Музей • 07 Наурыз, 2023

Алматыдағы алма музейі

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы – дәмі татқан жанның таңдайында қалатын тәтті алмалардың отаны. Алатау баурайындағы алып шаһардың тарихында осы бір жеміске қатысты аңыздар аз айтылмайды. Мегаполисте көне тарихтың бір парасын көз алдыңызға әкелетін алма музейі барын білесіз бе?

Алматыдағы алма музейі

Қала атымен аттас «Алматы» қонақүйін­де орын тепкен аядай музейден алма мен Алматының тарихынан сыр шертетін таң­ғажайып деректерді кездестіруге болады. Алмаға қатысы бар аңыздар мен ертегілер, алманың әлемге қалай тарағаны туралы әңгімелер, бақшашылық және алманың тасасындағы тылсым мәндерге бойлататын тың ақпараттардың барлығы осында топтастырылған. Жобаға мұрындық болған «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының өкіл­дері шағын музей жыл сайын жаңа жабдықтармен толығып, мұнда өнер көрме­лері ұдайы өтіп тұратынын айтты.

– Музейді ұйымдастырудағы мақсат – қала қонақтары мен шетелдіктерге еліміз­ді алманың отаны екенін және бұл жеміс­тің Алматы мен әлем үшін маңыздылы­ғын паш ету. Біз көп материал жинақта­дық. Олардың арасында отандық және шетел­дік авторлардың алма туралы кітаптары, Қазақстан – алманың отаны екенін дәлел­дейтін француз және немістер түсірген деректі фильмдер бар. Біз алмалы өлкеміз. Өкінішке қарай қолда барды бағаламаймыз. Екі рет алма бағын жоғалттық. Әу баста қала баурайындағы алма ормандарынан айырылдық. Тоқсаныншы жылдары қаланы ұлғайту салдарынан қаншама алма ағашы жойылды. Еліміздегі алма кәсібін жандандыру үшін бұл тақырыпты кеңінен қозғаймыз. Алма – біздің айрықша құндылығымыз, – дейді «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының басшысы Ажар Жандосова.

Қаланың көне мәдениетінен хабар бере­тін алмаға қатысты деректерді жіті зерттеп, ұрпаққа үлгі етудің маңызы зор. Алманың арғы отанына баланатын алып мегаполистегі шағын музей қала қонақ­тарын шаһар тари­хының тылсымына бойлататын бірден-бір мәдени орын.

 

АЛМАТЫ