Қала атымен аттас «Алматы» қонақүйінде орын тепкен аядай музейден алма мен Алматының тарихынан сыр шертетін таңғажайып деректерді кездестіруге болады. Алмаға қатысы бар аңыздар мен ертегілер, алманың әлемге қалай тарағаны туралы әңгімелер, бақшашылық және алманың тасасындағы тылсым мәндерге бойлататын тың ақпараттардың барлығы осында топтастырылған. Жобаға мұрындық болған «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының өкілдері шағын музей жыл сайын жаңа жабдықтармен толығып, мұнда өнер көрмелері ұдайы өтіп тұратынын айтты.
– Музейді ұйымдастырудағы мақсат – қала қонақтары мен шетелдіктерге елімізді алманың отаны екенін және бұл жемістің Алматы мен әлем үшін маңыздылығын паш ету. Біз көп материал жинақтадық. Олардың арасында отандық және шетелдік авторлардың алма туралы кітаптары, Қазақстан – алманың отаны екенін дәлелдейтін француз және немістер түсірген деректі фильмдер бар. Біз алмалы өлкеміз. Өкінішке қарай қолда барды бағаламаймыз. Екі рет алма бағын жоғалттық. Әу баста қала баурайындағы алма ормандарынан айырылдық. Тоқсаныншы жылдары қаланы ұлғайту салдарынан қаншама алма ағашы жойылды. Еліміздегі алма кәсібін жандандыру үшін бұл тақырыпты кеңінен қозғаймыз. Алма – біздің айрықша құндылығымыз, – дейді «Алмалы жұмақ» қоғамдық қорының басшысы Ажар Жандосова.
Қаланың көне мәдениетінен хабар беретін алмаға қатысты деректерді жіті зерттеп, ұрпаққа үлгі етудің маңызы зор. Алманың арғы отанына баланатын алып мегаполистегі шағын музей қала қонақтарын шаһар тарихының тылсымына бойлататын бірден-бір мәдени орын.
АЛМАТЫ