғанымен, сот шешімін орындау кезінде меншік иесі жер телімін өзге тұлғаға сатып үлгерген. Қала құрылысы басқармасының жер телімін сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арызынан соң мәміле жойылып, бұзу туралы шешім күшінде қалды. Десе де нысанды бұзу мерзімі әлі белгіленбеген.
Өткен жылдың соңында «Политехнический» көшесінің бір бөлігі жеке компанияға тиесілі деген желеумен жабылған еді. Аталған жай көше тұрғындарын ашындырып, жағдай қоғамдық резонанс тудырды. Әкімдік жүргізген тиісті шаралардан кейін құрылыс салушы жобаны өзгертті. Жабулы қазан жабулы күйде қалса, жол ортасынан көпқабатты екі бірдей тұрғын үй салынып кетуі ықтимал еді. Жұртшылықпен жүздескен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев көшенің қайта ашылғанын, жол жабыны компания есебінен қайта қалпына келтірілетінін жеткізді. Осылайша, жер учаскесі қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды.
Алматының Бостандық ауданында салынып жатқан тағы бір үйдің сапасына қатысты тұрғындар шағымы мамандар назарына ілікті. Меншік иесі қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының келісімінсіз тау етегіне тұрғын үй кешенін салуды бастағанымен қоймай, құрылыс талаптарын өрескел бұзған. Тексеру барысында тіреуіш қабырғаларының жоқтығына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылып, тау бөктеріндегі баспаналардың қауіпсіздігін елемеген тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде, меншік иесі айтылған сөгістен қорытынды шығарып, қауіпсіздік бойынша барлық олқылықтарды жоятынын жеткізді. Мұндай жайлардан сабақ ала бастаған кәсіпкерлер мен жауапты мекемелер заң талаптарына барынша зейінмен қарауына тура келеді. Әсіресе құрылыс сапасына қатысты мәселелер сергектікті қажет етеді.
Айтпақшы, апта бұрын Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының мамандары «Нұрлытау» шағын ауданында 63 жеміс ағашының заңсыз кесілгенін анықтады. Айыптылар айыппұл арқалап, кесілген ағаштардың орнына ең кемі 2,5 м болатын 3150 ағаш егуге міндеттелді. Қолданыстағы заңнама аясында тиісті шара қабылдау үшін Алматы қаласының полиция департаментіне және Алматы қаласының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасына хат жолданған.
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Барлық шешім жан-жақты екшеліп, ашық әрі әділ, ең бастысы қоғам мүддесі мен талабын ескере отырып қабылдануға тиіс. Оң өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз», деген еді. Ал әділетті қоғам орнатуға азаматтық қоғамның белсене араласуы Президент айтқан игі нәтижелердің жүйелі жүзеге асуын жақындата түспек.
АЛМАТЫ