Пікір • 30 Наурыз, 2023

Ғылым академиясының жаңа тынысы

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 27 наурызда Ғылым академиясын ел Президенті жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат – тарихи да дәстүрлі Академияның мәртебесін арттыру. Жаңа мәртебеге ие болған академия қызметі енді қалай өзгереді? Бұдан қандай нәтиже күтеміз? Ел ғалымдарының пікірін сұрап білген едік.

Ғылым академиясының жаңа тынысы

Жаңаша серпін береді

Президенттің Жарлығын аса қуа­нышпен қабылдадық. Оның бірнеше себебі бар. 2003 жылдан бастап Ұлттық ғылым академиясының қаржылық-материал­д­ық жағдайы күрт төмендеп кетті. Қаржы тұрақты түрде бөлінген жоқ. Қолдау аз болды. Соның салдары­нан Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттары бұрынғы Білім және ғылым минис­трлігінің Ғылым комитетіне қара­ды. Қысқасы, Ұлт­тық ғылым акаде­миясының атауы сол қалпында қалға­нымен, қоғамдық бірлестікке айналды.

Былтыр ел Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде акаде­мияға мемлекеттік мәрте­бе беру туралы айтты. Бұған дейін акаде­мияның мәртебесі айқындалмай келген еді. Енді, міне, сол айтқан уәде орындалды. Президент Жарлығы отан­дық ғылымға жаңаша серпін береді. Біріншіден, осыған дейін қордаланып қалған проблемалар шешіледі. Екінші­ден, академияның қаржылық жағдайы жақсарады. Әйтпесе, қазір академия­да он беске жуық қызметкер ғана бар, олар бүгінге дейін ұтып алған ғылыми жоба­ларымен ғана тіршілік етіп келді. Прези­дент  академияны өзінің қарауына алғаннан кейін осының бәрі шешіледі деп ойлаймын.

Еліміздің дамуында Ұлттық ғы­лым академиясының орны өте зор. Акаде­мия­да мықты, талантты ғалымдар шоғы­ры қалыптасқан. Президент бастаған рефор­маның орнықты іске асуына ғалымдардың тигізіп жатқан ықпалы мол. Кейінгі жылдары ғылым мен білім саласында көптеген оң өзгеріс бастау алды. Мысалы, бұрын ғылыми конкурс­тар үш жылда бір рет болса, қазір бір жылда екі-үш рет өтеді. Ғылымға келген жастарға да қолдау қомақты. 2025 жылға дейін мемлекетіміздің ғылымға бөлінген қаржысы ішкі жалпы өнімнің бір пайызын құрайды. Мәселен, 2017 жылы ол 0,12 пайызға ғана тең еді.

Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет бас­шы­сы­ның Жарлығы бәріміздің көңілі­мізден шықты. Енді академия негіз­гі қызметтерінің қата­рында әлеу­мет­тік-экономикалық даму басым­дық­та­рына сәйкес ғылыми, ғылы­ми-техни­калық және инновациялық қыз­мет­­тің басым бағыттарын, сон­дай-ақ страте­гиялық, іргелі және қол­дан­балы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқын­дау жөнінде ұсыным­дарды әзірлейді.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының директоры,

ҰҒА корреспондент-мүшесі